Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы, конфликтолог:
Жастар жылының ашылуынан гөрі сайлау науқанының басталуына көбірек ұқсадыКартинки по запросу мұхтар сеңгірбай

  • Дәл қазір қыруар қаржы шығарып, мұндай пафоспен үлкен жиын өткізудің қажеті жоқ еді. Тіпті көп жұрт мұндай үлкен мереке болады деп күткен де жоқ. Себебі, мұның алдындағы жылдардың тақырыбына қатысты бұлайша шара өткізу дәстүрі болмаған. Формасы, безендірілуі, қатысушылардың іс-әрекеті жағынан бұл жастар жылының ашылуынан гөрі сайлау науқанының басталуына көбірек ұқсады. Президенттен бастап барлық шенеуніктің галстуксыз шығуы, салмақты және жеңіл әңгіменің қатар айтылуы, әдемі зал, ұрандатқан жастар – мұның барлығы — сайлауда қолданылатын әдістер.
    Екіншіден, жастар жылының таңдалуы, салтанатты шараның бұлайша алаулатып-жалаулатын өткізілуі биліктің жастар арасындағы мәселені түсінгенін аңғартады. (Бұл мәселені шешудің қандай әдісін таңдайтыны басқа мәселе).
    Ең алдымен, қазіргі билік басындағылардан екі-үш буын кейінгі жастар өсіп, саясат пен қоғамдық өмірге араласып келеді. Яғни билікті – ата десек, оның немерелері саяси белсенді топқа айналып жатыр. Ал немере мен атаның арасындағы generation gap әке мен бала арасындағыдан үлкен болады. Олардың саясат, қоғам туралы түсінігі, дүниетанымы мүлде өзгеше. Сондықтан билік саясатты солардың ыңғайына қарай жүргізу әдісін қолданғысы келген сияқты.
    Оның үстіне, жастар желкілдеген максималист болғандықтан, олардың үкіметке қояр талабы да күшті, әрі олар мобильді, шетелге кетіп қалу ықтималдығы жоғары. Барлық екпінді саяси процестердің, көтерілістер мен революциялардың да қозғаушы күші жастар екені белгілі. Олардың саясаттан сырт қалып, жастайынан жемқорлық, қылмыс, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік проблемаларға тап болып жатқаны белгілі. Мұның барлығы – биліктің көзі жетіп отырған жайттар. Жастар жылында осы мәселелер жартылай болса да шешімін табар деп үміттенеміз.

 

  • Ауылды көтеру алдыңғы орында тұруы керек. Себебі, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарса, білім деңгейі артса, онда жұмыс орындары, ауыл шаруашылығымен, агробизнеспен айналысу механизмдері қалыптасса және әсіресе жастардың мемлекеттен көмек алып, іс бастауына нақты жағдай жасалса, жастар қазіргідей жаппай ірі қалаларға «күзетші» болуға ағылмас еді. Осы кезге дейін «ауылда болашақ жоқ”, ауылда қолынан ештеңе келмейтіндер қалады» деген түсінік қалыптасты. Сол түсінікті өзгерту қажет.
    Екіншісі – сапалы урбандалу. Қалаға ағылған жастардың өздеріне қажет сапалы білім алып, әділ байқау нәтижесінде қалаған жұмысқа тұруына жағдай жасау. Президент сөзінде университеттерде кәсіптік білім беруге көңіл бөлінетінін айтты. Сол мәселе нақты қолға алынса. Себебі, қазір еңбек саласы реттеліп жатқан жоқ, жастардың көбі «қаржыгер», «мұнайшы», «заңгер» болып диплом алады да, күзетші болып жүреді. Жастардың тұрғын үй алуына, қалада өз орнын тауып, қоғамға пайдалы жұмыс істеуіне нақты жағдай жасалуы керек.

 

  • Жастарды «жағымпаз» деп кінәлап, олардың еңбегін жоққа шығаруға қарсымын. Олардың көпшілігі президентпен бірінші рет бетпе-бет кездесті, алғаш рет мінберден сөз сөйледі, сондықтан олар мұны карьерасының ең қызықты кезі деп санауы мүмкін. Шараға қатысқандардың арасында да елге пайдалы істі тындырып жүрген, саясатқа онша араласпайтындар бар. Тым жағымпаз, карьерашылдары да көп. Жастар да біздің қоғамның бір бөлігі, олар әртүрлі. Мұның барлығы – кеңестік кезеңнен қалған “ура патриотизм” форматы. Бұл жастар арасында белгілі бір дәрежеде патриотизмді күшейтетін шығар, бірақ, өкінішке қарай, аға буын сияқты жастар да ұраннан гөрі нақты істердің көбірек болғанын қалайды. Мұның орнына «Рухани жаңғырудың» мәнін, латын қарпіне көшудің себебін түсіндіретін, әрбір жастың әлеуметтік мәселесін шешуге тырысатын бағдарламалар болса, ұлттық рухты көтеруге көп көмегі болар еді.

(«Жұлдыдар отбасы» журналы)

 

Пікір қосу