— «Әр адамның өмірі – бас-аяғы бар үлкен тарих» десем, менімен келісесіз деп ойлаймын…
— Сөзсіз солай.
— Ендеше, сіздің өмір тарихыңыз қалай басталған еді? Балалық шағыңыз неше жасыңыздан бастап есіңізде қалды?
— Балалық шағым төрт жастағы кезімнен есімде қалыпты. Мен Алматы қаласында, кәсіби музыканттар отбасында дүниеге келдім. Абдуллиндер әулетіндегі өнер саласында жүрген үшінші ұрпақтың өкілімін. Анам Абай атындағы опера және балет театрында өмір бойы концертмейстер болып қызмет етіп, сол кездегі ең мықты пианистердің бірі болды. Әкем – опера әншісі. Ол да сол театрда жұмыс жасаған. Әкемнің аты-жөні – Заур Абдуллин, анам – Ольга Львова. Әкем мен анам жас маман болып театрға қызмет етуге келгенде танысыпты. Анам Алматы, әкем Мәскеу консерваториясын тәмамдаған. Әкем ұзын бойлы, көмірдей қара шашты, аққұбаша өңді, өте көрікті жігіт болған. Ал, анам орыстың нағыз сұлу әйелдерінің үлгісі еді десем, артық айтқаным емес. Өте ақжарқын, турасын айтатын бірбеткей мінезді еді. Талғампаздығымен, сәнді киімімен жұрттың назарын өзіне аудартпай қоймайтын. Осылайша назар аударып, ғашық болғандардың бірі менің әкем болып, анам екеуі отбасын құрып, екі жылдан кейін мен дүние есігін ашыппын.

Әлі күнге дейін өзімнің анама, иә болмаса әкеме көбірек ұқсағанымды білмеймін. Әйтеуір, шашым әкемдікі сияқты қара болса, көзім анамдікіндей көгілдір. Ал, бойымдағы талантым екеуінен бірдей дарыған деп ойлаймын. Өйткені, әкем де, шешем де өте талантты жандар еді. Әкемнің ешкімге ұқсамайтын ерекше әдемі дауысы болатын. Ол түсінікті де: әкем КСРО халық әртісі Ришад Абдуллиннің баласы болып табылады. Білсеңіз, Кеңес Одағы кезінде қазақ елінде ағайынды Ришад пен Муслим Абдуллиндер деген атақты әншілер болған. Олардың менің аталарым екенін мақтанышпен айта аламын. Олар Қазақстанның опера өнерінің іргетасын қалаған өнерпаздардың бірі болған. Күләш Байсейітова сияқты атақты әншілермен бір сахнада өнер көрсеткен. Мен де анам сияқты музыкалық мектепті де, консерваторияны да фортепьяно класы бойынша тәмамдасам да, аталарымның, әкемнің жолын таңдап, әнші болдым. Жалпы балалық шағым маған оттай ыстық болады да тұрады. Әкем мен анамның ерте ажырасқанына қарамастан, балалық шағым алаңсыз өтті дей аламын. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген бар емес пе…
— Ата-анаңыз ажырасқан кезде сіз қанша жаста едіңіз?
— Он жаста едім.
— Ес білетін шақта әкесі мен шешесінің екі жаққа кетуін көру балаға оңай тимесе керек… Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?
— Алаңсыз балалық па, жоқ, әлде шалалық па, әйтеуір, ата-анамның ажырасуы маған ауыр тие қойған жоқ. Білесіз бе, қанша жаста болса да айналасында болып жатқан дүниеге немқұрайлықпен қарайтын «мәңгүрт» балалар болады. Мен ондай балалардың қатарына жатқан емеспін. Алайда, әкем мен анамның некелерін бұзуы мен үшін трагедия болды деп те айта алмаймын. Себебі, біріншіден, олар араларындағы келіспеушіліктерді маған еш білдірген емес. Тып-тыныш қана мәдениетті түрде ажырасты. Екіншіден, екеуі екі жаққа кетсе де, маған деген көзқарастары, қарым-қатынастары өзгерген жоқ. Сондықтан, мен өзімді әкесі де, шешесі де бар толыққанды бала санадым. Әкем бізден бөлек тұрса да, әкелік қамқорлығын, көмегін менен аямады. Айтпақшы, ол осы күнге дейін отбасын құрған емес. Әуелі анасымен, яғни, менің әжеммен бірге тұрды. Әжем дүние салғаннан бері өзі жалғыз тұрып жатыр.
— Қателеспесем, сіз Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептің түлегісіз ғой…
— Иә, бұл мектепте әкем де, анам да білім алған. Мен фортепьяно класы бойынша оқыдым, кейін консерваторияны да пианист ретінде тәмамдадым. Музыкалық мектепте оқып жүргенімде, өтірік айтқаным емес, менде бос уақыт деген болмайтын. Басқа балалар сабақтан кейін аулаға шығып, доп қуалап ойнап жүргенде мен бөлмемде, фортепьяно алдында отыратынмын. Кәдімгі орта мектепте оқыған балаларға қарағанда мен кішкентайымнан мақсатты түрде көп еңбектендім. Есесіне мектепті бітірген кезімде арнайы білімі, дипломы бар маман болып шықтым. Консерваторияның бірінші курсында оқып жүргенімде Болат Сыздықовпен танысып, оқудың сырттай бөліміне ауысып, талантымды мойындату үшін Мәскеуге кеттім.
— Кәсіби музыканттар отбасында туылғаннан кейін сіздің өзге мамандық таңдауға мүмкіндігіңіз де болмаған сияқты. Мүмкін, сіздің балалық арманыңыз мүлде басқа болған шығар…
— Сөзіңіздің жаны бар. Әке-шешем мені оң-солымды танымаған кезімде музыкалық мектепке апарды. Сондықтан, менде басқа таңдау болған емес. Музыканы тастап кеткім келген кездер де болды. Өйткені, кәсіби мектепте оқу оңай емес. Таңертеңнен кешке дейін айналысатыным музыка еді. Оқуды бітіргеннен кейін журналистика саласына ауысамын деп те ойладым. Өйткені, музыкадан сәл қолым босай қалса, қолыма қалам алып, әңгіме жазғанды, кітап оқығанды ұнататынмын. «Пионерская правда» газетіне мақалаларымды беріп тұратынмын. Алайда, он бес жасымда музыкалық мектепті тәмамдағаннан кейін фортепьяноны жақсы меңгерген, музыкалық сауаты жоғары маман болып шықтым. Сол кезде орнымның өнер саласында екенін, музыкант болу үшін жаралғанымды түсінгендей болдым. Менің өздері сияқты кәсіби музыкант болғанымды қалаған ата-анам еш қателеспеген деп ойлаймын.
— Карина, «Анаға қарап қыз өсер» демей ме қазақ… Сіз анаңыздан қандай тәлім-тәрбие алып өстіңіз?
— Мен анам туралы айта беруден жалықпаймын. Анамның мінезі тез қызып, тез суынатын болат секілді еді. Бір-ақ сәтте бұлқан-талқан болып ашуланса, артынша жібектей биязы, енді бір сәтте қабағынан қар жауып қатуланса, іле-шала күліп-ойнап шыға келетін. Ал, сыртқы түр-тұлғасы, өзін өзі ұстауы өзге аналарға мүлде ұқсамайтын еді десем, артық айтқаным емес. Анам киімінің әрбір деталіне дейін мән беретін. Оны театрда әріптестері «Мэрилин Монро» деп атайтын. Анам үйден ешқашан жайпақ табан аяқ киім киіп шықпайтын. Тіпті, жақын маңдағы дүкенге баратын болса да, біз өкшелі аяқ киім киіп шығатын. Макияж, маникюр дегендерге ерекше көңіл бөлетін. Кеңес Одағы кезінде кез келген әйелдің қолы жете бермейтін дүниелердің бәрі, мәселен, француз иіссулары анамда болатын. Оның бәрін қайдан алғанын өзім де білмеймін. Сонымен қатар, анам кітапты көп оқитын, бірнеше тілді білетін. Ал, тәрбие жағына келетін болсақ, ол маған өз қиындықтарымды өзімнің шешуіме мүмкіндік беретін. Соның арқасында мен он үш жасымда ақша таба бастадым. Анам мені таңнан кешке дейін бағып-қағып отырды дей алмаймын. Алайда, өзінің жүріс-тұрысымен маған үлгі бола білді. Қолы бос кезінде әр түрлі бұйымдарды тоқығанды ұнататын. Өте әдемі тоқитын еді. Есімде, кейде өзі тоқыған заттардың барлығын қарап отырып, менен «Қызым, қарашы, мен қандай «өнер туындыларын» жасадым! Саған қайсысы көбірек ұнайды?» деп сұрап отыратын. Содан екеуміз оның әрбір туындысына баға беріп, ұзақ отыратынбыз. Анам мені көп еркелетпейтін. Сирек құшақтайтын. Керісінше, өте жиі ұрысатын. Бірақ, оның бәрі «жақсы адам болсын» деген ойынан ғой. Бірде анамның барлық тоқыған киімдерін алдына жайып тастап, үнсіз қарап отырып, «Білесің бе, қалай болғанда да, менің бұл өмірдегі ең үздік «туындым» сен екенсің! Мен осындай шешімге келдім» дегені бар. Қателеспесем, өмірінде бір рет қана мені мақтап, осылай айтқаны бар. Әйтпесе, маған мақтау емес, сынды көбірек айтатын. Маған «Дауысың да жоқ, қалай әнші болмақсың?!» дейді де, өзі театрға менің дискілерімді апарып тыңдатып, мақтанады екен. Өкінішке қарай, анам небәрі 48 жасында көз жұмды. Білесіз бе, менің өмірде ең жек көретінім – көз жасы. Қанша қиналсам да, еш уақытта босаңсуға ерік берген емеспін. Тек осы бір жайт қана… Анам есіме түссе, көз жасыма ие бола алмай, сағынышымды солай басқандай боламын (көзіне жас алды).
Сіз ол кезде студент пе едіңіз?
— Иә, ол кезде консерваторияда оқитынмын. Содан кейін өмірім күрт өзгерді. Менің өмірім екі кезеңнен тұрады: бірі – анам көз жұмғанға дейінгі, екіншісі – анам қайтыс болғаннан кейінгі. Сол кезде маған жұбаныш болған шығармашылығым еді. Болат екеуміз ел аралап, сапар шегіп, концерттер қойып, студияда әндер жаздырып, өнер адамдарымен кездесіп жүретінбіз. Өмір қызық еді… Бірақ, оның барлығы анамның орнын толтыра алмайтын…

Болат екеуіңіздің қарым-қатынастарыңыз жөнінде біраз әңгімелердің болғаны рас…
— Айтатын жұрт айта берсін. Мен бір-ақ нәрсені айтқым келеді: егер екеуміздің арамызда сезім, иә болмаса ғашықтық байланыс болса, «Мюзикола» тобы әлдеқашан жоғалып кететін еді. Екеуміздің арамызда шығармашылық, достық байланыстардан басқа еш нәрсенің болмағаны тұрақтылығымыздың негізі болып табылады. Өйткені, сезім бар жерде қызғаныштың, келіс-пеушіліктің болатыны сөзсіз. Ал, ол міндетті түрде шығармашылыққа әсер етпей қоймаса керек. Сонымен қатар, көптеген музыкалық ұжымдарда қаржылық мәселелерге қатысты дау-дамайлар туындап жатады. Бұл ретте айтарым – біз Болат екеуміз о бастан қаржыны тең бөлісуге дағдыланғанбыз.
— Бір сөзіңізде «13 жасымнан бастап ақша таба бастадым» деп қалдыңыз. Сонда қандай еңбек еткен едіңіз?
— Мен он үш жасымнан тойларға шығып, ән сала бастадым. Сабақтан тыс оқушылар мен пионерлер сарайындағы ансамбльге қатысып жүретінмін. Сондағы жетекшім мені қаншама баланың ішінен таңдап алып, өзімен бірге тойларға ертіп апаратын болды. Ең алғаш рет Ұзынағашта өткен тойға барып, анама бір рубль әкеліп бергенім бар. Музыкалық мектепте «қазақ музыкасының әдебиеті» деген сабақ оқылатын. Қазақтың халық әндерін, «Жар-жардың» елу шумағына дейін жаттайтынбыз. Соның бәрін тойларға барып орындайтынмын. Бірте-бірте тойға деген сұраныс та көбейіп, мен тіпті анамнан да көбірек ақша таба бастадым.
— «Мюзикола» тобы о баста қалай құрылған еді?
— Болат екеуміздің жас айырмашылығымыз – 20 жас. Мен мектепте оқып жүрген кезімде оның шоу-бизнесте біршама тәжірибесі болатын. Алдымен Роза Рымбаевамен бірге «Гүлдер» ансамблінде, кейін «Алма-Ата» (қазіргі атауы – «А-студио») тобында, одан кейін Мәскеуде жұмыс жасағаннан кейін Алматыға «Мюзикола» деп аталатын топқа әнші табу үшін келген екен. Содан Болатқа біреулер «Тойда ән салатын кішкентай ғана талантты қыз бар» деп мені ұсынған екен. Бір күні Болат мені мектепке іздеп келіп, «Сенің дауысыңды тыңдап көргім келеді» деді. Алғашында ұялып, қашып, тығылып қалғаным есімде. Ақыры Болат дауысымды тыңдап көргеннен кейін топ болып құрылып, жұмысымызды бастап та кеттік. 1994 жылы ол мені сол кездегі белгілі «Утренняя звезда» байқауына қатысу үшін Мәскеуге жіберді. Бір жыл бойы төрт-бес сынақтан өткеннен кейін Бас жүлдені иеленіп қайттым. Қазақстандық жас әнші үшін бұл үлкен жетістік еді. Маған дейін де, менен кейін де ешбір әнші бұл жетістікке ие болған емес. 1996 жылы Нью-Йоркте өткен «Үлкен алма музыкасы» байқауына қатысып, бірінші орынға ие болдық. Бірақ, мұның біреуі де көзге ілінбей қалды. Қазір менің таңғалатыным – жас әншілер әншейін бір байқаудан «Көрермен көзайымы» атанып келсе, барлық газет-журнал соны жаппай жаза бастайды. Қалай болғанда да, «Мюзикола» тобы өнерден өз орнын тапты. Біздің басты байлығымыз – репертуарымыз. Өйткені, әнші қанша жерден талантты, қалтасы қалың болып тұрса да, халық тыңдайтын әндері болмаса, бәрі бекер. «Арман жолдар», «Әй, әй, бөпем» әндерін әрбір қазақ біледі десем, қателеспейтін шығармын. Бір қуанатыным – кейде адамдар менің «Арман жолдар» деген әнімді халық әні ретінде қабылдап жатады.

Сұхбаттасқан Алтын-Ай ҚАБИДЕНҚЫЗЫ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№23  желтоқсан 2008 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу