Қытайда қазақ актері басты рөлдердің бірін сомдаған «Ержүрек аспан сардары» фильмі прокатқа шыққан бірінші күні 19 миллион доллар қаржы жинаған. Қытай көрермендерінің назарын аударып, тәнті еткен фильм Қытай киноиндустриясындағы биылғы жылдың табысты жобаларының бірі болып саналыпты, — деп хабарлайды juldyz.kz.

 «Ержүрек аспан сардары» фильмінде Байрұң тайпасынан шыққан батыр рөлін тамаша сомдаған қандасымыз Мұхтар Тілеуғазыұлы соңғы төрт жылдың ішінде талантты актер жиырмадан астам киноға түсіп үлгерген екен. Соның бірі әйгілі актер Джеки Чан продюсерлік еткен «Аспаннан түскен арыстан батыр» фильміне қалай түскені туралы Мұхтар juldyz.kz-ке берген сұхбатында айтып берді.

– Мұхтар аға, негізгі әңгімемізді бастамас бұрын, өзіңізді оқырманға қысқаша таныстыра кетсеңіз?
– Толық аты-жөнім – Мұхтар Тілеуқабылұлы, Қытайдың Шынжаң өлкесі, Іле облысында туып-өстім. Мектепті ауылда бітірдім, университетті Қытай астанасы Бейжің қаласында экономика мамандығы бойынша оқыдым. Өнер жолын модель болудан бастадым. Ары қарай Қытайдағы танымал режиссерлердің назарына ілініп, бір-екі киноларға шақырылдым. Бастапқыда қосымша рөлдерге түсіп, актерлік қабілетімді шыңдадым. Джеки Чан продюсерлік еткен әрі өзі негізгі рөлдердің бірін сомдаған «Аспаннан түскен арыстан батыр» фильміне дейін де бірнеше тарихи киноларға түсіп, актерлік қырымнан көрерменге таныла бастаған болатынмын.
– Джеки Чанның «Аспаннан түскен арыстан батыр» фильміне түсу бақыты қалай бұйырды?
– 2014 жылдың ақпан айында «Аспаннан түскен арыстан батыр» фильміне кастинг жарияланды. Кастингтің негізгі талабы бойынша актердің бойы ұзын, денесі мығым, ат үсті соғысына жетік, қимылы жылдам және ағылшын тілін жақсы білетін болуы керек екен. Сонымен бағымды сынап көрейін деп кастингке қатыстым. Арада аз уақыт өткен соң кастингті ұйымдастырушылар өздері хабарласып: «осыған дейін түскен киноларыңның видеосын жібер, біз тағы да қарап көреміз» деді.

Мен сұраған дүниелерін ғаламтор арқылы салып жібердім. Көп ұзамай тағы да өздері хабарласты, бұл жолы: «біз енді жолығып, сөйлесіп көрсек» деген өтініштерін айтты. Бірақ мен ол кезде ауылда болатынмын, уақыт қысқа, жол алыс болғандықтан біздер кездесе алмай қалдық. Сонымен ол кісілер: «жолығу қиын болса, дәл қазіргі түріңді, дене бітіміңді фотоға түсіріп бізге жібер» деді. Шынын айтқанда, алыс ауылда фотоаппараттың да ыңғайы болмады, телефонның камерасына фотоға түсіп жолдадым. Бір-екі күннен кейін тағы да телефонда сөйлестік, бойымның ұзындығын, денемнің салмағын нақтылап сұрап жазып алды және киноға түсіп жатқан жағдайда еңбек ақымның қанша болатынын да сұрады.

«Аспаннан түскен арыстан батыр» фильміне түскісі келген актерлердің қарасы көп болыпты. Алғашқы кастингке шамамен отыз мыңдай адам қатысқан көрінеді. Оны мен кейін естідім. Фильм түсірілмей тұрып ел арасына даңқы тарап кетті. Өйткені бұл фильм – әлем киносының жарық жұлдызы Джеки Чанның қытай жеріндегі алғашқы үлкен жобасы екен. Ол кісі фильмнің дайындық жұмыстарына ­жеті ­­жыл уақы­тын жұмсапты. Киноның негізгі рөлдерін голливудтың атақты актерлері мен Кореяның танымал кино шеберлері сомдады. Сондықтан да бұл киноға көп актерлер қызығушылық танытты. Оның ішінде Қытай киносында атағы жер жаратын мүйізі қарағайдай мықты актерлер де, біз сияқты өнерді енді бастаған жастар да болды. Кастинг сарапшылары алғашқы іріктеуден 10 мың адамды таңдап, келесі іріктеуге өткізіпті. Екінші іріктеуден 300-ге жуық актер өтіпті. Маған үшінші рет хабарласқанда сол 300 актердің тізімінде менің де атым бар екен.

Мұхтардың рөл сомдау барысындағы оттай жанған көз жанары, батырларға тән келбеті, ат үстіндегі сайыскерлік өнері жұртқа ұнаған. Бұл рөлдерді тамаша сомдауы оның қазақ ауылында туып, бала кезінен батырлар жырын тыңдап, ат жалында ойнап өскенінің арқасы.

Арада біраз уақыт хабар үзіліп қалды. Таныс режиссерлеріме хабарласып көріп едім, «сенің орныңа басқа актерді таңдап қойды, кино басталғалы жатыр» деп жауап берді. Сонымен бұл фильмнен үмітім үзіліп, басқа жұмыстарыма дайындала бастадым. Бірақ көп кешікпей үзілген үмітім қайта жалғанды. Түсірілім ұжымы фильмді түсіріп бастауға үш күн қалғанда өздері қайта хабарласты. «Фильмнің басшылары (оның ішінде Джеки Чан да бар) ақылдаса келе бір рөлді саған беруді ұйғарды. Өйткені сенің кескін-келбетің, бойыңның ұзындығы, дене бітімің біздің ойымызбен сәйкес келді» деді. Қазір ойласам, фильм режиссерлерінің тағы бір ескергені менің көшпелі халықтың ұрпағы болғандығым сияқты. Сахарада өскен қазақ баласына ат үсті ұрыстары қиындық тудырмайды ғой. Және бала кезімнен спорттың бірнеше түріне әуестенгенмін, қимылым жинақы әрі жылдам еді. Сөйтіп Алланың қалауымен әлемнің кино серкелері жиналған үлкен фильмнен қазақтың баласына да бір рөл бұйырды.

– Фильм не туралы, қай жерлерде түсірілді, сізге қандай рөл берілді?
– Мен барғанда фильм Қытайдың Ган су өлкесі Ақсай қазақ ауданында түсіріліп жатыр екен, бастағандарына екі ай болыпты. Түсірілім алаңында актер-режиссерлерден бөлек 700 адам көмекші жұмыс істеді. Негізгі рөлдерді ойнайтын актерлер екі ай арнайы дайындалыпты. Әлемнің әр елінен 40 үздік каскадер шақырылды. Сонымен қоса 700 адамнан тұратын массовка да шет елден әкелінді. Фильм Қытайдың бірнеше өлкелерінде түсірілді. Түсірілім жұмысына алты ай уақыт кетті.
Фильм негізінен тарихи тақырыпты арқау етті. Ежелгі Қытай тайпаларының өзара қақтығысын, ұрыс-соғысын көрсетеді. Фильм соңында қытай даласын мекендеген 36 тайпа бас қосып бірігіп, үлкен ұлысқа айналады. Фильмнің түпкі мақсаты – тарихты айта отырып, елді берекеге, бірлікке шақыру. Маған ірі бір тайпаның бас батырының рөлі берілді. Фильм актерлері жеті тілде сөйлесіп түсіністік.
– Джеки Чан фильмде қандай жұмыстар атқарды, ол кісімен алғаш кездескеніңізді айтып беріңізші?
– Джеки Чан түсірілімнің бас-аяғына толықтай қатысты. Өзі фильмнің бас продюсері болды әрі режиссерге көмекші қызметін де атқарды. Және фильмде негізгі рөлдердің біреуі – елді ынтымақтастыратын көсемнің бейнесін сомдады.
Джеки Чанды алғаш түсірілім алаңына барғанда көрдім. Фильмдерімен жақсы таныс болсам да, кездескенде сөйлеуге сәл жүрексіндім. Қалай дегенмен де әлемнің ұлы актері ғой. Бірақ ол кісі мен ойлағаннан мүлдем басқа адам екен. Алғаш жолыққанымда «Сәлеметсіз бе?» деп қытай тілінде амандасым едім, ол кісі де «Сәлеметсің бе?» де қытай тілінде жа­уап қайтарып, қолын ұсынып амандасты.


– Фильмге түсу барысында Джеки Чанның қандай адами қасиетін, кәсіби қабілетін байқадыңыз?
– Джеки Чан бала кезінен көп қиындық көрген, өте тағдырлы актер. Өмірде кедергілерге көп жолығып, шынығып өскендіктен қарапайым болмысын сақтап қалған. Әр ісін өте ұқыптылықпен орнықты істейді. Жұмыс барысында қатал режиссер, күнделікті өмірде өте қарапайым кісі. Кейбір әрекеттерінен балаға тән аңғалдық та байқалып тұрады. Адамдарға әзіл айтып, айналасын күлкіге бөлеп, көңілді жүргенді ұнатады екен. Түсірілім кезінде актерлермен бірге демалып, бірге тамақтанып жүрді. Бір жолы жұмыстың қажетіне қарай Қытайдың Ақсай ауданының шөл даласына бардық. Таңнан кешке дейін жел азынап тұратын жер екен. Кей күндері құмды боран камераның көзін бітеп, фильмді түсіртпей қояды. Ал кей күндері күн қатты ысып кетеді де шөлге ұрынамыз. Сондай ыстық кезде аралық үзілісті пайдаланып құмырадағы сумен шөлімізді басамыз. Кейбір актерлер құмыра түбінде қалған бір-екі ұрттам суды елемей тастай салады. Джеки Чан ондайдың бәрін бақылап қарап отырады екен. Біреулер лақтырып жіберген құмыраны қолына алып: «Жігіттер, біз шөл далада, құмның арасында жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан бір жұтым болса да суды үнемдейік», – деп елді ақылға шақырды. Осының өзі түсінген кісіге үлкен өнеге.
Көп көрермен Джеки Чанның кинодағы іс-қимылдарына сене алмайды, «техниканың көмегімен түсірілген болар» деп ойлайды. Жасыратыны жоқ, осы фильмге түскенге дейін мен де солай ойлайтынмын. Сөйтсем, ол кісінің киноларында ешқандай да жасандылық жоқ екен. Қарапайым көріністердің өзін сәтті шыққанша қайталап түсіре береді. Актерлерден де жанды, шынайы ойнауды талап етеді. Фильмді түсіру кезінде ұрысты шынайы жасаймыз деп екі атты абайсыз өлтіріп алдық. Біраз актерлеріміз де жараланды. Менің өзім ұрыс кезінде қылыш тиіп, шынтағымды жаралап алдым. Фильм аяқталғанша тәулігіне бес-ақ сағаттан ұйықтап жүрдік. Қалған уақыттардың бәрінде тынбай жұмыс істедік.


– «Аспаннан түскен жолбарыс батыр» фильмі қазір жарыққа шығып, көрерменге ұсынылды ма?
–Иә, төрт тілге аударылып, әлемнің әр елдерінде таратылып жатыр. Фильм монтаждалып біткен соң өзім де көріп шықтым, көңілімнен шықты. Бір-екі жеріндегі сөздерім қысқартылғаны болмаса ат үстіндегі ұрыстарымды толықтай қалдырыпты. Фильмде сценарий бойынша жауласқан екі тайпаның батыры жекпе-жекке шығып, кескілесіп ұрысамыз. Бір-бірімізді жеңе алмай итжығыс болып жатқанымызда бітімгер рөліндегі Джеки Чан келіп біздерді ажыратып, соғысты тоқтатады. Әрі екі тайпаны өзара келісімге шақырып, татуластырады. Осы көріністі сәтті шыққан эпизодтардың бірі деп айтуға болады.
– Джеки Чанның киносына түскеннен кейін актерлік жолыңыз да ашыла бастаған болар?

– «Аспаннан түскен арыстан батыр» фильмін соңғы жылдардағы Қытай киносындағы жаңалық деп айтуға болады. Ел арасындағы аңызы өте жақсы. Джеки Чанның өзі үлкен дайындықпен атсалысқандықтан да бұл киноның салмағы артып отыр. Джеки Чанмен бірге киноға түсу мені кәсіби жағымнан жетілдірді. Бірге жұмыс істеген бір-екі айдың ішінде ол кісіден көп дүниелерді үйреніп үлгердім. Жұмысына деген жауапкершілігін, көрерменіне деген адалдығын көріп таңғалдым. Кинода үлкен-кіші сюжет деген өлшем болмайды екен. Көзге көрінбейтін, көрермен байқай алмайтын жұмыстардың өзі өте маңызды екен. Осының бәрін үйрендік, үлкен мектептен өттік. Мұны айтып отырған себебім, бұл фильм маған ең алдымен кәсіби біліктілігімді арттыруға көмектесті. Сонымен қоса менің өзіңіз айтқандай, кинодағы жолымның ашылуына да септігін тигізді. Осы фильмнен кейін мені тарихи киноларға жиі шақырып жатыр. Былтырдан бері екі кинода – Қытай тарихындағы сардардың, ханның рөлін сомдадым. Бұйырса, алда тағы бір көлемді жобаға дайындалып жатырмын. Ол киноға да голливудтың танымал актерлері келеді деп күтілуде.

Әлем кино тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын Джеки Чанмен бірге киноға түскенімді мақтан етемін. Ол кісінің кино өнерінде әкелген жаңалығы, қосқан үлесі уақыт өткен са­йын биіктей береді. Кино туындылары әлем халықтарымен бірге жасайтын бақытты актер.

Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ

 

 

 

Пікір қосу