Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шығыстағы көрші ел – Қытаймен дипломатиялық, экономикалық байланыс орнатты. Әсіресе, 2017 жылы Қытай «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыра бастағаннан бері екі елдің қарым-қатынасы нығая түсті. Бірақ ел арасында қытай туралы әр түрлі әңгіме желдей есті. Халықтың санасын шеңбектеген басты үрей – болашақта Қытай түрлі тәсілмен (саяси,экономикалық) қазақ жеріне ақырындап кіріп, бізді билеп-төстемей ме? 70 жыл орыстың боданында болғанымыз аздай, енді қытайдың отарына айналмаймыз ба?! Әрине мұндай үрей иектеуінің де өзіндік себептері бар. Бірақ қалай айтсақ та, Қытай бізге жұмбақ ел. Оның тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы, қазіргі экономикасы, ішкі-сыртқы саясаты туралы көп ештеңе білмейміз. Қытайда:«жауыңды алақаныңдағыдай анық білсең, жеңіске жетесің»,- деген тәмсіл бар. Демек біз үшін, қытайды танып білу – жауымыздан сақтану үшін, қорғану үшін аса қажет. Осы маңызды тақырыпқа атсалысу үшін «Жұлдыздар отбасы» журналының редакциясы «Қытайтану» деп аталатын жаңа айдар ашып отыр. Мұндағы басты мақсатымыз – қытайды тану арқылы одан қорғану. Сонымен қоса, қытай тарихындағы бізге беймәлім ірі оқиғалар туралы құнды ақпараттарды қытай тілінен аударып беру және білімді, білікті қытайтанушылармен сұхбаттасу.
Өткен жылы (2018) Ұлыбританияның BBC телеарнасы «апиын соғысынан АҚШ-Қытай сауда соғысына дейін» атты сараптамалық мақала жариялады. Осы мақалада: «Қытай-АҚШ сауда соғысы саябырсыды, бірақ ол Құрама Штаттардың терең экономикалық құрылымын өзгерте алмады. «Апиын соғысы» сияқты, «сауда соғысы» толастағанымен, Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс жалғаса беруі мүмкін» делінген. Ал халықаралық сарапшылар кезіндегі Қытай мен Ұлыбритания арасындығы «апиын соғысы» болсын, қазіргі АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысы» болсын, екеуі де сауда мүддесінен туындағанын баса айтады.
Біз «Қытайтану» айдарының беташар материалында Қытай тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі «апиын соғысы» туралы жазуды жөн көрдік. Қазақ оқырмандарына аса таныс емес осы оқиғаның тарихи себеп-салдарын және соғыстың қытай тарихына жасаған өзгеше ықпалын сөз етпекпіз.
«Апиын соғысының» тұтануына не себеп болды?
ХVІІІ ғасырда Ұлыбританияда белең алған индустриялық революция елдегі өндіргіш күштердің дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде, Ұлыбритания үлкен өнеркәсіптік елге айналды. Енді Британияға өз тауарларын экспорттайтын үлкен нарық қажет болды. Ал сол тұста Қытайды билеген Цин империясы ағылшындар үшін қолайлы ел саналды. Өйткені, Цин империясы сол кезде әлем халқының үштен бір бөлігін құрайтын Азиядағы ірі мемлекет еді. Оның үстіне Қытайда өндірілетін шай, жібек, фарфор және басқа да бағалы бұйымдар еуропалық нарықта жоғары сұранысқа ие болатын. Сол кездегі сауда дағдысы бойынша Қытай тауарларын сатып алатын батыстық саудагерлер оның өтеуіне тек алтын не күміс төлеуі шарт болатын. Сөйтіп, батыстың қыруар алтын-күмісі Қытай нарығына ағылды. Нақтылы тарихи деректерге сүйенсек, 1781–1790 жылдар аралығында Қытайдан Ұлыбритания 16,4 миллион күміс сәріге (сәрі – сол кездегі қытай күміс ақшасы, бір сәрі шамамен 7128 теңгеге тең — автор) тауар сатып алыпты. Ал 1800–1810 жылдары бұл көрсеткіш 26 миллионға жеткен. Алайда, Қытай сол кезде өзін-өзі тауармен қамтамасыз ететін жабық ел болғандықтан, британдық саудагерлердің өнімдерін көп сатып ала бермейтін. Сондықтан Ұлыбритания үшін алтын-күмістің Қытайға ағылуын тежеу және Қытай нарығына көптеп өнім сату бәрінен де маңызды болды. Сөйтіп, өзіне мүлде тиімсіз сауда байланысын өзгерту үшін Ұлыбритания 1800 жылдан бастап Қытайға апиын сатуды қолға алды. Сондай-ақ әлемде ең көп апиын өндіретін Үндістанды жаулаған соң, апиын саудасын тіптен ұлғайта түсті. Бастапқыда Цин үкіметі апиын саудасының алдын алып, қатаң қадағалады. Бірақ жұрт арасында апиынды «өлместің еміне, шаттықтың шарабына» балайтындар барған сайын молая түсті. Кейбір тарихи деректерде осы кезде Ұлыбритания үкіметінің апиын сатумен айналысатын компанияларға және саудагерлерге арнайы қолдау көрсетіп отырғаны айтылады. Тарихи жазбаларға жүгінер болсақ, Қытайға 1821жылы 4000 қорап апиын саудаланса, 1838 жылы 40200 қорапқа дейін жеткен. Міне осылайша, Қытай жөңкілген апиын тасқынының астында қалып, елді үлкен экономикалық дағдарыс жайлады. Үкімет ұлықтары мен дәулетті адамдардың басым бөлігі апиынға салынып, мал-мүлкінің бәрінен айрылды. Билік басындағылар азғындап, армия жауынгерлік қуатынан айырылды. Осы тұста Линь Зексу бастаған ашық ойлы азаматтар Даугаң патшаға хат жазып: «Аспан астын апиын жаулауға айналды. Егер апиын алыпсатарларына үкімет заңмен тыйым салмаса, алдағы он жылда елімізде жауға қарсы тұрар жасақ, қазынамызда жармақ қалмайды» деп ұсынысын айтып, күйінішін білдірді.
Көзқарақты ұлықтардың өтінішін құп көрген Цинь императоры Даугаң 1838 жылдың желтоқсан айында «апиынға тыйым салу» жарлығын жариялады. Сонымен қоса осы жарлықтың атқарылуын қадағалайтын арнаулы өкілетті орган құрды. Ал Линь Зексу осы органның бақылаушы ұлығы болып тағайындалды. Ол жұмысқа кірісе салысымен кедендік бақылауды күшейтіп, апиын саудасындағы контрабандалыққа қатаң тыйым салды. Сонымен қоса Ұлыбританияның әскери шабуылынан сақтану үшін мемлекеттің әскери қорғанысын күшейте түсті, әрі патша жарлығын қатаң атқаруды өзі қадағалады. Шетелдік саудагерлермен келісімге келіп, апиын саудалауды тоқтатуын талап етті. Ал жарлыққа бойұсынбағандарды жазалады.
1939 жылы 3 маусымда Гуандун провинциясының Хумен деген жерінде британиялық саудагерлерден тәркіленген апиын өртелді. Оны өртеуге де Линь Зексу тікелей басшылық етті. Тарихи деректерде Хуменде 2376 тоннадан артық апиын өртелгені айтылады. Осының нәтижесінде елдегі апиын шегуге қарсы тұру қозғалысы жеңіске бір табан жақындай түседі. Сол жолғы апиын өртеу оқиғасынан кейін, апиын саудалау тоқтатылды. Линь Зексудің халыққа үндеу хатында: «Заң хан мен қараға бірдей, кімде-кім апиын саудаласа, заң бойынша жазаланады», – делінген. Осыдан кейін шетелдік саудагерлердің қытай жерінде сауда жасауы түрлі заң-ережелермен қадағаланатын болды.
1839 жылы тамыз айының басында қытайдың апиынға тыйым салғаны туралы хабар Ұлыбританияға жетті. Бұл тыйымды өздерінің мүддесіне қайшы деп білген британдық саудагерлер Қытайға соғыс ашуды ұйғарды. Сол жылы 30 қыркүйекте сауда өкілдері Британияның Сыртқы істер министрі Бамаға: «Қытайдың апиынға тыйым салуы – Ұлыбританияға қарсы агрессивті әрекеті», – деп хат жолдады. Әрі елдің экономикалық мүддесін қорғау үшін Қытайға соғыс ашу керек екенін ескертті. Осыдан соң 1839 жылдың 1 қазанында Ұлыбритания үкіметі Қытайға әскер жіберу мәселесін талқылау үшін, министрлер кабинетінің отырысын өткізді. Осы отырыстан соң Қытай теңізіне әскери флот жіберуге шешім қабылданды. Оның себебін министрлер кабинеті «саудаға тосқауыл қойылды және Ұлыбритания халқының өміріне қауіп төндірді» деп түсіндірді. 1840 жылы 16 қаңтарда Ұлыбритания патшайымы Виктория парламент жиналысында: «Қытайдағы оқиғалар екі ел арасындағы қарым-қатынастың шиеленсуіне әкеліп соқты. Біз бұған баса мән беріп отырмыз. Біз әлемнің қай бұрышында да азаматтарымызды қорғауды патша әулетінің қасиетті борышы деп білеміз», – деп Қытайға соғыс ашуды жақтайтынын білдірді.
1841 жылдың 1 наурызында Ұлыбритания армиясы Қытайдың Гуанчжоу қаласына шабуыл жасап, қала портын басып алды. Көп өтпей Ұлыбритания армиясы теңіз жағалауындағы өзге қалаларға да әскер кіргізді. Міне осылайша, Қытай-Ұлыбритания арасындағы «апиын соғысының» оты тұтанды. Жаңа үлгіде жасақталған, озық қарумен жарақтанған Ұлыбритания армиясына Цин армиясы төтеп бере алмай, ойсырай жеңілді. Ағылшындардың жойқын күшіне қарсы келе алмасын білген Цин үкіметі ақыры Ұлыбританиямен келісім жасауға мәжбүр болды.
«Нанкин келісімнің» жасалуы
1842 жылдың тамызында Цин армиясы зор жеңіліске ұшырады. Ұлыбритания әскері Нанкин қаласын басып алды. Осыдан кейін Ұлыбритания үкіметі Қытайды жаңа келісім жасауға қыстады. Тығырыққа тірелген Цин үкіметі шартсыз келісімге келуге мәжбүр болды. Сөйтіп 1842 жылы 29 тамызда Цин үкіметі Ұлыбритания ұсынған «Нанкин келісімін» ресми түрде мақұлдады. Келісімге сай, Гуанчжоу, Фучжоу, Сямэнь, Нинбо, Шанхай сияқты порттарда ағылшындардың тұруына, сауда жасауына еркіндік берілді. Гонконг аралдары Ұлыбританияның иелігіне өтті. Түрлі әскери шығындар үшін Цин үкіметі 21 миллион күміс сәрі төлеуге міндеттелді. Ұлыбритания сауда кемелерінің Қытайдың теңіз жағалауы мен ішкі су жолдарында емін-еркін жүруіне рұқсат етілді. Түрлі кедендік салықтарды Қытайдың Ұлыбритания билеушілерімен келісе отырып мақұлдауы шарт етілді. «Нанкин келісімі» мақұлданғаннан кейін ғана Ұлыбритания армиясы өзі жаулаған өңірлерден шегініп шықты. Осылайша апиын соғысы ағылшындардың зор жеңісімен аяқталды.
Қытай тарихшылары «апиын соғысын» таяу заман Қытай тарихына жаңа өзгеріс әкелді деп санайды. Шындығында «апиын соғысынан» кейін Қытай қоғамында не өзгерді? Ең әуелі, апиын соғысы қазіргі заманғы Қытай тарихының жаңа бұрылысы болды. Олай дейтініміз, жабық жатқан дәстүрлі елдің есігі әлемге айқара ашылды. «Нанкин келісімінен» соң Қытай мен Ұлыбритания арасында «Хумен келісімі» жасалды. Осы келісім шартқа сай, ағылшындардың Қытайда үй сатып алуына, жер телімдерін пайдалануына, кен орындарын ашуына мүмкіндіктер берілді. Осы келісімшарттар тек 1943 жылы ғана күшін жойды. Гонконг аралдары 1997 жылы, яғни 150 жылдан кейін Қытайға қайтарылды.
Ерзат Кәрібай, қытайтанушы:
«Апиын соғысы» қытай қоғамын түбегейлі өзгертті
– Ерзат, тарихшылар «апиын соғысын» неліктен қытай таяузаман тарихының жаңа бұрылысы деп қарайды?
– Өйткені, осы соғыстан кейін Қытай қоғамы жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Одан бұрынғы 2000 жыл ішінде Қытайдың қоғамдық форматциясында ешқандай өзгерістер болған жоқ. Олардың дүниетанымы мен өмір салты да көп өзгермеді. Конфуций заманында Қытай қоғамы қандай болса, Цин империясы кезінде де сол қалпын сақтады. Арада қанша ғасыр өтсе де, Қытай қоғамында батыс елдері сияқты жаңа саналық сілкіністер туындап, ғылыми жаңалықтар ашылған жоқ. Олай болуы мүмкін емес те еді. Ал «апиын соғысынан» кейін феодалдық қоғамның үстемдігі ыдырап, капитализмнің алғашқы белгілері пайда бола бастады. Жаңа идеялар өмірге келді. «Біртұтас Қытай ұлты» деген ұғымда осы кезде қалыптасты. Жалпы «апиын соғысына» дейін Қытайды 20-дан астам патшалық 4000 жылдай билегенімен, олардың барлығы бір сарынды ел басқару дағдысынан жаңылған жоқ. Әсіресе, 1576-1840 жылдары Қытай өзге елдермен жақын араласпады. Мұның сырын ешкім дөп басып айта алмайды. Не себепті жабық ұстағаны – тарихи жұмбақ. Ал «апиын соғысы» Қытайдың жабық қақпасын әлемге айқара ашты. Бүгінде көзіқарақты Қытай тарихшылары батыс елдері Қытай қақпасын зеңбірекпен күйретіп ашқанын мойындайды. Қысқасы апиын соғысы қытай қоғамын түбегейлі өзгертті.
– «Апиын соғысында» Цин империясы не себепті ағылшындардан жеңілді?
– 1840-1842 жылдар аралығындағы қытай-ағылшын соғысына Ұлыбританиядан 20 мыңнан астам әскер, 200-ге жуық соғыс кемесі қатысқан. Ал Цин империясының 220 мыңнан артық әскери күші теңіз жағалауындағы маңызды қалаларды қорғады. Екі жыл ішіндегі бес ірі соғыста Цин әскерлерінен 3 мыңнан астам адам қаза тапса, ағылшындардан тек 69 адам ғана оққа ұшқан. Ақыры ағылшындардың озық қаруына төтеп бере алмаған Цин үкіметі жеңіліп, шартсыз келісімге келуге мәжбүр болады. Кез келген отаршылдықтың басты мақсаты – басып алған елдегі байлықты бұлап-талау, жерін иелену. Кезінде Рессей империясы да, қазақ даласының байлығын талан-таражылады емес пе?! «Апиын соғысы» да қытайдың байлығын бұлап-талауға бағытталды.
– «Біртұтас Қытай ұлты» деген ұғым «апиын соғысынан» кейін қалыптасты» дедіңіз, енді осыны тарқатып айта кетсеңіз?
– Әлемнің көптеген елдерінде ұлт деген ұғым ХІХ ғасырда пайда болды. Сол сияқты қытайда да «Біртұтас ұлт» ұғымы ХІХ ғасырдың соңында қалыптаса бастады. Осы идеяны ең алғаш Сунь Ятсен алға қойды. Ол 1896 жылы елдегі монархиялық билікке қарсы көтеріліс ұйымдастырмақ болды. Алайда оның бұл жоспары әшкереленіп қалғандықтан, шетелге қашып кетті. Кейін Сунь Ятсен Американың Гавай аралында, онан соң Жапонияның Токио қаласында шетелдегі қытайлардың басын біріктіріп, Цин империясына қарсы төңкерістік ұйым құрды. Сунь Ятсен құрған осы ұйымдарды ағылшындар жасырын қаржыландырған деген де сыбыстар бар.
Сунь Ятсен: «маньчуларды елден қуып, Хуашяны (Хуашя – қытай ұлтының байырғы атауы) қалпына келтірейік» деген ұран көтерген. Ол өзінің «Ұлт Мұраты» атты еңбегінде: «біз қазірге дейін, неше мың жылдық тарихымызда, өзімізден жүз есе аз көшпенді ұлттардан жеңіліп келдік. Мұның себебі неде? Өйткені, бізде біртұтас ұлттық идеология болмады. Тек әулеттік, жерлестік идеология ғана болды. Осының кесірінен үнемі жеңіліске ұшырап отырдық. Бізді Моғолдар басып алды. Манчулар үстемдік жүргізді. Енді біз біртұтас қытай ұлты болуымыз керек», — дейді. Осыдан соң қытай интелегенттерінің арасында ұлт атауы туралы талас-тартыс туындады. Кейбіреулері ұлт атауын Таң династиясының аты бойынша «Таңдықтар» (Таң ұлты) деп атауды жөн көрді. (Қазір әлемнің ірі қалаларында қытайлар қоныстанған районды, «Таңдықтар көшесі» деп атайды). Ал енді біреулері ежелгі атауларын қалпына келтіріп «Хуашя ұлты» деп атауды қалады. Сөйтіп, біраз жыл қытай ұлты өздерін «Таңдықтар» және «Хуашя ұлты» деп атап жүрді. (әсіресе, «Таң ұлты» дегенді шетелдегі қытайлар көбірек қолданды). 1949 жылы Қытайда билік тізгіні коммунистердің қолына тиді. Олар осыдан соң ұлт атауын Хань мемлекетінің аты негізінде «Хань ұлты» (Хань зу) деп өзгертті. Сондай-ақ Пекин диалектісін мемлекеттік ортақ тіл деп таныды. (Қазір Пекин диалектісінде 900 миллион халық сөйлейді).
Қалай десекте, ұлттық тұтастық мемлекетті құдыреттендіретін ең ұлы күш. Ал бүгінгі қазақ қоғамында ұлттық тұтастыққа кесірін тигізетін кедергілердің бар екені жасырын емес. Ұлттық тұтастықтың ең басты шарты – тіл. Ол үшін ұлт алдымен өз ана тілінде сөйлеуі керек. Кезінде қытайда қаншама жергілікті тілдер болды. Ал бүгін олардың ешқайсысы қолданыста жоқ. Демек ортақ тіл болмайынша, біртұтас ұлттың қалыптаспайтыны тарихи шындық. Әрине, қазақ тілі иісі қазаққа ортақ тіл. Бірақ бізде сол тілде сөйлемейтін қазақтар қаншама. Бұл ұлттық тұтастыққа кесірін тигізеді.
– Қазіргі қытай тарихшылары «апиын соғысына» қалай баға береді?
– Ең алдымен, Қытай – әлемдегі тарихи деректері ең мол сақталған ел. Сондықтан Қытай тарихындағы елеулі оқиғалардың барлығы дерлік қағазға түсірілген. Қытай архивтерінде де «Апиын соғысы» жайлы деректер молынан сақталған. Негізінен қазіргі қытай тарихшылары «апиын соғысына» объективті түрде баға береді. Әсіресе, осы заманғы қытай тарихшылары 1840-1949 жылдар аралығын «жүз жылдық қорлық» деп атайды. Мұның өзіндік қисыны да бар. Өйткені, сол жүз жыл ішінде, батыс елдері мен Жапония, Қытайды мейілінше талан-таражға салды. Ол кезде Қытай өзге елдің сұғанақтығына қарсы тұра алмады. Үнемі отаршыл елдердің ығына жығылды. Бірақ олар қорлық көрген осы тарихынан сабақ алуды ұмытқан жоқ. Айталық, «апиын соғысы» арнаулы мектеп оқулықтарына енгізілген. Осы тарихи оқиға жайлы түрлі фильмдер түсірілген. Арнаулы мұражай ашылған. Апиын өртелген Хуменде Линь Зексуге арнап ескерткіш қойылған. Ең бастысы қазіргі қытайда апиын саудалауға заңмен қатаң тыйым салынған. Мұның барлығын бүгінгі қытай, өткен тарихынан ащы сабақ алу үшін жасап отыр. Әрине ұлт әлсіздікке ұрынған тұста өзге өктем күштерден таяқ жейді. Біздің қазақ тарихында да ұлттың қасіретіне айналған қаншама оқиғалар өтті. Біз соны жеріне жете зерттедік пе? Сабақ алуға тиісті сан тарихи кешірмемізді бүгінгі ұрпақ санасына құя алдық па? Міне, осы өткір сауал бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Негізі, нағыз «Рухани жаңғыру» тарихымызды түгендеп, ондағы қателіктерден сабақ алып, ұрпақты дұрыс жолға салудан басталады.
– Қытайда апиын саудалауға заң жол бермейтінін айттыңыз. Олар апиын саудасымен нақтылы қалай күресіп келеді?
– Қытайда апиын саудасын шектеуді қадағалайтын арнайы күштік құрылым бар. Олар біріншіден кедендік бақылауды күшейтсе, екіншіден ел ішінде есірткі саудасын қатаң бақылауда ұстайды. Ал жазалау тәртібі саудаланған апиынның мөлшеріне байланысты болады. Егер күдікті көп мөлшердегі апиын саудалап қолға түссе, ұзақ мерзімге сотталады, немесе өлім жазасына кесіледі.
– Өткен жылы батыс басылымдары «апиын соғысы» мен қазіргі АҚШ-Қытай «сауда соғысын» салыстыра жазды. «Апиын соғысы» тұсындағы Қытай мен бүгінгі Қытайдың әлеуетін қалай бағалауға болады?
– Апиын соғысының тұтануына Ұлыбритания мен Қытай арасындағы сауданың екі жаққа бірдей пайда әкелмеуі себеп болған еді. Ал 2001 жылы Қытай әлемдік сауда ұйымына мүше болды. Сонан бергі 17 жылда АҚШ кейбір тауарларына Қытайдың жоғары кедендік салық салғанына көз жұма қарады. Ал Трамп билікке келгеннен кейін, бұған төзе алмайтындығын аңғартты. Сөйтіп, АҚШ пен Қытай арасында «сауда соғысы» басталды. Осы тұрғыдан алып қарағанда «Апиын соғысы» мен «сауда соғысында» белгілі ұқсастықтар бар болуы мүмкін.
«Апиын соғысы» кезінде Қытай әлем экономикасының үштен бір бөлігін ұстайтын еді. Алайда, жалпы ішкі өнімі өзінен үш есе аз Ұлыбританиядан ойсырай жеңілді. Себебі, Қытай ол кезде әлемдік өркениеттен тыс қалған еді. Қазір де Қытайды аса әлеуетті ел деп айтуға келмейді. 2017 жылы әлемдік экономиканың 16 пайызға жуығы Қытайға тәуелді болды. Бірақ Қытайда мыңдаған шетелдік кәсіпорындар бар. Сол кәсіпорындарда 100 миллионға жуық қытай жұмысшылары еңбек етеді. Осы кәсіпорындардың жұмыскерлерге беретін еңбекақысы мен мемлекетке төлейтін салығы ел экономикасының 40 пайызын құрайды. Сонда Қытайға ел экономикасының 60 пайыздық үлесі ғана тиселі. Демек, осы тұрғыдан қарағанда, қытай экономикасын белгілі деңгейде шетелге тәуелді деп айтуға болады. Қазір дамыған елдердің экономикасы озық адами капитал мен жаңа технологияға сүйенеді. Ал Қытай экономикасы әлі де арзан еңбеккүшін өзіне негізгі тірек етеді.
«Қытайтану» айдарын дайындаған:
Ерзат АСЫЛ
(«Жұлдыздар отбасы» журналы 2019 №3)
(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіруге тыйым салынады)