СІМ-нің бұрынғы жауапты хатшысын тінту кезінде 1,5 млн доллар табылды, деп жазды Stan.kz . Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Қарашевті тінту кезінде 1,5 млн доллар, Нұркеновтан 200 мың доллар табылды. Нұркенов жүйелі түрде қоластындағыларды қорғау үшін пара алды деп айыпталды. Басқалары шара ұйымдастырушы кәсіпкерлерден 28 млн теңгеден астам ақша алды деп айыпталуда», – дейді Бектенов.
Қазір Қарашев пен шаруашылық басқарма басшысы Сәкенов, Нұркенов, ресми шаралар ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Жұмасановқа қатысты ірі көлемде пара алды деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде.
«Біз сіздерге осындағы адамдарды көрсін деп әдейі айтып жатырмыз. Бұлар сіздермен бірге жұмыс істеген адамдар. Олардың бірі министрлік жетекшісі еді, өкінішке қарай қазір істі болды. Бұған қоса, Қарашевтің туыс інісі мемлекеттік қызметшілердің іс-сапарларына авиабилеттерді сатып алуға оператор ретінде тартылып, «Лара» ЖШС-нің лоббирлеу фактілері анықталды. Комиссиялық сыйақылардың нəтижесінде осы мақсаттар үшін бюджеттен 9,8 млн теңге бөлінді», – деді Бектенов.
Одан бөлек Қарашев Өзбекстандағы Қазақстан елшілігіне жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Ол үшін 70 млн теңге шығын келді.
Айта кетейік, маусым айында Ұлттық бюро СІМ бұрынғы жауапты хатшысын ірі көлемде пара алғаны үшін ұстаған еді. Кейінірек ұлттық бюро шенеуніктің ұсталған сәтінен видео жариялады.