Асанәлі ӘШІМОВ, актер, Қазақстанның және КСРО халық артисі:Картинки по запросу асанәлі әшімов
– Аға, өмірі өнермен өрілген Сәбира апамыздың өнері жайлы не айтасыз?
– Сәбира апа жайлы кезінде менің бір мақалам да шыққан болатын. «Сәбира – менің пірім» деген. Бірақ Сәбира апа бір менің ғана емес, сол кезде театрға келген бәріміздің де піріміз болды десем, артық болмайды. Актриса апамыз шын мәнінде театрдың, қазақ сахнасының анасы болды. Әсіресе әйел-ана рөлдерін жан жүрегімен беріле, ерекше шынайылықпен, жанын сала, бар жүрегімен тебірене ойнайтын еді. Жалғыз өзі сол дәуірдің сахна өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ сахнасының сан қырлы дарынды, өмірі өнермен өрілген, асқақ дарын иесі болды ғой. Сан қырлы дейтінім, ол үлкен масштабты яғни трагедия, комедия, драма, психологиялық драма – бәрінде ойнайтын, әр рөлін өзіндік нақышымен алып шығатын. Оның сол табиғи, ерек дарыны сол өзі ойнаған әртүрлі жанрда әр қилы жарқырап көрінетін. Жалпы, бұл өмірде түйгенім, өнерді тек жақсы адам ғана жасайды. Жаман адамнан ешқашан жақсы актер шықпайды. Өнердің шыңына сол тек жақсы адамдар ғана көтеріледі. Жаман адамның бәлкім бірді-екілі рөлі сәтті шығуы мүмкін, одан кейінгі өнері өзінің сұрқай өмірі сияқты бірдеңеге айналып кетеді. Ал Сәбира Майқанованың бір қасиеті – жаман ойлай алмайтын, жалған сөйлей алмайтын. Сондай нағыз сахнаның адамы болды. Рөлдерінің ішіндегі ең бір өзін ашқан, өнерін одан әрі шыңдаған, шығармашылығының шыңы ол – Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жера Ана» шығармасындағы Толғанай рөлі. Сәкең Толғанайды ойнап жатқанда зал түгелдей дерлік жылап отырып көретін. Ол Толғанай рөлімен 1967 жылы Қазақ КСР-інің Мелекеттік сыйлығын алды.
– Ал енді өнерінен тыс өмірдегі шынайы бейнесі жайлы айта кетсеңіз…
– Сахнада көбіне ауыр тағдырлы аналарды ойнағанымен өмірде ашық жарқын жүретін жайдары, кез келген ұсақ тірліктерді күлкіге айналдырып жіберетін көңілді, аса қарапайым әрі аса талантты жан еді. Аса талантты деген ұғым тіл ұшына оралғанда менің көз алдыма «самородок сары алтындар» келеді, солардың ішінен бітімі бөлектеу Сәбира апам келеді, құдіретті даусымен дүр сілкіндірген бір дүние келеді. Ол отырған, ол жүрген жер әрдайым мерекелі, берекелі болатын. Өтірікті жек көретін, өте шыншыл кісі болды. Ол кісінің алдында біз де ешқашан өтірік айтып, қылтың-сылтыңды көрсете алмайтынбыз. Бәріміз ұстаз санайтын (әсіресе біздің буын) айбынды Асқар Тоқпановтың өзі Сәкеңнің қабағына қарағыштап отыратын. Аузынан «идиоты» түспейтін Әзірбайжанның екі аяғын бір етікке тығып жіберетін. Жас актерлер қиындық көрсе, Сәкеңе мұң шағатын. Оның тұла бойы тұнған тектілік болатын. Өмірде де, өнерде де тазалықтан жаратылған жан еді. Ол барда театрда тексіз, бөстекі сөз жүрмейтін, жасандылық дегенге атымен орын жоқ еді. Сәбира апаммен өнерде ғана емес, өмірде де арамыз ажырамады. Құдай қосқан көрші болдық. Менің шешемнен жасы кішірек болса да «жеңгей» деуші еді. Былайша екеуінің де білімі бір – қазақы, ауылдық білім, ауылдық болмыс. Арнайы оқу орнын бітірмеген. Сыртынан қарасаң, құдды бір ауылдың екі кемпірі әңгімелесіп отырғандай әсер аласың. Сәкеңде арнайы актерлік білім жоқ еді. Бірақ қандай бейнені қолына алса да шыншыл ойнайтын, өзі сол бейнеге айналып кететін. Басқасын айтпағанда, «Ана – Жер Анадағы» Толғанайы қандай еді десеңізші! Толғанай оның өз өміріне айналып кетті. Ол кісінің бір құдіреті – қандай актермен серіктес болсын, соның бағын ашатын. Сәкең соншалықты ұлы бола тұра, жүрегі сәбидей таза болатын. Ашулануы да оңай, бұрқ-сарқ, қайтымы да тез. Көпшіл, елшіл еді. Елге қамқор кісі болатын.Похожее изображение
– Өзіңіз ол кісінің қандай қамқорлығын көрдіңіз?
– Жарықтық, «Пәленшенің неге үйі жоқ? Бұл үй алу керек», – деп жастарды жанына ертіп жүретін. Сәкеңнің сондай қамқорлығын өзім де көрдім. Үй алуыма көмектесті. Ол кезде қалада басшылықта Дүйсенов деген отыратын. Соған кіріп: «Бізде міне, мынадай келешегі мол жас әртіс бар. Үйі жоқ. Осыған үй керек», – деп, осы қазіргі Достық көшесіндегі 40-шы үйден алғашқы пәтерімді алуға көмектескен. Бір маған ғана көмектескен жоқ әрине, ол кісінің қамқорлығын көрмеген қызметкер болмаған шығар сол заманда. Кең адам болды ғой, кең…
– Сәбира апамен қызметтес әрі құдайы көрші болған екенсіз. Сол бірге жүрген кездердегі қызық оқиғалардан айтып берсеңіз?
– Оның әрбір қылығына жанындағы шәкірт келіншектердің ішегі қатып, әрбір сөзі мен ойынан тағылым алатын. Ол театр қыздарының шабыткері еді. Жүрген жері думан-той болатын. Театрдың партия ұйымын басқарып жүрген шағында жиналыстарда баяндама жасайды. Сәкеңнің хатшысы Александр Иванович Гаврюк деген орыс азаматы болатын, баяндаманы сол кісі жазып беретін. Сәкең мінбеде баяндаманы оқып тұрып бір жерлеріне келгенде кідіріп тұрып қалады. «Не болды екен?» – деп ойлайсың. Бір кезде басын шайқап: «С этими я не согласну», – дейді. Сөйтіп, өзінің жазбағанын білдіріп қоятын, жарықтық (рахаттана күлді). Адалдығы, аңқаулығы ғой. Тұла бойынан даланың иісі шығып тұратын. Дипломсыз, медальсіз дала академигі еді ғой. Сәкеңнің орысшасының соңы кілең «у» дыбысымен аяқталатын. Мәселен, «хорошу», «спасибу» деген тәрізді. Біреулер үшін орысша сөйлей алмау өліммен тең болған заманда Сәкең орысшаңызды белден басып, ойын төтесінен түсіндіріп жүріп-ақ көштен қалған жоқ. Сәбира не жасаса да, не айтса да өзіне жарасып тұратын. Тіпті сүрініп, құлап қалса да жарасып тұратын. Өйткені бәрі өз табиғаты еді. Сол орысшасымен он тоғыз жыл театрдың партия ұйымын басқарды. Сәкеңдерді, сол күндерді ет жүрегім елжіреп сағынамын…
С.Майқанованың Қазақ өнеріне сіңірген еңбегі бүгінде өз дәрежесіне сай ұлықталды ма?
– Сәкең Қазақ театрын бақытты еткен адам. Және өзі де сахна өмірінде бақытты әртіс болды. Қандай рөл болса да жарқырата ашып жіберетіндіктен оған рөл беріп, онымен жұмыс жасау режиссерлерге де бақыт болатын. Біреулер үшін күні-түні азапқа айналатын актерлік қимыл-әрекеттерді, аһ ұру, шаттану, жылау, күлуді ол оп-оңай, өмірдің өзіндей етіп жасайтын. Әрбір рөлге дайындығы ерекше болатын. Ол сахнаның сесі еді. Сәкеңді бәрі жақсы көретін, бәрі сыйлайтын.
Сәкең театрда денсаулығына байланысты немесе тағы да басқа себептермен қойылымды тоқтатыпты немесе кейінге қалдырыпты дегенін ешқашан естімеппін. Денсаулығы өте мықты болатын. Бір қыңқ-сыңқ еткенін көрмедік. Бірден кетті. Бір өкініштісі, бүгінде өзі тұрған үйінде кішкентай тақта қойылғаны болмаса, өз дәрежесіне сай ұлықталмай отыр. Сәбираның атымен үлкен бір театрды атауға немесе бас қалаларымыздың бірінен бір көшені атауға болатындай-ақ ұлы тұлға еді.
– Қазіргі театрдың жай-күйі қалай, аға?
– Қазір көрермен бұрынғыдай емес. Азайған. Сиреген. Ылғи жас­тар, мектеп оқушылары, студенттер. Ал бұрын театрға интеллигенция келетін. Мұхтар Әуезов келетін, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллиндер өрде төбедей болып отыратын. Олардың алдында ойнаудың өзі де қиын болатын. Фальшивит ете алмайсың. Театрдың өсуіне бірден-бір жағдай жасайтын, тартатын солар еді. Көрерменің егер улап-шулап отыратын балалар болса олардың алдында бәлен-шәлей ойнап шыға салуың мүмкін. Ал енді анау Мұхтар Әуезов келіп отырса, Қаныш келіп отырса сен өтірік ойнап көр! Барлық күшіңді салып ойнайсың. Соған мәжбүрлейді көрерменнің өзі. Біздерді сол көрермендер де тәрбиеледі. Көрерменіміздің алдында жақсы ойнауға, беріліп ойнауға жан салатынбыз. Ал қазір интеллигенция да қалмады. Қалса да кемпір-шалдар. Олар театрға келе бермейді. Бұрынғыдай театрға ағылатын халық азайған. Қазіргі театрдағы жастарға бұл жағы енді ауырлау.

Есмұхан Обаев, ҚР халық артисі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері:
Өмірінің соңына дейін сахнада жүрді

Похожее изображение– Есмұхан аға, сұхбатымызды Сәбира апамыздың Қазақ театр өнеріне сіңірген қызметінен бастасақ…
– Қазақтың профессионалды театр өнеріндегі ерекше айтулы тұлғалардың бірі – Сәбира Майқанова апамыз. Қазақтың сахналық және кино өнерін биікке алып шыққан, ұлы трагик актрисасы, театр өнерінің бүкіл одақтық көрермендер тарапынан өте жоғары баға алған, маңдайалды жұдызы. Көзі жұмылғанша осы Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрында жұмыс істеді. Бұл кісінің әр қырлы, сан түрлі рөлдері елдің есінде, еш ұмытпайды деп санаймын. Сәбира Майқанова көрерменге қазақ анасын, тіпті әртүрлі шығармада әр дәуірдегі аналар галереясын сомдау арқылы Әлем Анасы болып танылған табиғаты дара тұлға еді. Әдетте әртісте тума талант пен еңбекке қоса образды сомдағанда ішкі интеллектісі болмаса ол әртіс болып жарытпайды. Сәбира апамыз сол ішкі алапатын, ішкі жан дүниесін қопара және оны сыртқы бейімімен үйлестіре бірге алып, жанымен ғана емес, жүрегімен ойнайтын. Картинки по запросу сәбира майқанова
– Әр әртістің өзіне жылы, жұлдызы жарық рөлі болады ғой. Апамыздың сол өзіне жақын рөлі қайсысы болды деп ойлайсыз?
– Көбі аналар рөлі болғандықтан, менімше барлығы өзіне жақын болды деп ойлаймын. Барлық рөлді өзі жылап, көрерменін демалдыртып, өзі демалып, көрерменін жылатып ойнап шығушы еді. Көрермендерін еш жалықтырмайтын, жарықтық.
Апамыз тіпті сахнадан тыс та сол елдің анасы бола білді. Елдің адамы еді. Шыр-пыр көңілімен елдің жоғын жоқтап, қазақтың мұңына қалқан болып жүретін. Тіпті театрдағы кейбір әртістердің отбасылық мәселелеріне де белсене кірісіп кетіп, ері мен әйелі ренжісіп қалып немесе ері үйіне қонбай жүргендер болса соларды, «Әй, сендерге не болды? Бұларың не, құдай ұрғырлар… тәйт әрі! Театрда қалай жүрсеңдер, үйде де солай тату жүріңдер, қане!» – деп, ұрса жөнеліп, татуластырып бәйек болушы еді.
Сәбира апамыз сол кездегі өзінің дүркіреп тұрған атақ-даңқын, осы үлкен үйдегі сыйлы құрметінің пайдасын театрға әкеп салатын. Мәселен, театрда үйсіз-күйсіз жүргендер, жаңа үйленген, үйі жоқ бозөкпе жастар болса сол кездегі ел басшысы Д.А. Қонаевтың алдына қаймықпай кіріп, солар үшін үй сұрап, өзгелерді қуантып, олардың қуанғанына өзі де баладай мәз болып жүруші еді.
– Ол кісі сахнадан тыс қандай жан еді?
– Ақкөңіл, дарқан пейілді кісі болды. Үнемі көңілді жүретін. Өзінің Қызылордасын, туған өңірін жақсы көруші еді. Келген жас таланттардан:
– Қаяқтансың?! Өөй, жексұрын, қай жақтансың? – деп айқайлап сұрайтын, олар:
– Алматыданмын, – десе:
– Өөй… Алматың болса қойшы, Қызылорда болмаған соң оның маған неменесін сөз қыласың?! – деп, туған жерін сағынып отырушы еді. Ал қызылордалық бола қалса бәрін жинап, оларға қамқор болып, үйіне шақырып, шай беріп жүруші еді. Апамыз сосын тыным таппайтын, еңбекқор жан еді. Және өзі сол кездері театрдың партия ұйымының хатшысы болды. Жалпы, мынау партия деген ұғым маған осы кісілерден қалған бір тәртіптің, жинақылықтың, жауапкершіліктің үлгісіндей болып тұрады. Содан, ол өзі партия ұйымының хатшысы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады және жаңағыдай жанашырлық қызметтері тағы бар арлы-берлі жүгіртетін. Одан өзінің негізгі қызметі – ойнайтын рөлдері бар, соның біреуін де ақсатпай, бәріне үлгеріп, қалай бірдей алып жүретініне қайран қалатынмын. Және ол кезде әртістерге қазіргідей жағдай, жақсылық та жоқ заман ғой. Бүгін Алматыда болса, ертең Семейде немесе қазір Атырауда жүрсе кешке Лондонда болады дегендей. Ал олар қыстың қақаған боранына, жаздың аптап ыстығына да қарамай, су кешіп, дала кезіп, маңдай терін төгетін. Мамыр айында Алматыдағы жұмыс маусымын жауып, ескі-ескі машиналарға мініп алып, үш айға ауыл-ауылды аралап кететін. Гастрольдетіп кеткенде әрқайсысының үйлерінде бала қалатын, күйеу қалатын, кемпір-шал қалатын. Оны ойлауға оларға шама бар ма, бәрі өз қызметтеріне махаббатпен берілген, театр десе ішкен асын жерге қоятындар еді ғой. Содан олар күзде бірақ келетін.Картинки по запросу сәбира майқанова– Бүгінде Сәбира апамыздың ізін жалғастырушы қарлығаштары деп кімді айта аласыз?
– Айтсам, дәл бұл кісінің бейнесіндегі, бейіміне жақын келетіні жоқ. Себебі бұл кісілер Мәскеуге барып арнайы мектеп оқымай-ақ, табиғатта сирек туылатын адамдар. Сирек талантты, сирек болмысты, тумысынан дара туылған, қайталанбайтын сирек характерлі адамдар. Қазір жалпы ана рөлін сомдап жүрген, өз жұмыстарын жақсы көретін, жақсы ойнайтын әртістер бар ғой әрине. Ал енді мына арнайы мектеп оқымай-ақ дегенге келсек, Сәбира апаларыңның сахнаға келген кезі режиссерлер Жұмат Шанин, Серіәлі Қожамқұловтардың, Асқар Тоқпанов, Қанабек Байсейітовтер сынды өнер тұлғалары мен тұспа-тұс келеді. Және басқа да тума таланттар Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Қамал Қармысов, Сейфолла Телғараев сынды ірі өнер майталмандарының республиканың әр жерінен келіп, бір орталыққа шоғырланып, тәжірибелері толысып жатқан кез. Апаларыңның өнер жолындағы темірқазығы, өнерге баулаушы, бағыт-бағдар беруші ақылшылары осылар болған. Ол кісі осы ғұлама мектептен өткен.
– Сәбира апамызбен өзіңіз қойылымдарда рөл сомдадыңыз ба?
– Иә. Сабира апаның көптеген рөлдерінің ішіндегі биік шыңы Ш. Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектаклі. Сол жерде мен апаның екі баласының бірінің рөлін сомдадым. «Соғыс..!» – деп, екі баласы жүгіріп келіп айқайлаймыз, «Апа, соғыс бас­талды!» – деп. Сонда түнеріп кетіп, бар денесімен бізге бұрылып: «Не дейді?….» – деген бір сөзден кейін, бір секунд үнсіз қалады. Осы үнсіздікте апамыз кәдімгі теңіз толқығандай, алапат дауыл, сел басталғандай үлкен бір апаттың келе жатқанын соғысты естігенімен көрмеген көрермендердің көз алдына әкеле алатын, керемет жеткізетін.
Залдың іші тап бір соғыс жаңа басталғандай тым-тырыс болып, тына қалатын.
– Соғыс деген не? – деп, аспан мен құдаймен сөйлеседі ол кісі. – Құдай сенің бар екенің рас болса, мынау соғыс деген апатты неге тоқтатпайсың? Неге менің бес адамымды бір үйден жұлып жейсің? Неге апат қыласың? Сен құдайсың ғой! Сенің қолыңнан келеді ғой. Тоқтат! – деп зарланады. Дәл осы философиялық монологты оқуға қаншама жігер керек, қаншама рух керек, қаншама мінез керек.
– Соңғы рөлі есіңізде ме?
– Театрға келгендегі тұңғыш рөлі Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай рөлі болған. Ал соңғы рөлі есімде қалмапты. Өзі өмірінің соңғы күндеріне дейін сахнада жүрді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ася Асеткина

                               (ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басуға болмайды)

(Толығырақ «Аңыз адам» журналының 2018 жыл, №18 санынан оқи аласыздар )

 

Пікір қосу