Туған жері, жылы, білімі

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Сиднейде өткен XXVII Олимпиаданың  чемпионы.


Балалық шағы

Бекзат әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже перзенті болды. Бала кезінде өте нәзік, аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаса керек. Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып үйірмеге бармай, бірден боксқа бет бұрады.

1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, мұны жай, өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ, ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді. Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. Бекзат мектепте «төрт» пен «беске» оқыған. Дене шынықтыру, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих сабағын жақсы көрді. Апайларының айтуына қарағанда, сабаққа алғыр болған.

Бекзат заң саласы мамандығын игерген. Алдымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Бекзат – 18 жасында қажылыққа барған мұсылман.

Анасының естелігі

Бекзат бала күнінен-ақ өте мейірімді, қайырымды болды. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезі. Бір күні: «Апатай, біздің сыныбымызда әке-шешесі жоқ бір бала бар. Соны апайымыз күніге ұялтады. Ол бала жылайды. Дене шынықтыру сабағында киетін спорттық киімі жоқ. Мектепке киіп жүрген аяқ киімі де жыртылып бітіпті. Сол балаға ағаларыма сыймай қалған костюм-шалбар, аяқ киімдерден берейікші! Маған беріңізші, жақсылап тазалап, үтіктеп апарып берейін! Қуанып қалсын. Екінші сыныпта қитын інісі бар, оның да киімі жоқ!»-деді.»Ертең сабақ біткесін ол баланы інісімен бірге үйге ертіп алып кел. Мен оларға спорттық киім сатып әперейін!» — дегенімде Бекзаттың қуанғанын көрсеңіз!

Отбасы

Саттархановтардың Бекзаттан өзге мектеп қабырғасындағы спорттық бәсекелерде оза шапқан үш ұлы бар. Бағдат, Болат, Мақсат есімді балалары да спортты серік еткен екен. Бүгінгі таңда үшеуі де отбасылы. Үлкен ұлы Бағдат полицияда жұмыс істейді, ата-анасынан бөлек тұрады. Екінші ұлы Болат — мұғалім. Үшінші ұлы Мақсат — қаржы полициясында.

 Марапаттары

Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшам аудан мен спорт кешені бар. Алматы қаласында көшеге Бекзат Саттарханов аты берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2010 жылы, яғни спортшының 30 жас мерейтойы қарсаңында туған қаласы Түркістанда Бекзат Саттархановқа арналған ескерткіш қойылды. 2005 жылы Қазақстанда боксшыға арналған пошталық марка шығарылды.

Бекзат туралы 3 тілде кітап, фотоальбом жарық көрген. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бекзат» атты деректі фильм түсірсе, 2012 жылы режиссер Ермек Шахмет «Бекзат» атты фильм түсіру жұмыстарын қолға алды.  Биографиялық кинофильмде басты рөлді актер Асылхан Төлепов сомдап шықты.

Пікір қосу