50-ден астам апатты жағдайдағы, 100-ден астам үш ауысыммен оқитын мектеп бар
– Аятжан аға, жақында ғана премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бюджетті толық игермеген министрлерге шүйлікті. Ал елімізде білім беру саласына бөлінген бюджет толық иегеріліп келеді деп айта аласыз ба?
– Білім беру саласы – аса қомақты бюджет қаражатын керек ететін сала. Әрине, бұл салаға тиісті мөлшерде бюджет қаражаты жоспарланып келеді. Алайда білім беру саласының бірден көсегесі көгеріп кетті деп айта алмаймыз. Өйткені елімізде қазірдің өзінде 50-ден астам апатты жағдайдағы мектеп, ал 100-ден астам үш ауысыммен оқитын мектеп бар. Ал екі ауысыммен оқытылады деген 1200 оқушыға шақталған, бірақ 3000-ға жуық бала оқитын мектептер саны мыңға жетуі мүмкін. Әсіресе, мұндай мектептер Астана, Алматы, Шымкент қалаларына шоғырланған. Бұл мектептің әрбір сыныбында кемінде 40-тан астам оқушы бар. Тіпті мектептер үшін мұндай көрсеткіш қалыпты жағдайға айналған. Негізі «2016-2022 жылдардағы мектеп бағдарламаларына» сәйкес, бізде әр сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы керек делінген. Бұдан тыс, бұл бағдарламаларды іске асыруға мектептердің зертханасы 10%-ға да дайын емес. Тіпті үлкен қала болғанымен, Алматы мен Астанадағы мектептердің зертханалары да әлі ХХ ғасырдың деңгейінде. Ал жаратылыс ғылымдарын жақсы игеру үшін теория жеткіліксіз, нақтылы тәжірибелер керек. Сондықтан біздің мектептерге заманауи зертханалар ауадай қажет – бұл үшінші жағы. Төртінші жағы – біздің мектептердің компьютерлік интернет базасы. Қағаз жүзінде бәрі қатып тұруы мүмкін. Бірақ шынын айтар болсақ, жағдай мәз емес. Өткен жылы министрдің өзі: «Еліміздегі мектептер 99% интернетпен қамтылды», – деп мәлімдеді. Бұл жерде директор кабинеттері 99% интернетпен қамтылған шығар, бірақ мектептердің интернетпен қамтылуы және олардың жылдамдығы сын көтермейді. Компьютерлердің сапасы да солай. Қағаз жүзінде ол компьютерлер неше жүз мыңға, неше миллионға сатып алынған болуы мүмкін.
– Қазіргі білім саласындағы өзекті мәселелер жайлы орынды ой қозғап отырсыз. Сіз еліміздің білім саласы бәскеге қабілетті дей аласыз ба?
– Бүгінде біздің елдің білім саласы бәсекеге қабілетті емес. Себебі қай кезде де материалдық жағдай білім саласының ең үлкен көрсеткіші болып табылады. Біздің Білім министрлігі мектептер кітаппен толық қамтылады дегенімен, кітаптар толық жетіспейді. Қаншама ата-ана, қаншама оқушы оқулық жетіспегеніне шырылдап отыр. Керек десеңіз, кей ауылдарда бір сынып бір кітаппен, не екі кітаппен отырған жағдайлар да жоқ емес. Әрине, сол мектептің басшылары жоғарғы жаққа «біз кітаппен қамтып тастадық» деп есеп береді. Ал жекелеген ата-аналармен сөйлесер болсаңыз, шындықтың байыбына бара аласыз. Дәл осы жағдайларды ескеретін болсақ, болашақ үшін нәтижелі болатын білім саласы қомақты бюджет қаржысына аса мұқтаж деп айта аламыз. Жалпы біздегі үш ауысымды мектептердің, апатты жағдайдағы мектептердің, бір сынып бөлмесінде екі сыныптың баласы оқитын мектептердің жағдайын көрген кезде, халықаралық додаларды өткізіп жатқандардың отансүйгіш екендігіне күмән келтірем. Мемлекетшіл екеніне сенгім келмейді. Бұл менің пәтер жалдап жүріп кредитке той жасаған сияқты ақылсыз тірлікті көз алдыма келтіреді.
– Қыруар бюджет қаржысына салынған жаңа мектептердің сапасы сын көтере ме?
– Сын көтеретіні де, сын көтермейтіні де бар. Бізде салынып жатқан жаңа мектептерге көңілің толады. Мектептің шарт-жағдайы барлық стандартқа сай жасалған. Алайда сол мектептердің ішкі жабдықталу жағдайын көрсеңіз, басқаша ойға қаласыз. Әрине, мұндай оқиғаға, өз басым, сан рет куә болдым. Сыртқы көркі көз сүріндіргенімен, ішкі зертханалары тым жұтаң екенін байқайсыз. Бұны қадағалау мен жауапкершіліктің аз болуынан деп түсінуге болады. Осы келеңсіздіктер Білім министрлігінің емес, жергілікті органдардың селқостығы. Өйткені жергілікті атқарушы орган қағаз жүзінде бәрі дұрыс болса деп ойлайды. Сондықтан қағаз жүзіндегі есеп пен шындықтың арасы тым алшақтап кеткенін аңғарасыз.
– Білім саласына жоспарланатын бюджеттің бір бөлігінің оқулық құрастыруға жұмсалатыны белгілі. «Жаңа бағдарлама» негізінде құрастырылып жатқан оқулықтар жайлы не айтқыңыз келеді?
– Оқулықтардың сапасы жайлы мен бұрыннан айтып келемін. Біздегі оқулық жазу жүйесіндегі олқылықтар түзелмей, оқулық та түзелмейді. Қазір оқулық құрастырудың негізгі міндетін баспа атқарады. Авторларды да баспа табады. Баспа жаздырады. Бүкіл оқулық құрастыру процесі баспаның қолында. Ал ғылым-білім академиясы оқулықтың бағдарламасын ғана жасап береді. Енді баспа үшін кім арзанға жазады, сол өтеді. Баспаға оқулықтың ішкі идеологиясынан гөрі, экономикалық тиімділігі маңызды. Өйткені олар жасаған оқулығын мемлекетке сатады. Әрине, мұның бәрі қомақты қаржыны құрайды. Сондықтан баспалар қашан да оқулық құрастырудан құр қалғысы келмейді. Егер осы үдеріс жалғасын таба беретін болса, оқулықтың түзелген түрін көре қоймаспыз. Оқулық түзелуі үшін бір мекеме авторлар ұжымын құрап, сол ұжым тек оқулық құрастыру үшін жыл он екі ай еңбек етуі керек. Олай дейтініміз, ұлы педагогтардың: «Оқулық жазу – мемлекет құрудан да қиын», – деген пайымы бар. Сондықтан оқулық құрастыру – аса зор кәсіби біліктілік пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Енді күндіз мектепте не университетте сабақ беріп, кеште қалғып-мүлгіп отырып оқулық жазу – ақылға сыймайтын амалсыздық. Бүгінде оқулық жазу авторлардың екінші не үшінші жұмысына айналып кеткен. Сондықтан да оқулық жазатын авторлар бір мекеменің қол астында өнімді жұмыс істеуі тиіс. Ал баспа тек басу рөлін атқарса болғаны, оқулықтың ішкі жұмысына араласпағаны жөн. Сонда ғана оқулықтар оңалады деп үміттенуге болады. Ал әзірге оқулықтың жырын әлі талай «жырлайтын» сияқтымыз.
Білім саласындағы жауапкершілікті сырып тастадық
– Білім саласына жоспарланған бюджеттің басым көп бөлігі қай бағытта жұмсалуы керек деп ойлайсыз?
– Қазір өрекениеттік, нарықтық талаптарға сай, жекеменшік білім беретін компаниялар мен мектептерді көбейту мәселесі қарала бастады. Егер осы бастама сәтімен белгілі деңгейде жүзеге асып, өз өнімділігін көрсетсе, бұл мемлекеттік бюджетке үлкен жеңілдік ала келер еді. Әрине, біз үшін мұның екі жағы да бар. Білім сапасын шынайы көтеруді мақсат еткен мекемелер жұмыс істесе, бұл енді қуанарлық жағдай. Ал керісінше, білім беруді тек ақша табудың көзіне айналдырғысы келетіндердің қарасы молайса, бұл білім сапасына кері әсерін тигізетіні шындық. Мен бұл бағытта біраз ізденістер жасадым. Бірақ қалай десек те, айналып өтуге келмейтін кейбір қағидалардың бар екеніне көзім жетті. Сол үшін біз кейбір білім мекемелерін жекеменшікке беретін болсақ, сөз жоқ, жаңа нормативтерді еңгізуіміз қажет. Меніңше, университеттердің де мәселесі дәл солай. Мысалы, биыл мемлекеттік грант санын жиырма мыңға көбейттік. Бірақ жиырма мыңға артық студентті оқытуға біздің университеттердің шарт-жағдайы жеткілікті ме? Материалдық базасы жете ме? Профессорлар құрамы дайын ба? Бұл үлкен мәселе. Сондай-ақ биыл Қазақстан бойынша 2234 адам докторантураға оқуға түсті. 2234 доктор шығаруға біздің құзіретіміз жете ме? Олардың, шын мәнінде, ғылыммен айналысуы үшін базалық, зертханалық мүмкіндіктеріміз бар ма? Міне бұл да үлкен сұрақ. Сол үшін халімізге қарай қарекет жасағанымыз жөн. Сондықтан кез келген жобаны қолға алған кезде, уақыттық мәселені шешу емес, біз соған жауап бере аламыз ба деген сұрақ тұрғысынан ойлану керек. Қоғамда жұмыссыздардың көбеюі – бірінші мәселе. Ал дипломы бар, мамандығы бар жұмыссыздардың көбеюі – екінші мәселе. Алайда екіншісі – өте ауыр мәселе. Жұмыссыздар қандай жұмыс берсеңіз де істеп кетуі мүмкін. Ал дипломы бар жұмыссыздар – белгілі бір сапаға ие адамдар. Ертең олар біздің қоғамға үлкен сұрау салуы ықтимал. Грантты көбейте салған, басқа бір дүниені уақытша шеше салған оңай. Бірақ оның салдары бес-он жылдан кейін байқалатын болады. Сондықтан біз үшін, бірінші кезекте, мектептің, университеттің материалдық базасын жасау маңызды. Шыны керек, біздегі облыстардағы кей университеттердің базасын көрсеңіз, жылап жіберуіңіз мүмкін. Ондай университеттердің бар екенін әлем білсе, біздің білім сапамызды Африка елдерімен бір деңгейде көруі де ғажап емес. Сондықтан білім беру саласы грантты көбейту сынды уақытша мәселемен емес, сапалы маман тәрбиелеу сынды мәңгілік өзекті болып қала беретін мәселемен айналысуы керек.
– Дамыған елдерде білім беру саласын мелекеттен тыс қоғамдық корлар мен кәсіпкерлер де қаржыландырып отырады. Бұл игі үдеріс Қазақстанда қалыптасып үлгерді ме?
– Бұл үдеріс Қазақстанда әлі қалыптасқан жоқ. Қазақстандағы білім саласына деген қоғамның қаржылық қолдауы тек жекеменшік университеттердің деңгейінде ғана қарастырылады. Ал біздегі кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялардың қаржыландыруы «шоу» мен «шудан» аспай жатыр. Спортты не басқа эстрадалық орталарды қаржыландыратындар көп. Ал білім саласын қаржыландырғысы келетіндер тым аз. Неге олай дейсіз ғой, өйткені білім саласы, біріншіден, өте қатты сынға ұшыраған сала. Екіншіден, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» дегендей, қоғамның тұтас ақпарттық көзі спорт пен шоуға арбалған. Спорттық жетістіктерді біз әлемдік жетістік деп қараймыз да, ал ғылымдағы жетістіктер ешкім елемейтін күйге түскен. Бұл, әрине, кәсіпкерлердің кінәсі емес. Ақпарат құралдарын басқарып отырғандардың кінәсі. Бізде халықаралық деңгейде жетістікке жетіп жатқан жастар бар. Алды тіпті беделді сыйлықтарды да ала бастады. Ал олар жайлы кім біледі? Егер олар жайлы ақпарат құралдары жарыса жазса, қолдайтын кәсіпкерлер табылар ма еді? Біз Азия деңгейіндегі спортқа ден қойып, әлемдік деңгейдегі ғылымды шетке ысырдық.
– Білім беру саласына бөлінген бюджеттің бір бөлігі адам капиталын қалыпстыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі жоғары оқу орындары қоғамға қажетті мамандарды даярлап жатыр ма?
– Қазіргі қалыптасқан қоғамдық үрдіске сай, маман сапалы болса, жұмыс табылады. Сапалы маман өзін-өзі жерде қалдырмайды. Бірақ мен жұмыс беруші ретінде айтар болсам, қазіргі университет бітірген түлектердің басым бөлігі жұмыс істеуге дайын емес. Оларды әлі екі-үш дайындықтан өткізуіміз керек. Алайда өзінің қызметкерін дайындайтын мәдениет бізде әлі қалыптасқан жоқ. Әркім дайын маман алғысы келеді. Сондықтан мемлекет университеттерден сапалы маман тәрбиелеуді талап етуі тиіс. Мемлекет университеттерге ақша беріп отыр, сондықтан оқу орны мемлекеттің деңгейіндегі мамандарды тәрбиелеп шығуы керек. Ең бір өкінетін жайттың бірі – біз білім саласындағы жауапкершілікті ысырып тастадық. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне мектеп жауап бермейді. Бәлкім бұл үдеріс жалғаса берсе, оқытқан студенттеріне – университет, жасаған реформасына министр жауап бермейтін шығар. Ал ешқандай жауапкершілік жоқ жерде сапа мүлдем болмайды. Осыған дейінгі жасаған реформаларына бірде-бір Білім министрі жауап берген жоқ.
Ерзат АСЫЛ
(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіруге тыйым салынған)