Марғұлан, әкеңіз Нұрлан Өнербаевтың жолын қуып, өнер жолына қадам басыпсыз. Жақында Біріккен Араб Əмірліктеріне барып, жүлдемен оралдыңыз. Құттықтаймын! Сұхбатымызды сол жарыс туралы айтудан бастасақ.

– Әрбір жарыс ең алдымен өз шеберлігіңді сынап көруге, деңгейіңді басқалармен салыстырып білуге жақсы мүмкіндік. БАӘ-де өткен жарысымызға да өте дарынды өнерпаздар қатысты. Мен бала кезімнен өнерге үйір болдым, 6 жасымнан бастап бар күшімді салып дайындалып келемін. Осындай жүлдеге ие болып, үлкен саxналарда өнер көрсетуім осының арқасы.

– Осыған дейін сізді əкеңіздің əн кешінде көріп едік. Сол жолы алғаш сахнаға шығуыңыз ба?

– Саxнаға кішкентай кезімнен бастап шығып өнер көрсеттім. Содан болар, сахнаға шығу кейде тіпті, күнде істеп жүрген қарапайым іс секілді сезіледі (күлді). Шыны керек, халық алдына шыққанды ұнатамын!

– Алғаш халық алдына шыққанда қандай сезімде болдыңыз?

– Әкем үнемі «саxна – киелі жер» деп айтып отырады. Яғни, xалықтың алдына қалай болса солай шыға беруге болмайды. Ол үшін тыңдарманға беретінің, көрсетер өнерің болу керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әсіресе мен үшін. Себебі менің өнеріме, сахнада өзімді ұстау мәнеріме қарап, әкемді сынайды. Сондықтан өзімді үнемі лайықты ұстауға тырысамын.

– Музыкалық біліміңіз бар ма? Қайда оқисыз?

– Иә, музыкалық білімім бар. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық университетінің студентімін.

–  Неге пианиноны таңдадыңыз?

– Пианино аспабында ойнау ата-анамның шешімі болды. Тіпті, қалай ойнап үйренгенім есімде жоқ.

–  Басқа қандай аспаптарды меңгергенсіз?

– Гитара және ұрмалы аспаптарды да аздап үйренгенмін.

– Концертте «жаңа туындыларды орындады» деп естідім. Шығармаларыңызды өзіңіз жазасыз ба?

– Өзім жазбаймын. Халыққа таныс, заманауи шығармаларды таңдап, саxнаға шығарамын. Мәселен, сабақта орындайтын кәсіби туындыларды сахнаға алып шыға алмайсың. Көрермен концертке демалу үшін келеді. Сондықтан, халық арасында жиі орындалатын шығармаларды алып шығамын.

– Неге телевизиялық жобалардан көрінбейсіз?

– Біріншіден, қанша сахнада өзімді еркін ұстап, халық алдына шығуды ұнатсам да кейде жүрексінем, аздап қобалжимын. Сондықтан үлкен жобаларға шығу үшін маған әлі дайындық керек деп ойлаймын. Екіншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, жұрт маған қарап, әкемді сынайды. Мен әлі жаспын. Кез келген бір мәселе жайлы ойланбай сөйлеп қойсам, ол сөздің кесірі тек маған емес, әкемнің де абыройына нұқсан келтіруі мүмкін. Содан қорқамын. Сол себепті маған телевизиялық жобаларға шығу әлі ерте деп ойлаймын.

– Əн айтасыз ба? Болашақта сізді əнші ретінде көріп қалуымыз мүмкін бе?

Әзірше айтқан жоқпын, бірақ ойымда бар. Жақын арада ән орындауым да әбден мүмкін!

– Тағы бір жарысқа қатысты деп естідім. Ол не жарыс?

– Ол өзіміздегі қарапайым республикалық жарыс. Ол жарыста да бас жүлдеге ие болдым.

– Ағаңыз да əн айтады екен. Бір үйге үш өнер адамы көп емес пе?

– Көп болса да, аз болса да ол – Алланың қалауы.

– Әкеңіз сіз туралы «13 жылдан кейін дүниеге келген ұлымыз» деп қуанып айтып жатады. Еркесіз бе?

– Иә, еркемін. Үйдің кенжесі болғандықтан шығар, ата-анам еркелетіп, бетімді қаққан емес. Балалық шағым өте бақытты өтті. Не қаласам, әкем соның бәрін алып беретін. Әке-шешемнің жақсы тәрбиесі мен махаббатын сезініп өстім. Дүниедегі ең қымбат жандарым – ата-анам. Осы бақытым үшін Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын!

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Уақыт – біздің ең үлкен құндылығымыз. Оны қайтару мүмкін емес. Сондықтан, уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Сабақтан тыс уақытта үйіме қараймын. Оны бітірсем, шығармашылығыма көңіл бөлемін. «Келесі жолы саxнаға қандай туынды алып шығамын?», «халықтың көңілінен шығатын не дайындасам болады екен?!» деп ойланамын. Көбінесе соны ойластырып, шабыт іздеймін.

–  Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– Ата-анам, Хақ тағала разы болатындай абыройлы, xалыққа игі амалдармен адал қызмет атқаратын үлкен азамат болғым келеді! Бүгін мені «Нұрлан Өнербаевтың ұлы екен» деп таниды, ал ертең керісінше «Нұрлан Өнербаев осы кісінің әкесі екен ғой» дегенді естуді армандаймын.

  • Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Наргиза АРШИДИН

«Жұлдыздар отбасы» журналы

 

Пікір қосу