1. Дінмұхамед Ахметұлының қазақ елінің тарихындағы орнын қалай бағалар едіңіз?

2. Қонаев басшылығы тұсында еліміз неден ұтты, неден ұтылды?

3. Жалпы, қазақ халқының Дінмұхамед Ахметұлына деген ерекше сүйіспеншілігінің сыры неде деп ойлайсыз?

 

 

1. Қандай да бір тарихи тұлғаға, әсіресе саясаткерге баға бергенде объективті көзқарасты ұстанып, олардың көпшілігінің жеке тағдырларына әсер етпей қоймаған алмағайып уақытта өмір сүргенін ұмытпауымыз керек. Бұл 22 жыл дерлік уақыт бойы Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаевқа да тікелей қатысты. Кеңес заманында соншама жыл саясатпен айналысуының өзі оның Қазақстан тарихындағы орнын айқындап берді. Оның үстіне тәуелсіз Қазақстанның дамуын қиындықтармен қатар, табыстарға да толы болған кеңес тарихынсыз қарастыру әділетсіздік болар еді.
2. Дінмұхамед Қонаев Мәскеу бекіткен талаптар бойынша өмір сүрген кеңестік номенклатураның бір бөлігі болғандығын ұмытпауымыз керек. Алайда Қонаевтың тарихи рөлінің ерекше маңыздылығы – оның ешқашан өз халқына қарсы шықпағандығында. Д.Қонаевтың тұсында қалыптасқан өндірістік жетістіктерге бүгінде елімізді басқарып отырған элита әлі күнге дейін сүйеніп келеді. Оның Бас хатшы Л.И.Брежневпен достығы да ҚазКСР-дің дамуы үшін елеулі қаржы қорын тартуға мүмкіндік берді. Бүгінгі күнмен салыстыра қарасақ, Қазақстанда сол кезде казино, жанар-жағармай бекеттері, сауда орталықтары емес, зауыттар, фабрикалар, қалалар мен стадиондар салынды. Қазіргідей гольф-алаңқайлары орнатылып, мал еті сыртқа тасылған жоқ, керісінше, мал басы көбейтіліп, егістік алқаптары кеңейтілді. Біздің аймақтас жатқан кейбір көршілеріміз әлі күнге дейін «Орталық Азияның Парижі» деп атайтын Алматы да Қонаев заманында гүлдеді. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Қонаевтың басшылығы кезінде қызметтік сатымен белсенді түрде жоғары өрлей түсті. Ал Қонаев басшылығының кемшін тұсы – ол барлық кеңес басшылары сияқты кейін көптеген қиындықтарды тудырған республиканы социалистік жолмен дамыту бағытын қолдаушылардың бірі болды.

3. Д.Қонаевтың тұсында Қазақстанның өркендеуі оның белгілі бір партиялық талаптарды ұстанғанына ғана емес, адамдық қасиеттеріне де байланысты деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазіргі шенеуніктердің арасында Қонаев сынды мемлекетшіл тұлғалар аз. Олардың көбісі бір күнін ғана ойлап, қалталары үшін өмір сүреді. Дегенмен тарих күндердің күнінде бәрінің әділ бағасын беретініне сенемін. Дінмұхамед Қонаев бейнесінің әлі күнге дейін көптеген қазақстандықтардың жүрегінен орын алуы – оның қазақ тарихында кеңес дәуірінің партия өкілі ретінде емес, нағыз патриот ретінде қалғандығынан дер едім.

Дайындағандар Жанар ҚОЙЛЫШ, Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Толық нұсқасы «АҢЫЗ АДАМ» журналы, №1(13) Қаңтар 2011 жылғы санында

Пікір қосу