Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиев 1967 жылы 3 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Ол – халық әндері мен дәстүрлі әндерді кеңінен насихаттап жүрген әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі (1998), «Құрмет» орденінің иегері.

Бала шақтан…

Әкесі Өмірәлі ауыл ақсақалына: «Ата, бүгін Рамазан айының бірінші күні, Құдай алдынан жарылқасын, атын Рамазан деп қойғым келеді» деп айтқан екен. Рамазан Стамғазиев алтыншы сыныпқа жеткенде колхоз клубының сахнасында ән шырқай бастады. Оның дарындылығын байқаған ауданның партия секретары Бексырға Данышпанов Рамазанды көз қиығына алды. Әрі қарай Рамазан Стамғазиев аудан клубының сахнасында көрінетін болды. Салтанатты мейрамдар мен концерттерде көзге түсті, тіпті онсыз мейрам сәні келмейтіндікке айналды. Рамазан Стамғазиев мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ленинград әскери округына шақырылды. Петрозаводск қаласында әскери міндетін атқарды.

Еңбек жолы

1989-2005 жылдар аралығында  Қазақконцертте өнер бірлестігінде және халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың «Жазира» ансамблінде (16 жыл) қызмет атқарды.

2006–2009 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық кансерваториясында, 2012 жылға дейін  Республикалық эстрада — цирк колледжінде оқытушы. Дегенмен сол колледжде «дәстүрлі әншілердің» ұстазы болып жүріп, 2015 жылы өзінің түлектерін бітіртті.

2012 жылдан Темірбек Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі лауазымын атқарады. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде сабақ береді.

 

Жетістіктері

1992 жылы Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының жеңімпазы, ал 1994 жылы Семейде өткен Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауында жүлдегер атанды.

1997 жылы Самарқанд қаласында өткен «Шығыс әуендері» атты Халықаралық ән байқауының жеңімпазы. 1998 жылы 22 қазанда елбасының жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңіргіен артисі атағы берілді (31 жасында).

2001 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен,  елбасының жарлығымен «Құрмет» орденімен, Әлихан Бөкеханов атындағы алтын медалімен марапатталды.

2013 жылы Моңғолия Республикасының Құрмет ордені берілді. 2016 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталды.    

Отбасы


Рамазан Стамғазиев өмірлік жарын Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде 1987–89 жылдары оқығанда жолықтырды. Жары Ұлту Қабаева Оңтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол Жүргенов атындағы Кино және Театр Академиясында әншілік шеберлігі бойынша білім алды. Халық әртісі Шора Үмбеталиевтің шәкірті. Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» байқауында лауреат атанды. Ерлі-зайыпты Стамғазиевтердың Олжас есімді ұлы, Перизат деген қызы бар.

Пікір қосу