- Алтынай, сені «Балапан» телеарнасында көрсетілетін «Оп-оңай» бағдарламасы арқылы танимыз. Бұл бағдарламаға қалай келдің?
- Тәуелсіздік мерекесінде мен мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеген едім. Сол эфирден кейін маған шақыртулар жиі түсетін болды. Ал «Балапан» телеарнасына ең алғаш рет қонақ ретінде бардым. «Оп-оңай» бағдарламасынан бұрын осы арнада «Аспаз мектебі» атты бағдарламаны жүргізген болатынмын.Содан кейін «Оп-оңай» бағдарламасының режиссері хабарласып, мені кастинкке шақырды.
- Өзіңе Балажан атты кейіпкеріңнің образы ұнай ма?
- Маған бұл образым қатты ұнайды. Кейіпкерімнің мінезі де өзіме жақын, сабырлы, байыпты қыз. Балажанды ойнау маған қиындық тудырған жоқ, рөлді де өз деңгейінде алып шықтым деп ойлаймын.
- «Оп-оңай» бағдарламасында балаларға үй шаруасына қатысты көптеген ақыл-кеңестер айтасың. Балаларға пайдалы ақпарат беретін бағдарлама керек-ақ…
- Жақында ғана білдім, бұл бағдарламаны Қырғызстан, Өзбекстан елінің бүлдіршіндері де тамашалайды екен. Бір бала Инстаграмға: «Біз тек сіз үшін «Балапан» телеарнасын көреміз. Осы бағдарламаның арқасында қазақ тілін үйреніп алдым» деп жазыпты.
- Өзің қалай ойлайсың, «Оп-оңай» бағдарламасының жалпы балаларға қандай пайдасы бар?
- «Оп-оңай» бағдарламасының мақсаты – балалардың отбасына, ата-аналарына үй шаруасында көмектесуге үйрету. Тек үлкендердің ғана қолынан келеді, қиын деп ойлайтын шаруаның оп-оңай екенін түсіндіру. Үй шаруасын қызықты, күліп-ойнап жүріп жасауға болатынын көрсету. Біздің бағдарламада көптеген пайдалы ақпараттар айтылады. Кейбір аналарымыз «Тіпті біз білмейтін дүниелерді айтасың. Сенен үйренеріміз көп» деп рақметін айтып жатады. Балаларды еңбекке баулу мақсатында жасалған бағдарламамыз балаларға көп пайдасын тигізеді.
- Алтынай, жалпы бағдарламаның ер балаларға арналған саны мүлдем жоқтың қасы. Ер балаларға арналған еңбекке баулу тақырыптары неге қозғалмады?
- Шыны керек, сценарий жазылғанда қыздар мен ер балаларға арналған бағдарлама саны тең болатын. Алайда ер балалар тақырыбын қозғайтын Альдамир деген актер бала екі бағдарламадан кейін белгілі бір себептермен бағдарламадан шығып кетті. Аз уақыт ішінде Альдамирдің орнына басқа бала табылмады.
- Алтынай, өзің өмірде Балажан секілді үй шаруасына пысық, ақылды, қолынан барлығы келетін қызсың ба?
- Әрине, өмірде де үй шаруасына жақын қызбын. Ата-анамның қолғанатымын. «Оп-оңай» бағдарламасында айтылған керек деректерді үй шаруасында да қолданамын. Мысалы, қысқатолқынды пешті, тоңазытқышты тазалау кезінде осы бағдарлама дерегіне сүйенемін. Қолымнан ас әзірлеу де келеді. Үйде кешкі асты өзім дайындаймын.
- Бағдарламаға жазылған пікірлерге қарасақ, көп балалар «Балажан, менің үйіме келші. Менің мекен жайым мынадай» деп жазып сені шақырады екен. Сені көбі шынымен де сиқыршы қыз деп ойлайтын секілді.
- Иа, ғаламтордан қарасам, көп бүлдіршіндер маған мекен-жайларын жазып мені үйлеріне шақырады. Көшеде мені көріп қалған кезде аң-таң болып тұрып қалады. Балалар: «Сіз шын өмірде бар екенсіз ғой, ал мен өтірік деп сенбей жүрмін» дейді. Шынымен де, көпшілігі мені қиналған кезде кенеттен пайда болатын сиқыршы қыз деп ойлайтын секілді.
- «Мен үй шаруасынан қиналғанда неге менің үйіме келмейсіз?» деп ренжитіндер де көп екен…
- Ондай балалар көп. «Сізге қатты ренжідім, неге үйіме келіп, үй-шаруасында маған көмектеспедіңіз?» деп маған хат жазады. «Уақыты келгенде саған көмектесуге келемін» деп бәріне хат жазып жауап беремін. Қазір көрермендерімнен қорқып жүрмін. «Балажан, менің үйіме кел. Сен келсін деп әдейі қауіпті жұмыстар жасап жүрмін» деген қоңыраулар түскен кездері болды. Бір бала: «Сен келуің үшін қантты жұтып қоямын. Менің қиналғанымды сезіп сен ұшып келесің» деп жазған еді. Менің телефон нөмірімді қайдан тауып алатынын білмеймін. Мені балалар адам ретінде емес, сиқыршы қыз ретінде танып жүр. Бір жағынан мен жай актрисамын деп балалардың көңіліне кірбің түсіргім келмейді. Олар шындықты білсе, психикалық соққы алуы да мүмкін ғой. Сол себепті көпшілігімен өмірде де сиқыршы қыз ретінде сөйлесемін.
- Алтынай, өзің туралы оқырмандарымызға толығырақ айтып берші.
- Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Абай ауылында дүниеге келдім. Анам Оңтүстіктің қызы еді, қыдырып төркініне барған кезде мен туыппын. Ал өзім Астанада өстім. Қазір 45-ші орта мектептің 11-сынып оқушысымын. «Шабыт» университетіне арт-менеджмент мамандығына оқуға түсуге дайындалып жүрмін. Актерлік мамандыққа түскім келеді, алайда ата-анам «актерлік – мамандық емес» деп қарсы болды. Ұйымдастыру да өнерден алыс сала емес, жұмысымды істеп жүріп, кастингтерге бара беремін деп отбасыммен келістім.
Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)