Нұрбол Жанәділұлы,
педагогика ғылымдарының PhD доктранты:
Дәстүрлі Қытай қоғамында әйелдердің орны тым төмен болған

– Нұрбол аға, әр халықтың әйелге деген өзіндік көзқарасы әртүрлі. Ал қытай ұлты нәзік жандылардың қасиетін қалай бағалайды?
– Кез келген ұлттың әйелге деген көзқарасы өзі сенетін діни наным-сенімдері және сол халықтың дәстүрлі құндылықтарымен тікелей байланысты. Өйткені, әлемдегі барлық дінде әйелдердің өзіндік орны белгілі деңгейде тұрақтанған. Ал қытай қоғамы діннен гөрі белгілі тарихи тұлғалардың ықпалына көбірек ұшыраған. Сондықтан, қытай қоғамындағы қандайда бір құндылықтар сол замандағы ойшылдардың жаңа ағымына, патшалардың әміріне сай өзгеріп отырған. Айталық Конфуций тағылымы неше мың жылдан бергі қытай феодалдық қоғамының идеологиялық тірегі болған. Сонымен қоса қытайлардың ата – баба дәстүрін берік ұстанатын өмірлік қағидалары тағы бар. Кезінде қытайдың әр өңірінің, тіпті әр әулеттің өзіндік жол-жоралғысы, отбасы құндылықтары болған. Міне, осы өзгешеліктердің өзі әйелдердің отбасы мен қоғамдағы орнына айтарлықтай әсер етіп отырған.
Қытайлардың дәстүрлі дүниетанымы – олардың иероглифтерінде жатыр. Қытай иероглифінде «әйел» деген сөзді жазғанда жүкті әйелдің сұлбасы бейнеленеді. Ал «жақсы» деген сөз «әйел» деген иероглиф пен «бала» деген иероглифтің бірігуінен жасалған. Демек бұл әйел затының басты миссиясы бала табу дегенді білдіреді. Тек бала табу емес бүкіл отбасының тірлігі қытай әйелдерінің мойнына артылған. Сол үшін болар: «әйел үйге қарайды, еркек түзге қарайды» деген де көне қытай тәмсілі бар. Шын мәнінде дәстүрлі қытай қоғамында әйелдердің орны тым төмен болған. Олар түрлі жол-жосыннан аттап кете алмаған. Аз санды ақсүйектер әулетіндегілер болмаса, басым көп санды әйелдер өз қалауынша еркін өмір сүрмеген. Неше мың жылдық тарихта, қытай қыздары бірде озбырлардың зәбіріне ұшыраса, енді бірде саяси құдалықтардың құрбаны болған. Өйткені, тарихта қытай патшалары жауларынан қорғану, басқа елдермен достық орнату үшін сұлу қыздарды өзге елдің билеушілеріне ұзатып отырған.Картинки по запросу қытай қыздары
– Сіз «қытай әйелдері сансыз саяси құдалықтардың құрбаны болған» деп айтып отырсыз. Осы туралы нақты тарихи деректер бар ма?
– Мұндай деректер қытай тарихында өте көп. Тарихта қазақтың байырғы ата-бабаларының бірі саналатын – Үйсін деген ұлыс болған. Олар сол заманда қазіргі Жетісу жеріндегі ең іргелі елдердің бірі саналған. Қытайдың сол кездегі Хан патшалығы көршілері Ғұндармен ұзақ жыл соғысып әбден титықтайды. Ақыры ғұндарды жеңе алмайтынын біліп батыс өңірден (қазіргі Орта Азия аумағы) өздеріне одақтас ел іздейді. Тіпті сол жаққа арнаулы елші аттандырады. Ақыры қытайлар ғұндар мен үйсіндер арасындағы болмашы араздықты ұтымды пайдаланып, өз дегеніне жетті. Яғни, үйсінді пайдаланып, ғұндарды жеңеді. Тарихи жазбаларда сол кездегі Хан патшалығы үйсіндермен арадағы одақтастықты бекемдеу үшін құдандалық саясатын қолданғаны айтылады. Шамамен б.з.б 110-109 жылдары орда кәнизәктерінің бірі (кей деректерде патша әулетінің қызы делінеді) Шижүн ханшаны Үйсін күнбиі (билеушісі) Елжау биге ұзатады. Бұл әдеттегі құдандалық емес, белгілі саяси мақсатты көздеген құдандалық еді. Өйткені, тарихи жазбаларда Үйсін күнбиі Елжау Хән әулетінің ханшасын айттырған кезде жасы жетпістен асып, егде тартқан делінеді. Шижүн ханша жүздеген нөкерімен өмірінің соңына дейін үйсіндердің ордасында тұрған. Ол үнемі Үйсін елінен Хан патшалығының астанасы Чаң Ән-дағы патшаға хат жазып тұрған. Бірақ сол хаттарда не жазылғаны бізге беймәлім. Сол Шижүн ханшаның «Сарала қаз» деген өлеңі бар (кейбір зерттеушілер «Аққу жыры» деп те айтып жүр)
Сол өлеңде :
Мені ұзатты Үйсіннің қағанына,
Киіз үйде отырар там орнына
Ет жеп, қымыз ішеді тағамына…
деген жыр жолдары бар. Осы өлең жолдарының өзі көшпенділер өмірінің көп шындығын айтып тұрған жоқ па? Сонымен қоса кейбір зерттеушілер: «бұл әнде қатал әмірге бағынып, қанатынан қайырылған қыздың зары айтылады» дейді. Қытайдың көне дәуір әдебиетінен сол замандағы әйелдердің хал-жағдайының қалай болғанын біле аламыз. Дегенмен қытай тарихында империяны билеген әйелдер де болған.
– Қытай тарихында қандай әйел билеушілер болған?
– Қытайдың Таң династиясы кезінде Ву Зетян деген әйел патша болған. 690 -705 жылдары ел тізгінін ұстап, әділ билеуші атанған. Бұдан бөлек ресми патша атанбаса да патшаға әмірі, билігі жүрген, ел басқару ісіне белсене араласқан әйелдер көп болған.
– Қазақ фольклорында: « Қыз Жібектің ақтығы – наурыздың ақша қарындай» деп сұлу әйел бейнесі сипатталған. Ал көне дәуір қытай әдебиетінде әйелдер образы қалай жасалған?
– Бір сұрақтың аясында тұтас қытай ұлтының фольклорындағы әйел образына талдау жасау қиын. Алайда өзім оқыған Қытайдың ерте заман әдеби туындыларында әйелдер көбінде жағымсыз жағынан суреттелген. Осы шығармаларда нәзік жандылар бойына сұмдық пен сұрқия тұнған жәдігөй кейпінде бейнеленген. Десе де ерте заман қытай әдебиетінде әйелдердің ерлігін жырлаған «Хуаң Мулан жыры», махаббат бостандығы үшін күрескен қыздың қайсарлығын мадақтаған «Қызыл сарайдағы түс» сынды шығармалар да бар. Сондай-ақ сұлулардың ғажап көркін жырлаған өлеңдер де аз емес.
– Қытай дүниетанымындағы сұлу әйелдердің сыр-сипатын бейнелейтін қандай өлшемдер бар?
– Ежелгі қытай мифтері мен аңыздарында сұлу әйел жайлы әңгімелер көптеп кездеседі. Ертедегі қытайлар аса сұлу әйелді «перизат» деп атаған. Ал сұлу әйелдің сынын бейнелейтін өзіндік шарттары болған. Яғни, хас сұлудың бойы ұзын, дене бітімі жарасымды. Шашы сүмбіл қара, сөзі сыпайы, күлкісі сыңғырлы, мың бұрала билейтін, саз аспаптарын еркін меңгере білген, т.б өлшемдері бар. Ертедегі қытай суретшілері сол сұлу перизаттардың суретін көптеп салған. Тіпті қытай мифтерінде: «перизаттар айға ұшып кетеді» делінген. Бұл шындығында «көлденең көк аттының» перизатқа қолы жете бермейтінін меңзесе керек. Тіпті қытай ай шарына ұшырған барлау аспаптарын «Ай перісі» деп атады. Бұл ұлт санасында сақталған көне мифтің әсерінен болар. Сонымен қоса қытайда: «сұлу әйелдің аяғы үш еліден аспайды» деген тәмсіл бар. Мұның мәнісі ертедегі қытай ұғымында қыз баланың аяғы қаншалықты кіші болса, соншалықты сымбатты саналатын. Сондықтан, олар қыздарының аяғын төрт-бес жастан бастап матамен таңып, өсірмей тастайтын салт болған. Сөйтіп, олар аяқтары өте кішкентей, үп еткен желге құлап қалатындай нәзік болып өскен. Мұндай әйелді қытай тілінде «тәй тәй» деп атаған. Бірақ аяғы таңылған қытай әйелдері еркін жүріп, тұра алмаған. Бұл жер бетіндегі өзге халықтарда болмаған ең сорақы салт еді.

Картинки по запросу қытай қыздары
– Бұл салт қай дәуірге дейін жалғасты?
– Тарихи деректерде «аяқ таңу» салты Оңтүстік Таң патшалығы (937-975 ж) тұсынан бастап қалыптасқан. Ол тұста тек ақсүйек әулеттер ғана әйелдердің аяғын таңған. Ал кейінгі Мин (1368–1644) және Цин (1644–1911) дәуірінде «аяқ таңу» қоғамдық салтқа айналды. Ол тұста барлық қытай әйелдерінің аяғы таңылған. Дәстүрлі қытай қоғамында әйел заты тек ұрпақ өрбітіп, ерлердің жыныстық нәпсісін қанағаттандыру керек деп қаралды. Сондықтан да олардың әлеуметтік мәртебесі болмады. Ал «аяқ таңу» салты қытай әйелдерінің іс-әрекетін тежеп, олардың сыртқы әлеммен байланысын азайтты. Бұл салт тек Қытайдағы демократиялық төңкеріс жеңіске жеткеннен кейін қоғамнан түбегейлі аластатылды. Сунь Ятсен бастаған революция феодалдық қоғамның құрсауындағы қытай әйелдерінің өміріне тың бұрылыс ала келді.
Қытай әйелдері теңдікке ұмтылғанмен қоғам оларға әліде еркіндік берген жоқ
– Демократиялық революция жеңіске жеткеннен кейін қытай әйелдерінің өмірінде қандай өзгеріс болды?
– 1911 жылы монархиялық биліктің құлатылуы қытай қоғамын түбегейлі өзгертті. Бұл тұста көне қоғамның ескі заңдарының орнын жаңа құндылықтар басты. Әйелдердің білім алуына, түрлі қоғамдық қызметтермен айналысуына көп мүмкіндіктер берілді. Соның нәтижесінде Қытайдың ірі қалаларында қыздар университеті бой көтерді. Онда мыңдаған қыздар білім алды. Тіпті шетелде оқитындардың да қатары молая түсті. Міне сөйтіп қытай қоғамындағы әйелдер әлсіз топтан, қоғамның ең белсенді мүшесіне айнала бастады. Сол кезде қытай интелегенттері әйелдерге теңдік керектігін алға қойды. Олар әйелдің хал-жағдайы түзелмейінше, ұлттың жаңа потенциалы қалыптаспайды деп санады. Дегенмен ол кезде Қытай өте мешеу ел еді. Сондықтан да Қытайдағы әйел қауымы толықтай әлеуметтік мәртебеге қол жеткізе қойған жоқ. 1949 жылы Қытайда Коммунистер билікке келгеннен кейін батыстық құндылықтарға тосқауыл қойылды.
– Кезінде Совет одағы нәзік жандылардан «соғыс қаһармандары» мен «еңбек озаттарын» жасап, әлемге жар салды. Қытайда коммунистер билікке келгеннен кейін әйелдерге қандай мәміле жасады?
– Ең әуелі Қытайдағы Коммунисттердің билікке келуін Совет Одағы барынша қолдап, қалыптасып дамуына қолұшын берді. Сондықтан, Қытай коммунистерінің Совет Одағы идеологиясын айналып өтуі мүмкін емес еді. 1950-1960 жылдарында қытай әйелдері де Совет үкіметіндегі секілді еңбекқор, мемлекеттік құрылыстың алғы шебіндегі қаһармандар болып дәріптелді. Керек десеңіз ұлттық валютаның(юань) бетіне тракторшы қыздардың суреті басылды. Коммунистер билікке келгеннен (1949) Дэн Сияопин жасаған саяси реформаға дейін (1978) қытайда 30 жыл бойы сыртқы елдермен қарым-қатынас болмады. (1966 жылдан кейін Совет үкіметімен де байланысын үзеді) «Шетелде кімдер қалай өмір сүреді, қандай өркениет ошақтары бар?» деген таным болады, керісінше коммунистік биліктің «шетелдіктер адам қанын тірідей сорып, еті мен сүйегін тірідей кеміретін қанаушы капиталист буржуазия, ең бақытты өмірді қытайлықтар ғана сүріп жатыр» деген жалған ұранмен малданды. Сонымен бірге Маркстік материялистік философия, Мао-ның саяси ұстанымы коммунисттер билігінің басты идеологиясы болды. Сол себепті қытай қоғамындағы дәстүрлі құндылықтар күйреді. Коммунистер «әйелдерге теңдік әпереміз» деген ұранды желеу етіп, олдарды өздеріне қарсы қүштерге айдап салды. Аты шулы «мәдениет төңкерісі» кезіндегі (1966-1976) «Біз күн көсемінің ұрпағымыз» деп ұрандаған миллиондаған «қызыл қорғаушылардың» жартысынан көбі жас қыздар болды. Оның үстіне 1949 жылы құрылған коммунистік Қытайдың сол кездегі басшысы Мау Зыдұң(орысша Мао Цзэдунь): «Адам көп болса, еңбеккүш те көп болады, жағдайымыз жақсарады, сан сапаға айналады» – деп үндеу жариялады. Осыдан соң халық саны жылдам артты. Небәрі 30 жылдай уақыт ішінде 400 миллион қытай халқы бір миллиардтан асты. Шынымен де адам санының көптігі Қытайда бәсекелестікті арттырды. Көптің ішінен нанын тауып жеп, жақсы тұрмыс сүруге ұмтылған миллиондаған адамдар тобы қытайды алып зауыттар еліне айналдырды. Алайда осы экономикалық өсім елдің экологиясын бүлдіріп, табиғи ресурстарды азайтты. Кейін қытай оны тежеу үшін «жоспарлы туу саясатын» жүргізіп, жалғыз балалы болуды дәріптеді.
– Нобель сыйлығының иегері, қытай жазушысы Мо Яньның кей шығармаларында осы «жоспарлы туу саясатының» салдарынан жан азабын тартқан әйелдердің рухани арпалысы бейнеленеді. Шындығында «Жоспарлы туу» саясаты қытай әйелдерінің жанына қандай жара салды?
– Бұл өте күрделі сұрақ. «Жоспарлы туу» саясатын мемлекет үлкен стратегия ретінде қолға алғанымен, оның өзіндік зардабы да болды. Бұл әсіресе өмірге ұрпақ әкелуді өзінің басты міндеті санайтын қытай әйелдеріне ауыр тиді. Бала саны шектелгендіктен түтіні өшкен әулеттер көбейді. Соның кесірінен кей әйелдер ауыр рухани дертке душар болса, ал кейбіреулері өз-өзіне қол жұмсаған. Мұндай қайғы-қасіреттің Мо Янь қаламынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Мо Яньның: «Өмір атты алып ағыста сенің де бақытың бір арада күтіп тұр. Өзіңді ұнатпайтын адамның қасында немесе өзің мүлде ұнатпайтын адамның қасында көңілсіз тірлік кешкенше, сол бақытыңды іздеп табуға құлшын! Адамды шаттыққа бөлейтін іске де өте обыр болма, тек өз бақытыңды таба алсаң ғана жеткілікті» деген пәлсапасы осы қоғамдық шындықтан туса керек. Деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылдан бері Қытайдың жан санының өсу жылдамдығы айтарлықтай төмендей бастады. Әрине, бұл 40 жылдан астам уақыттан бері дәріптелген «жоспарлы туу» саясатының әсері. Тағы бір ескерерлік жағдай, Қытайға енген гендерлік саясат пен батыстық дүниетаным да көптеген адамдардың ойына әсер еткен. Бейжіңнің Халық университетінің «Халықты дамыту және даму» орталығынан алынған жаңа деректерге сәйкес, қытайдағы 16 жастан 59 жасқа дейінгі халықтың үлесі 2015 жылы 66,3 пайыздан 2030 жылға дейін 56,9 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, 60 жастан асқан адамдардың үлесі (Қытайдағы ерлер үшін қазіргі зейнеткерлік жас) 16,1 пайыздан 25,2 пайызға дейін артады деп межеленуде. Бұл көрсеткіштер Қытайдың алдағы даму болашағына әсер ететіндігі сөзсіз. Демек «Жоспарлы туу» табиғи заңдылыққа қарсы жасалған мемлекеттік саясат болды.
Қазір Қытай «Жоспарлы туу» саясатының зардабын енді түсіне бастады. Ал 1978 жылы реформа жасап, есік ашқаннан кейін, қытай қоғамына Батыс құндылықтары дендеп кіре бастады. Бұл үдеріс қытай әйелдерінің өмірін де өзіндік өзгеріске ұшыратты.
Біздің қоғам әйелдер проблемасына нәзіктікпен қарағаны жөнКартинки по запросу қытай қыздары
– Сіз айтып отырған батыс құндылықтары қытай әйелдерінің қоғамдық мәртебесіне қалай әсер етті?
– Қазіргі қытайдың әлеуметтанушылары реформадан кейінгі елдегі әйелдердің өміріндегі өзгерістерді үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең: 1980-1990 жылдар аралығын қамтиды. Алғаш реформа жасалып, қытай еркін нарыққа көшкен кезде, әйелдер қоғамдағы ең белсенді күш ретінде көзге түсті. Бұл тұста «әйел мықты» деген сөзді жұрт жаппай мойындай бастады. Сол жылдарда қытай қоғамында табысқа жеткен кәсіпкерлер мен өнер адамдарының арасында әйелдер айтарлықтай көп болды. Ал кейін нарықтық экономиканың жылдам дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына байланысты, әйелдердің танымы да өзгерді. Екінші кезең: 2000-2010 жылдарды қамтиды, бұл кезде қытай әйелдері қоғамның белсенді күші болудан шаршады. Өйткені, ХХІ ғасырдың басында материалдық құндылықтар Қытайдағы қоғамдық сананы биледі. Сол себепті тынбай жұмыс істейтін, отбасының «отымен кіріп, күлімен шығатын» қытай әйелдері ендігі жерде қалталы азаматтар мен атқа мінерлерді жағалады. Тіпті дәулетті азаматтар мен билік иелерінің тоқалы не көңілдесі болу сан мыңдаған әйелдердің арманына айналды. Осы кезде қытай қыздары «жай біреудің сүйгені болғанша, қымбат көлік мінгенің көңілдесі болған артық» деп түсінді. Бұл ағым қытай еліндегі қоғамдық көптеген проблемалардың туындауына мұрындық болды. Соның салдарынан отбасылық құндылықтар күйреді. Керек десеңіз өз азаматтарын менсінбей шетелдіктермен отбасын құрған қытай әйелдерінің саныда артты. Деседе қытайдағы әйелдердің тарихи орны, әлеуметтік мәртебесі әліде анықталған жоқ. Қытайдағы әйелдер теңдікке деген ұмтылысын тоқтатқан емес, алайда қоғам оларға әлі де ерік бермей келеді. Мысалы, қытайдағы депутаттардың арасындағы әйелдердің үлесі 15-20 пайыздан асқан жоқ. Бұл көрсеткіштің өзі көп сырды аңғартады. Үшінші кезең: 2010 жылдан қазірге дейін. Жақындағы зерттеу нәтижелері қазіргі қытай әйелдері қоғамның белсенді күшіне айналуды, не болмаса байлыққа белшесінен батуды мұрат етпейтінін көрсетті. Керісінше, олар қарапайым әйел заты болуды місе тұтатындығын айтқан. Қытайда әйелдердің жұмысқа орналасу салыстырмасы кейбір көрші елдерден әлде қайда жоғары. Қытайда әйелдердің төрттен бірі жұмыссыз болса, Үндістанда төрттен үш, ал Жапония мен Оңтүстік Кореяда жұмыссыз әйелдер саны 50 пайызға жуық. Деседе, қытайда 1990 жылы әйелдердің 76,3% жұмыс істесе, ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 60,8% -ға дейін төмендеді. Әрине, мұны қазіргі қытайдағы саяси, әлеуметтік өзгерістерден бөле қарауға болмайды.
– «Соңғы кездері Қытай қыздарының шетелдіктермен жаппай тұрмыс құруы, сол елдегі ұлтшылдардың бас ауруына айналды» деген ақпаратты оқығаным бар. Сіздің ойыңызша бұның қандай себептері болуы мүмкін?
– Әрине, қытай қыздарының шетелдіктермен шаңырақ көтеруі жиілей түскені шындық. Әсіресе, Қытайда шетелдікпен тұрмыс құру салыстырмасы теңіз жағалауындағы ең ірі сауда-бизнес, өнеркәсіп және туристік шаһарларында жоғары көрсеткішке жеткен. Меніңше, бұл қоғамдық құбылыстың мынадай себептері бар. Біріншіден, 1978-1983 жылдары Қытай саяси, экономикалық реформа жасап, тат басқан көне құлыпты шағып ашқан кезде ұзақ жыл тұмшалаудан әбден шаршаған халықтың еркіндік пен өркениетке ұмтылысы өте белсенді болды. Дәл осы тұста шетел асып кеткен қытайлықтар, өз капиталын шетелге алып қашқан олигархтар және шетелдікпен отбасын құрушы жандар өте көп болды. Екіншіден, елде саяси реформа жасалған соң, жастар Батыс пен Американың жаңа философиялық, дүниетанымдық шығармаларын оқыды. Бұның соңы қытайда християндық миссонерлікті күшейтіп, діни өркениет пен мәдениет қанат қағып, қытай қыздарының шетелдіктермен тұрмыс құру салыстырмасын жоғарылатып жіберді. Үшіншіден, бұл жағдай денсаулық факторымен байланысты. Өткен ғасырдың 80 жылдарындағы саяси, экономикалық реформадан соң қытайда завод, фабрика көбейді, табиғат былғанды, адам ағзасы мен өміріне қатер төндіретін заттар мен сапасы төмен ішпек-жемектер өндіріліп шығарылды. Осының кесірінен қытай еркектерінің денсаулығы бүлінді. Бұның соңы қытай қыздарының қытай жігіттерін менсінбеу дейтін үрдіске алып келді. Мәдени өресі мен дене сапасы жағынан шетелдіктерді жоғары санағандықтан (әсіресе қара нәсілділерді) қытай қыздарының шетелдіктермен көңіл қосып, тұрмыс құру көрсеткіші өте жоғары болды.
– Қазір қытай азаматтарымен отбасын құратын қазақ қыздарының біртіндеп көбеюі, біздің қоғамды да алаңдатып отырғаны шындық. Бұл тенденция еліміздің ұлт тұтастығы мен қауіпсіздігіне өзіндік ықпал етеді деп ойлайсыз ба?
– Бұл көптен бері сөз етіліп келе жатқан тақырып. Қазір жаһандану үдерісіне байланысты көптеген дәстүрлі құндылықтар жойылды. Оның орнына жаңа құндылықтар пайда болды. Міне, солардың бірі аралас неке. Соңғы жылдары бүкіл жер бетінде ұлты мен тегіне, діні мен діліне, сенімі мен нанымына қарамастан отбасын құратындардың саны артқан. Қазақ қоғамында да соңғы жылдары «ұлттық құндылықтарды қорғап қалу», «ұлтты сақтау» деген дискуссиялар күшейді. Мұның түп-тамыры тереңде жатыр. Әрине, біз қоғам ретінде, әлемдегі өзгерістер кеңістігінде өзімізді сенімді сезінбейбіз. Бізге жан-жағымыздан қауіп төніп тұрған сияқты, мәдени құндылықтарымызды жойып жіберетін, бізді біреулер басып алатын секілді көрінеді. Бұл – қалыптасу үстіндегі қауымдастыққа тән құбылыс. Меніңше, қазақ қара көздерінің қытай азаматтарына үйленгендігінен саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Қазір шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын жаппай қаралау қоғамдық салтқа айналып бара жатқан тәрізді. Деседе, қоғам өз жауапкерлігіне сергектікпен қарай білуі тиіс. Керісінше қазақ жігіттері өз әлеуетін арттыруы керек. Қазақ азаматтары бүгінгі қоғам талаптарына сай бай, бақуатты болса, қыздарымызда өзге ұлттың азаматтарынан бақыт іздемейді деп ойлаймын. Бір айтарым, біздің қоғам әйелдер проблемасына, олардың жан әлеміне үңілгендей нәзіктікпен қарағаны жөн.
– Қытайда әйелдердің құқық – мүддесі қалай қорғалады?
– Қытай өзін зайырлы елміз деп есептейді. Бірақ қытайда заңдық құрылым мен сот жүйесі Еуропа елдеріндегідей кемелді емес. Азаматтардың нормативті құқықтары Қытай заңдарының баптарында нақтылы айқындалғанымен, ол адам факторының әсеріне ұшырайды. Әрине Қытай заңдарында әйелдердің білім алу құқығы, меншік құқығы, еңбек ету құқығы жақсы қорғалған. Деседе Қытайдағы әйел құқығын қорғайтын орталықтар әйел құқығының (әсіресе ауылды жерде) қорғалмайтынын жиі айтады.
Сұхбаттасқан: Ерзат Асыл

(«Жұлдыздар отбасы» журналы)

Пікір қосу