– Динара, бес жыл бұрын Дубайға қоныс аударып шығармашығыңыздан алыстап едіңіз. Қазақстанға қайта оралып жатқаныңызға қуаныштымыз!
– Аллаға шүкір, бір жыл бұрын отбасымызбен Қазақстанға оралдық. Күйеуім кәсіпкерлікпен айналысады. Бес жыл бойы жолдасымның жұмыс бабымен Дубайда тұрдық. Шыны керек, елге оралатынымызды естігенде қатты қуандым. Шетелде жүргенде жақындарымызды, туыс-туғандарымызды қатты сағындым. Елге үлкен сағынышпен оралдым. Балаларымды қазақша мектепке бергім келетін. Егер жолдасымның жұмысы әлі де біраз уақытқа созылып, Дубайда тұра берсек, олар қазақша мектепке бара алмайтын болды-ау деп қатты уайымдайтын едім. Енді балаларымды қазақша мектепке бердім. Олар да отанға оралғандарына дән риза. «Елге оралсам шығармашылықпен тыңғылықты айналысамын» деп жоспарлап едім. Бірақ жақында тағы да сәбилі болдық. Қазір кішкентайыма қарап үйдемін.
– Дубайда жүрген кезде сол жердің нарығына шығып көруді ойламадыңыз бе?
– Дубайдың нарығына шығу туралы ойлар болды. Алайда арабтар өте патриот халық. Олар тек қана өзінің музыкасын тыңдайды, өз ұлттық киімдерін киіп жүреді. Ал мен қазақ тілінде, әрі кетсе ағылшын, орыс тілінде ән айтамын. Оларға мұндай әндер онша емес. Ал мен араб музыкасына жақын емеспін. Сондықтан сол жақтың нарығына өту үшін өзім қаламайтын бағытта ән айтқым келмеді. Қазақстанға арасында келіп тұрдық. Сол уақыттарда әндерімді шығарып, бейнебаян түсіріп кетуге тырысып жүрдім.
– Ол жақта жүріп Қазақстанды қатты сағынған боларсыз?
– Ең бірінші жылдары маған қатты қиын болды. Кеткенім үшін өкіндім десем де болады. Мен тура сол 2011 жылдары әртүрлі халықаралық конкурстардың жүлдегері атанып, бағым жана бастап еді. Жолдасымның жұмыс бабыма байланысты «біз басқа елде тұруымыз керек» деген соң қарсы шықпадым. Мен қанша жерден әнші болсам да отбасымды бәрінен жоғары қоямын. Сол себепті, бірауыздан Дубайға көштік. Бірақ ол жақта жүріп шығармашылығымды тоқтатып қоймадым. Тіпті елге, жерге, жақындарыма деген сағыныштан әндер де шығардым. Көптің көңілінен шыққан «Көп күттім ғой» әнім де сағыныштан туған ән. Мүмкін туған жердің, жақынның қадірін түсіну үшін осындай кезеңдер адамға керек те шығар.
– Бес баланы дүниеге әкелген көпбалалы анасыз. Оның үстіне үй шаруасымен өзіңіз айналысасыз. Осы үй шаруасының қамымен өнерден біржола қол үзіп кетем деген ой болған жоқ па?
– Біріншіден, мен өнерім арқылы айтарлықтай көп қаржы тауып жатқан жоқпын. Себебі тойларға, мерекелік кештерге шықпаймын. Қазіргі өнер адамдарының ең бірінші табысы осы тойдан болып тұр. Ал менің той стилінде ән айтқым келмейді. Күнделікті белгілі бір уақытымды ғана студияда ән жаздыруға, бейнебаян түсіруге, альбом шығаруға жұмсаймын. Яғни, таңнан кешке дейін тек сонымен ғана шұғылданып, өнерді күнделікті жұмысқа айналдырмаймын. Отбасыма да, шығармашылығыма да теңдей уақыт бөлемін. Сол себепті өнерден қол үзем деген ой жоқ. Керісінше Алматыға келген соң, енді-енді ғана бәрін қайтадан қолға алып жатырмын. Похожее изображение
– Динара, заманауи әндерден бөлек қазақтың дәстүрлі әндерін өз стиліңізбен орындайсыз. Мұныңызды үлкен буын тыңдармандарыңыз жоғары бағалайды. Әсіресе, туған жеріңіз Атырау халқы «Желкілдек» әніңізге бейнебаян шыққанда қатты қуанды.
– «Біздің Атыраудың қызы», «Батысымыздың қызы» деп мені Атырау халқы мақтан тұтқаны үшін қатты қуаныштымын. Өзім кішкентай кезімнен сахнаға шықтым. Сол кезден бастап халық әндерін орындайтынмын. Дәстүрлі әндерді көп тыңдауыма туған жерім қатты әсер етті. Біз жақта дәстүрлі әнді жоғары бағалайды. Оның үстіне батыс әншілерінің өз колориті, ерекшеліктері бар. Ғарифолла Құрманғалиевтің «Желкілдек» әні нағыз батыстың әні. Одан бөлек мен орындап жүрген «Арман-ай» әнін мен анамның аузынан естідім. Анам той-томалақтарда үнемі дәстүрлі әндерді айтып, отырыстың сәнін келтіретін. Ол кісінің сүйіп орындаған әнін соңғы альбомыма қостым. Қысқасы, халық әндеріне сүйіспеншілігім ерекше. Өз өңірімнің халық әндерінен де бөлек «Құсни Қорлан» әнін орындап шықтым. Бұл әнді әсіресе Түркия, Дубай халқы өте жылы қабылдады. Дубайда үнемі осы әнді орындауымды сұрайтын. Өзім халық әндерін бұзбай, өзгертпей айтуға тырысамын. Өйткені, халық әндері – біздің ата-бабадан сақталған асыл мұрамыз. Біз аманатымызды сол күйінше болашақ ұрпаққа тапсыруымыз керек. Содан болар ешбір дәстүрлі әншілер, өнертанушылар маған «Ән табиғатын бұздың» деп бірде-бір рет сынаған емес.
– Бұрын халықаралық конкурстарға жиі қатысатынсыз. Қазір тағы да бағыңыз бен бабыңызды сынап көргіңіз келмей ме?
– Қазір менің көп уақытым отбасыма арналады. Ал конкурстар үлкен дайындықты талап етеді. Оған уақытым бола бермейді. Оның үстіне қазіргі халықаралық конкурстарға қатысушылар жасы 30-35 жасқа дейін шектеледі екен. Мүмкін жастарға орын бергеніміз дұрыс болар деп те ойлаймын.
– Алматыға келгелі бері немен айналысып жатырсыз?
– Үлкен жобамен айналысып жатырмын. Оны сіздер бұйырса келесі жылы көретін боласыздар. Одан бөлек «Cый» атты жаңа әніме бейнебаян түсіргім келеді. Мүмкін бұл бейнебаянға менің отбасым қатысып қалар. Қазір бәрін ойластырып жатырмыз.
– Жақында ашық алаңда жаңа альбомыңызды атап өтіп концерт бердіңіз. Альбомыңызды неліктен «8» деп атадыңыз? Әлде нумерологияға қызығушылығыңыз бар ма?
– Өмірімде нумерологқа барып көрмегенмін. Бірақ бір кісі «Нумерология бойынша 8 саны – сенің саның» деп айтқан еді. Осы сөз миымда қалып қойған секілді. Бір жағынан туған күнім де желтоқсан айының сегізі. Бұл сан өзіме қатты ұнайды. 8 санымен байланысты барлық атаулы күндерді, оқиғаларды жақсы көремін. Мысалы 8 наурыз – менің ең сүйікті мерекем.
– Қыз-келіншектер мерекесі де жақындап қалды. Бұл күнді өзіңіз қалай атап өтесіз?
– Кішкентай кезімізде ненің қандай мереке екенін түсінбейміз ғой. Отбасымызда үш қызбыз. Бұл күні анам міндетті түрде бізге гүл әкеліп беріп құттықтайтын. «Мама, бұл не үшін?» деп сұрасақ «Бүгін халықаралық әйелдер күні» дейтін. «Біз әйел емеспіз ғой» деп ештеңені түсінбей таңғалатынбыз. Қазір мен сол дәстүрлі қайталап әр жылы наурыз мерекесіне қыздарыма гүл сыйлап, тәтті алып беремін.
– Ал жолдасыңыз бұл күні сізді қалай қуантады?
– Шынымды айтсам, жолдасым әр мерекеде жақсы сыйлықтар жасайды. Оның сыйлықтары маған қатты ұнайды. Өткен жылы бесінші балама аяғым ауыр кезімде дәрігерлер менің 8 наурызда босанатынымды айтты. Сол кезде жолдасым «Менің осы жылғы сыйлығым баламыз болады» деп қалжыңдады. Бірақ мерзімінен бұрын босандым. Жолдасым үнемі не сыйлайын деп сұрайды. Бірақ менің «Ештеңе керек емес, ештеңе алмай-ақ қойшы» деп, жолдасыма сыйлық алдыртпайтын мінезім бар. Анам осы мінезіме ашуланып «Жолдасың сыйлық алып бергісі келсе, алмайсың ба? Неге бас тарта бересің» деп ұрсып қояды (күлді). Шынымды айтсам жолдасымның сыйлық үшін шығындалғанын қаламаймын.
– Ерке әйел емес екенсіз ғой?
– Айналамдағы қыз-келіншектер жолдастарына бағалы тастардан әшекей, қымбат маркалы көлік алып беруін өтініп жатады. Күйеуім жақсы қаржы тапса да, оны беталды шашқанын қаламаймын. Кішкентай күнімнен ақшаның қадірін біліп өстік. Ата-анам бізді қамтамасыз ету үшін таңнан кешке дейін жұмыс жасады. Соны көріп өскен соң ба, көп қаржы жұмсамаймын. Балаларымды да үнемдеуге, киімдерін күтіп киюге үйретіп келемін. «Судың да сұрауы бар» демекші бекер дүниеге шашылмай, пайдалы, сауапты іске қаржы жұмсауды жөн көремін. Похожее изображение
– Өзіңіз тұрмыс құрмай тұрып, көп балалы болуды армандаушы ма едіңіз?
– Көпбалалы ана боламын деп ешқашан армандаған емеспін (күлді). Өмірімде бес баланы дүниеге әкелемін деп ойламағанмын. Бала кезімнен егіз қыздарым болады деп армандайтынмын. Алланың бұйрығы сол болды. Бірінен соң бірі үш қызды дүниеге әкелдім. Әкесі қыздарын ханшайымдай еркелетіп, жақсы көреді. Күйеуім екеуміз «Гүлдей үш қызымыз бар. Енді ұлды болсақ» деп армандадық. Қызым екіге толғанда ұлды болуды жоспарлай бастадым. Бірақ дәіргерлер өздерінің күнтізбесі арқылы есептеп, «Динара сен әлі бір жылдай ұлды бола алмайсың, осы жолы көтерсең тағы қыз босанасың. Оданда келесі жылы кел» деді. Менің ойымша дәрігерлердің санап айтатын болжамдары өтірік. Мен бұған сенген жоқпын. Сол жылы аяғым ауыр болып, ұл таптым. Шыны керек, жолдасым қатты қуанатын шығар. Перзентханада мені құшақтап, аспанға көтеретін болар деп ойладым. Бірақ жай ғана арқамнан қағып, «Жарайсың» деді. Өз сезімін, қуанышын көп сыртқа шығара бермейтін байсалды жан. Қатты қуанып, немесе ашуланған кезін өте аз көреміз.
Алматыға оралғанымызда тағы да аяғымның ауыр екенін білдім. Сөйтіп екінші ұлымды дүниеге әкелдім. Екі ұлым тете өсіп келе жатыр. Енді жақындарым «Динара, алтын белгіге аз қалды, тағы босансаң қайтеді?» деп қалжыңдап қояды.
– Жасыңыз небәрі 32 де. Бұйырса алтын  де ие боларсыз?
– Анам «Осы сенен бәрі шығады. Сен 40-қа дейін бала табатын шығарсың» деп қояды. Барлығы «Бес балаға қарауға қалай үлгересің?» деп сұрайды. Үлкен екі қызым өсіп қалды, бауырларына қарайды. Балалар бір-біріне қарап өсіп жатыр. Үлкені кішісінің сабағына көмектеседі. Бірақ қыздарымды ас үйге көп жақындатпаймын. Өйткені, кіші қызым бір жарым жасында ас үйде күйіп қалған. Содан бері қорқамыз. Үй шаруасымен өзім айналысуға тырысамын. Картинки по запросу динара сұлтан
– Сырт келбетіңізге қарап бес баланың анасы деу қиын. Үнемі аз уақыттың ішінде тез қалпыңызға келіп алуыңыздың сыры неде?
– Біріншіден, бұл менің ата-анама байланысты шығар. Анам да, әкем де толық адамдар емес. Анам үш қыз дүниеге әкелсе де салмақ қосқан жоқ. Әрдайым жас қыздай сымбатты болып жүретін. Бір жағынан өзі өнер адамы болды, мәдениет үйінде жұмыс істейтін. Үнемі сырт келбетіне күтіммен қарайтын. «Шешеге қарап қыз өсер» демекші анамызға қарап қалыптастық. «Мен де өскенде мамам секілді сұлу боламын» деп анамызға қарап тамсанып отыратынбыз. Әкем қартайса да бойына артық май жинаған емес. Бұдан бөлек өз салмағыма тез келуіме дұрыс тамақтану көмектесті. Қанша жерден генің мықты болғанымен, күнде бауырсақ пен ет жеп отырсаң артық салмақтан сені ешкім құтқара алмайды. Өзім кішкенатайымнан майлы тамақ жей алмаймын. Асқазаным майлы тағамдарды көтере алмайды. Барынша дұрыс тамақтануға тырысамын. Үйде манты, ет тағамдарын көп істемейміз.
– Оған жолдасыңыз қалай қарайды?
– Жолдасымның өзі де асқазанға жеңіл тамақ пісіргенімді сұрап отырады. Кейде балаларыма самса, манты, пицца жасап беремін.
– Барлығына қалай үлгересіз?
– Ертеңгі жұмысымды жатар алдында ойлап қоямын. Жоспармен жүремін. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші ерте тұрып біраз шаруаларымды бітіріп тастаймын. Үлкендерін мектепке, кішілерін балабақшаға апарамын. Шыны керек менің көп уақытым тамақ пісіруге кетеді. Күніне үш мезгіл тамақ істеймін. Жолдасым сырттан тамақ ішкенді ұнатпайды. «Тамақты үйден жеймін. Сенің қолыңнан жегім келеді» дейді. Кейде қолым босамай жатса, алдын ала дайындап кетемін. Бастысы барлығын түске дейін бітіруге тырысамын. Бізде өнер адамдарының режимі өзгеріп кеткен ғой. Көпшілігі күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істейді. Студияға кеште барып таңға дейін дауыс жазады. Ал біз Дубайда тұрғанда ол жердің тәртібін көріп таңғалдық. Дубайдың студиялары тура банк секілді кешкі алтыда жабылады. Барлық жұмыс тәртібі солай. Біз де осыған келуіміз керек, тәртіпке үйренуіміз керек деп ойлаймын.
– Жалпы жолдасыңызбен махаббатыңыз жайлы жиі жазып тұрасыз. Ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілікті сақтап қалу үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Менің ойымша ерлі-зайыптылар өздеріне көңіл бөлуі керек. Оңаша кездесулерге, тамақтануға барып тұру тиіс. Бала-шаға, отбасылық мәселелердің шеңберінде қалып қоймаған дұрыс. Жолдасыңыз арасында сізді кездесуге шақырсын. Шақырмаса, кездесудің ыңғайын өзіңіз тудырыңыз. Балаларыңызды анаңызға немесе әпкелеріңізге уақытша қалдырып, киноға, кешкі асқа барып келуге болады. Ашу үстінде бір-бірлеріңіздің көңілдеріңізге қатты тиетін сөз айтпауға тырысу керек деп кеңес беремін. Әйел адамдар көбінесе эмоциноналды келеді. Қатты ашуға салынбай, сабырлы күйде түсіндірсеңіз ер азамат та түсінеді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу