Зекен ЕСТАЕВА,
Естай Беркімбайұлының немересі:
– Зекен апа, Естай Беркімбайұлының туған жылына қатысты әртүрлі деректер айтылады. Шындығында, ол кісі қай жылы туған?
– Иә, атамыздың туған жылына қатысты түрлі болжамдар айтылады. Десе де, биыл Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы ел көлемінде атап өтілуде. Демек, осы шараны ұйымдастырушылар Естай атамның туған жылы 1868 жыл деген дерекке сүйеніп отыр. Оның үстіне 1993 жылы атамыздың 125 жылдығы тойланды. Бұл шара да жоғарыдағы дерекке сәйкес ұйымдастырылды. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Естай Беркімбайұлына арналған шаралар мен мерейтойлардың бәрі 1868 жылмен сабақтастырылып келеді. Ендеше, атамыздың туған жылы 1868 жыл болып тұр.
Дей тұрғанмен, кейбір деректерде оның 1872, 1873, 1874 жылдары дүниеге келгені де айтылады. Мұның ақ-қарасын анықтау – Естай бабамыздың өмірі мен өнерін зерттеп жүрген ғалымдардың еншісінде. Қалай десек те, Естайдай дара тұлға қазақ топырағында туды, ғұмыр кешті.
Атамыз 1946 жылдың 15 наурызында қазіргі Ақтоғай ауданы, Естай ауылында қайтыс болды.
– Естайға әншілік өнер нағашы жұртынан дарыған дейді…
– Иә. Нағашысы Байтұлым белгілі әнші болған. Атамыздың анасы Күлипа да әншілік өнерден кенде болмаған. Естайға әншілік өнер осы адамдардан жұқса керек. Жалпы, Естай қазіргі Павлодар облысы Екібастұз қаласы Қаражар ауылында дүниеге келген. Бұл төңіректі ертеден әулиелі Ақкөл-Жайылма атырабы деп те атайды. Естайдың әнші боп қалыптасуына туған жердің де ықпалы зор болған. Өйткені, әулиелі Ақкөл-Жайылманың әншілік мектебі деген бар. Осы мектептің бірден-бір өкілі – Естай Беркімбайұлы.
– Сіз сол кісінің қолында өстіңіз бе?
– Иә. Естай Қорлан қызға қолы жетпеген соң, біздің әжеміз Ұмсынғанға үйленеді. Одан Жанәбіл, Жакөш есімді екі ұл және Күләй, Кәнтай есімді екі қыз туады. Кейін Ұмсынған әжеміз қайтыс болады да, атамыз Зағиша әжемізбен шаңырақ көтереді. Бірақ бұл кісіден бала болмайды. Зағиша да керемет сұлу адам болған десе-ді. Тіпті атамның өзі: «Сұлулығы Қорланнан артық болмаса, кем емес», – деп айтып отыратын. Естай атамыз қайтыс болған күннің ертеңінде Зағиша әжеміз де дүние салды.
Естайдың екі ұлы да өмірден ерте өтті. Жакөш ағамыз ашаршылық жылдарында қаза болса, біздің әкеміз Жанәбіл Ұлы Отан соғысында ажал құшты. Күләй мен Кәнтайдан тараған ұрпақтар бар. Әкеміз соғыста қаза тапқаннан кейін көп ұзамай анамыз Несібелді де өмірден өтті. Осылайша, екі қыз – сіңлім Зейнеш екеуміз ата-әжеміздің қолында қалдық. Атам Зейнешті «сары торғайым» деп еркелететін. Содан бері оны «Сарыторғай» атап кеттік. Ол қазір Павлодар облысы Ертіс ауданы Қосағаш ауылында тұрады. 1946 жылы атамыз бен әжеміз бірінен соң бірі дүние салды да, біз атамыздың немере інісі Қыздарбек ағаның қарамағында қалдық.
– Атаңыз қандай адам еді?
– Қақ-соқпен жұмысы жоқ, тұйықтау, салмақты адам болды. Талғампаз еді. Жалғыз өзі домбырасын тартып отыра беретін. Өмірінің соңғы жылдарын имандылыққа арнады. Намазын қаза жібермеуге тырысатын. Арабша сауатты адам болды. Домбырадан қолы босағанда, Құран кітабын оқып отыратын. Өте балажан еді.
Атамыздың домбырасына да ие бола алмадық
– Естай мен Қорланның махаббат хикаясын жақсы білеміз. Десе де, кейбір деректерде олар ешқашан кездеспеген делінеді. Бұл дерек қаншалықты шындыққа жанасады?
– Бұл – бос әңгіме. Адам кездеспесе, дидарласпаса, қалайша ғашық болады?! Естайдың Маралды жеріне барып, Қорланмен кездесуі, екі жастың бір-бірін ұнатуы қоспасы жоқ шындық. Оның үстіне бала күнімізде атамыздың Қорлан туралы айтқан әңгімелерін талай естігенбіз. Ел алдында, дін жолында жүрген адам өтірік айтпасы анық қой.
Естай мен Қорлан үйлі-баранды болған шағында да кездескен. Осыған байланысты Қыздарбек ағамнан мынадай бір әңгіме естіген едім. Бірде Естай ел аралап жүріп бір елдімекенге тоқтайды. Әлгі ауылдағы бір үйдің ауласына атын байлап, құдайы қонақ болады. Шай үстінде атамыз өзін таныстырған сәтте үйдің иесі мен шай құйып отырған бәйбіше аңтарылып қалады екен. Іле үй иесі рұқсат сұрап, орнынан тұрып кетеді. Осы сәтте бәйбіше сөз алады. «Мені танымадыңыз ба?» – дейді ол Естайға. Атамыз танымағанын айтады. Сол кезде бәйбіше: «Қолыңыздағы жүзікке қараңыз», – депті. Сөйтсе, Естай тоқтаған үй Қорланның шаңырағы екен. Атамызды ауыл халқы асты-үстіне түсіп күтіп, құрметтеп шығарып салған десе-ді.
– Жалпы, өнертанушылар Естайды жұлдызы жарық жан дейді. Өйткені, ол көзі тірісінде-ақ құрметке, атақ-даңққа бөленген адам. Билік тарапынан да жоғары баға алған емес пе?
– Дұрыс айтасың, балам. Кейбір халық ақындары секілді емес, Естай тірісінде құрметтелді, марапат алды. Ол 1939 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын иеленді. Дәл осы жылы Алматы қаласында өткен Қазақ КСР жазушыларының екінші съезіне қатысты. Бұдан бөлек, атамыз Қазақстан композиторлар одағына алғаш мүше болған өнерпаздардың бірі. 1945 жылы қазақтың игі жақсыларымен бірге Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына қатысуы да бір бөлек әңгіме. Естайдың бағын асырып тұрған тағы бір дүние – оның атақты Біржан сал мен Ақан серіден тәлім алғандығы. Бұл да кез келген өнерпаздың басына бұйыра бермейтін бақ шығар, сірә. Сондай-ақ, атамыз Жамбылмен, Қажымұқанмен дәмдес болған. Арқа төсіндегі өзге де әнші-ақындармен араласқан. Мұның бәрін айғақтайтын дерек те, сурет те жеткілікті. Жұлдызы жарық жан десе дегендей-ақ.
– Атаңыз тұтынған дүние-мүлік сақтаулы ма? Домбырасы қайда? Өле-өлгенше қолынан тастамаған Қорлан сыйлаған жүзік қайда? Жалпы, қолыңызда Естайдан қалған қандай мұра бар?
– Өкінішке қарай, ештеңе жоқ. Болған еді. Үйіміз өртенгенде бәрі жанып кетті. Атамның қолжазбалары да, тұтынған заттары да – бәрі-бәрі отқа оранды. Қыздарбек атамның әулетінде чемоданы мен биік үстелі бар. Домбырасына да ие бола алмадық. Жастық, албырттық, салғырттық қой. Қорлан сыйлаған жүзікті өлер алдында өзімен бірге көмуді өтінген екен. Бірақ оны атамыздың сүйегіне түскен ақсақалдардың бірі ырымдап алып қалған десе-ді. Нақты дерек жоқ. Кезінде Қыздарбек ағам іздеп көріп еді. Нәтиже болмады-ау.
– Естайдың жолын жалғаған ұрпақтары бар ма?
– Атамыз айналасындағы туыстарына «Менің өнерім жиендеріме болмаса, сендерге қонбайды, әуре болмаңдар!» деген екен. Сірә, әншілік өнер өзіне нағашы жұртынан жұққан соң осылай айтқан шығар. Сіңлім Сарыторғай жас күнінде әнді керемет шырқайтын. Оның Шәмшия есімді қызы музыка саласында еңбек етеді. Естайдың өз баласындай болып кеткен немере інісі Қыздарбек те кезінде әнші, домбырашы болды. Қыздарбек ағамның жиеншары Теміржан Олжабай бүгінде есімі елге мәлім күйші. Кезінде өзім де ән айтқанмын. Тоқсанға келсек те, әлі күнге ыңылдап ән айтып отыратын әдетіміз бар. Тағы бір атап өтерлігі, Естай туған Ақкөл-Жайылмадан өзім ерекше құрметтейтін үш әнші шықты. Олар – Ербол Айтбаев, Амангелді Қожанов және Медіғат Манап. Бүгінде қырықтың ішіндегі бұл азаматтарды тұтас ел таниды. Олар да Естайдың ұрпақтары.
– Бүгінгі ұрпақ атақты Естай Беркімбайұлының есімін қаншалықты ұлықтап жүр?
– Аллаға шүкір, Естайдың есімі енді ұмытылмайды. Оның әндері ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қала бермек. Ұлықтауға келер болсақ, облыс орталығы – Павлодарда және Екібастұз шаһарында Естай атындағы көше бар. Өзі қайтыс болған елдімекен қазір «Естай ауылы» деп аталады. Кесенесі де осы ауылдың іргесінде орналасқан. Павлодар қаласының ең үлкен мәдениет сарайы атамыздың атымен аталады. Ақтоғай ауданында Естай атындағы мектеп бар. Облыс басшылығы Естай атында республикалық дәстүрлі әншілер байқауын ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Екібастұз қаласындағы Естай көшесінің бойына атамыздың кеудемүсіні қойылды.
Ендігі арманым – атамызға қойылған еңселі ескерткішті көру. Ел азаматтары осы іспен айналысып жатыр дегенді естіген сайын Аллаға жалбарынамын. Естайға жеке мұражай ашылса екен деп те ойлаймын. Атамның әндерін теледидардан естіп жатамыз. Ол жайлы қаншама кітап та жазылды.
Жуырда балаларым сүйінші хабар жеткізді. Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов бастаған азаматтар Естайдың 150 жылдығын Ақкөл-Жайылма атырабында атап өтетін болыпты. Облыстың мәдениет саласын басқарып отырған азаматтар да бірқатар шараларды жоспарлап отырған көрінеді. Осының бәрі Естайдың есімін ұлықтауға бағытталған дүниелер ғой. Алла Тағала осының бәрін көруді нәсіп еткей!
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет, апа!
Қайрат АЙТБАЕВ,
күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:
«Қорлан» әні – Естайдың мәңгілікке қалдырған махаббат ескерткіші
– Қайрат аға, әуелі әңгімемізді «Қорлан» әнінің тарихынан бастасақ …
– Кезінде қазіргі Павлодар облысының Ертіс ауданында Сүлеймен деген атақты бай өмір сүрген. Сол кісінің Шошан деген баласы үйленетін болып, Естайға қос ат жеккен тарантас жібереді. Оған қоса, Бәсентин руының мықтысы Иса Ақкөлдің болысы Абылқамыс Шыманұлына хат жазып: «Естайды қалайда бізбен бірге құдалыққа қос» деп сәлем айтады. Өйткені Естай сол кездегі атағы Арқаны арлаған әйгілі әнші еді. Сөйтіп, Естай Сүлейменнің Шошанына күйеу жолдас болып, Маралды-Ұрық деген жерге еріп барады. Бұл – Сібірдің оңтүстігі, Павлодар облысының солтүстігі. Сол тойда не керек, Сұлтан бидің «Құсни, Қорлан» деген екі қызы бар екен. Олар тамашаның көркін қыздырып ойын-сауыққа араласады. Естай бір көргеннен Қорланға ғашық болып қалады. Соның негізінде «Бір мысқал» деген ән дүниеге келген. Естайдың Қорланға арнаған алғашқы әні осы «Бір мысқал». Осы тойда Қорлан да Естай ақынға өз ынтызарлығын білдіріп, алып қашуын өтінеді.
– Естай Қорланды не себепті өмірлік жар ете алмады?
– Естай сол кезде не себепті Қорланды алып қашпады десек, өйткені ол үлкен елдің атынан барған азамат еді. Қыз алып қашу оның өз елінің атына үлкен сын болары анық. Сондықтан Естай Қорланмен уағдаласып қайтып кетеді. Келесі жылы ат арылтып Қорланның ауылына аттанады. Осы кезде ел ішінде «Естай Қорланды алып қашуға келе жатыр екен» деген сыбыс желдей еседі. Бұл жел сөз Қорланның ауылына да жетеді. Мұны естіген Сұлтан би Қорланды атастырған жеріне тездетіп ұзатып жібереді. Естай Маралдыға жеткенде Қорлан әлдеқашан жат жұрттың босағасын аттап үлгерген еді. Осылайша ғашығының арманына айналғанын сезген Естай мәңгілік махаббатының ескерткішіне айналған атақты «Қорлан» әнін өмірге әкеледі.
– Әннің құрылымы туралы айта кетсеңіз?
– Бұл ән – Естай шығармашылығының шыңы. Шәмшінің: «Мен «Қорландай» ән шығарсам арманым болмас еді», – деп айтқаны бар. Шәмші ағамыз бұл сөзінде «Қорлан» әнінің мелодиясын, ғажайып формасын меңзесе керек. Шынымен де «Қорлан» әні – бұрын-соңды қазақ әнінде болмаған жаңа форма. «Қорлан» әнінен кейін де мұндай өзгеше формадағы ән өмірге келген жоқ. Мұндай әнді Еуропадағы өте жоғары кәсіби деңгейдегі композиторлар ғана жаза алады. Мұны ғалымдар музыкалық поэмаға, ариозоға жатқызады.
– Сіз «Қорлан» әнінің нақты қанша нұсқасын білесіз?
– Әннің алты нұсқасы болған деген деректерде айтылып жүр. Ал мен халық арасына кең тараған үш нұсқасын білемін.
– Бұл әнді кімдер қалпын бұзбай орындай алды?
– Қазір зерттеушілер бұл әннің М.Ержановтың орындауындағы нұсқасын түпнұсқаға жақын деп айтып жүр. Манарбектің орындауын мен де неше мәрте тыңдағанмын. Алайда Манарбектің шырқаған нұсқасында әннің көркемдік әсері тым бәсеңдетілген. Ал шындығында «Қорлан» әнін алғаш Алматыда шырқаған – Темірболат Арғынбаев. Бұл жайында Ахмет Жұбанов: «Ол «Қорлан» әнін жеті жарым минут айтты. Біз әнді шошаңдатып айтатындарға үйреніп қалыппыз. Мұндай ескен желдей баяу шырқаған әншіні тұңғыш көруім, халық оны сілтідей тынып тыңдады. Павлодардың өзінде әнді баяу айтатын ерекшелік бар секілді. Осыны зерттеу керек», – деп жазады. Негізі «Қорлан» әнінің қалпын бұзбай айта білген әнші – Темірболат Арғынбаев.
«АҢЫЗ АДАМ» айдарын дайындаған
Ерзат АСЫЛ
(Толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының 2018 ж. № 12 оқи аласыздар)