• Санұржан, бала кезіңізден кино әлеміндесіз. Бұл әлемге қалай келдіңіз?
  • Кино әлеміне келуімнің бірден-бір себепкері менің анам. Анам мені 3 жасымнан бастап жарнамаға модель болуға іріктеулерге апаратын. Сол 3 жасымнан бастап, алғашқы өз қаражатымды да тапқанмын. Кейін 10 жасымнан бастап фильмдерге түсе бастадым. Алғашқы дебютім – «Аңшы бала» фильмі. Ол кинода басты рөлді сомдадым.  Мен өзімді жолы болған адам ретінде есептеймін. «Аңшы бала» фильмінен кейін, көптеген проекттерде жұмыс істедім. Арнайы «Қазақфильмге» барып, кастингтерді қарап жүрмеймін. Бір рет өзімді жақсы жағымнан көрсетіп алғаннан кейін, шақыртулар жиі болды. Осылайша, міне кино әлемінде жүргеніме 10 жыл болыпты.Image result for Сануржан Сулейменов
  • Көптеген фильмдерге түссеңізде, жасыңыз жиырмада ғана екен. Қазір бір оқу орнында оқып жүрсіз бе? Актерлық біліміңіз бар ма?
  • Жоқ. Жоғарғы оқу орнында оқымағанмын. Мектептен кейін «қалай болса да оқуға түсуім керек» деген оймен оқуға түссем, қазіргі таңдағыдай деңгейде болмас едім. Себебі, мен керек-керек емес ақпараттың барлығын қабылдар едім. Ал, қазіргі уақытта мен осы саланың ас үйінде жүріп көргендіктен, менде тәжірибе көп. Дұрыс пен бұрысты саралай білемін. Меніңше, мен қазір дайынмын. Мүмкін, енді оқуға түссем, өзіме пайдалы дүниелерді аламын деп ойлаймын. Нақты айта алмаймын. Мүмкін, оқуға тапсыратын шығармын. Алайда, жалпы актерлік шеберліктен курстарға қатысқанмын. Маған актерлық шеберліктен сабақ берген ұстазым бар. Ол Лермонтов театрының бас актрисалардың бірі Лариса Александровна Осипова.      Бүгінде араласып тұрамыз.
  • Жақында ғана жарыққа «Алтыншы бекет» фильмінде басты рөлді сомдадыңыз. Өз рөліңіз туралы қысқаша оқырмандарға айтып кетсеңіз.
  • Фильмнің сюжет желісіне 19 жастағы Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылы 22 маусымда Ақтаудағы түзеу мекемесін күзету бойынша, қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болды. Сол кезде жас сарбаз қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген. Міне, осындай жауынгер Ербол ағамыздың образын сомдадым. Фильмде Ербол Отарбаев ағамыздың есімі Ерлан Омарқұлов деп өзгертілген.

    Image result for Сануржан Сулейменов
    «Алтыншы бекет» фильмінде образын сомдаған жауынгер Ербол Отарбаевпен
  • Ал бұл фильмге қалай келдіңіз?
  • Негізі кастинг директоры деген мамандық бар. Кастинг директоры актерлерді таңдап, режиссерге ұсынады. Кейінен режиссер таңдайды. Сол кастинг директорымен бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Бір күні досымның туған күнінде «кино бар» деген жерге барғанмын. Сол жерде ол кісіні кезіктіріп қалдым. Әңгіме барысында ол кісі маған «айтпақшы, біз жақын арада Серікбол Өтепбергенов деген режиссермен осындай бір кино түсірмекпіз. Соған актерлерді іздеп жатырмыз. Егер сені қызықтырса, іріктеуге келіп қатысып көрсеңші» деп мені шақырды. Әрине, маған қызық болды. Содан іріктеуге барып, қатыстым. Кейіннен маған осы басты рөлді, Ербол Отарбаев ағамыздың образын берді.
  • Ербол ағаңыз сияқты, Отан алдында борышыңызды өтеп, әскерге бару ойыңызда жоқ па?
  • Көп қойылатын сұрақтардың бірі. Шыны керек өмірімді өнермен байланыстырмаған болсам, барар едім. Себебі, әскери адамдардың ішінен көптеген үлгі тұтар тұлғаларды көрдім. Отан алдындағы борыш тек әскермен өлшенбейді ғой. Әзірше, менің осы салада жүріп, еліме, артымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма берерім көбірек деп есептеймін.
  • Естуімізше, «Жас сахна» театрының әртісі екенсіз. Әлі де сонда жұмыс істеп жүрсіз бе?
  • 2016 жылдың күзінен бастап, 2018 жылдың жазына дейін бір театралдық маусым болды. Сол кезде жұмыс істедім. Театрда жұмыс істеп тәжірибе жинақтадым. Алайда, уақыттың жетпеуіне байланысты театрда қазір жұмыс істемеймін.Related image
  • Көпшілік « нағыз актер кинода емес, театрда» деп жатады. Киноны таңдап, театрдан кеткеніңізге өкінбейсіз бе?
  • Иә, театрда көптеген өте жоғары деңгейдегі аға-әпкелеріміз бар. Кино саласында мықты актер болуың, театр да ойнай аласың дегенді білдірмейді. Сондықтан, мен өзімді тексеру үшін де театрға бардым десем болады . Ал, «нағыз актер театрда», «Отан алдында борышыңды өтеу», «оқуға түсуің керек» деген ол жай ғана форма. Әр адам индивид. Бір формада жүру адамдардың барлығын бірдей бақытты етпейді. Иә, менің таңдауым осы болды. Мен жұрт секілді оқу оқып жүргенім жоқ. Театрдан шығып, киноны таңдадым. Мүмкін мені осы таңдауым бақытты ететін шығар. Мен бала кезімнен еркіндікте өстім. Және дәл сол мезетте мен өзімнің ішкі жан дүниемді тыңдадым. Ертеңгі күні жасым келгенде, өткен өміріме «неге істемедім» деген өкініш сезімімен еске алғым келмейді.
  • Сізді Ерболат Беделханның жетекшілігімен ашылған «Juz» академиялық орталығында актерлық шеберліктен сабақ береді деп естідім. Бұл рас па?
  • Орталықтың ашылу салтанатында, Ерболат аға «осы біздің орталықта оқып көрсеңші. Қаржы жағынан да аса қымбат емес» деп шақырды. Кейін, ол орталықта менің досым вокалдан сабақ беріп жүрді. Мен сол досыма вокалға барып, дәріс алдым. Сосын орталыққа актерлық шеберліктен беретін мұғалім керек екендігін айтты. Мен «Жас сахна» театрында бірге жұмыс істеген өз досымды бұл жұмысқа ұсындым. Кейін ол орталықта сабақ бере бастады. Театрдағы жұмысына, өзінің жеке шаруаларына байланысты үлгірмей жатқан кезінде, оның орнына екі-үш мәрте сабақ бергенмін.
  • Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Бауырларыңыз бар ма?
  • Қарапайым отбасыданмын. Әкем жеке кәсіппен айналысады. Анам да шағын гүл кәсібімен шұғылданады. Анам мектеп қабырғасында жүргенде ән айтып, өнерге жақын болған. Алайда өнер жолын таңдамады.Үйдің жалғыз баласымын.
  • Анаңыздың өнерге келуіңіздің себепкері екенін білеміз. Ал, әкеңіз басында қарсы болған деп естідім. Қазіргі таңда осындай жетістіктерге жетіп жатқан баласын көргенде, әкеңіз не дейді?
  • Қарсы болды дегенде, әкем ол кезде менің болашағымды ойлады. Ол кісі өзі бизнеске жақын адам. Менің де кәсіппен айналысқанымды қалады. Иә, мүмкін анам мені өнерге алып келмесе, жеке кәсіппен айналысар едім. Себебі өзімнің де қызығушылығым бар. Алайда, қазіргі таңда ата-анам өзіме таңдау еркін берген. Өз өміріме өзім жауап беремін. Үйде жұмыс туралы көп сөз қозғамаймыз. Тек бір-біріміздің қал жағдайымызды сұрастырамыз.
  • «Жұмысты жұмыс орнында қалдырамын» дейсіз ғой…
  • Негізі солай. Бірақ, осы жылы қызық болды. «Алтыншы бекет» фильмінде менің кейіпкерімнің анасының рөлін сомдаған – менің анам. Сол уақытта, анам менен кішкене тәжірибеммен бөлісуімді сұрайтын. Осылайша, үйде анаммен киноға дайындалатынбыз. Бізге қызық болатын. Және ең бастысы бұл менің анамды бақытты ететін.
  • Сонымен қатар, әлеуметтік желіде белсенді екенсіз. Тіпті, «Сүйкімділер» деп атаған жанкүйерлер тобыңыз бар екен. Неге «сүйкімділер»?
  • Елімізге Q-pop бағыты келгелі, осындай фан-клубтар пайда бола бастады. Содан былтыр әлеуметтік желіде тікелей эфирде отырғанымда, оқырмандарым жанкүйерлер тобын ашу туралы ұсыныстарын айта бастады. Бұл идея маған да қызық болды. Кейін тікелей эфирде « жарайды, ашсақ ашайық. Не деп атаймыз?» деп оқырмандарымнан сұрадым. Сұрағаным сол еді күлкілі де, түсініксіз де ұсыныстар келді. Кейін бір қыз «Сүйкімділер» деп атаңыз деді. «Неге?» деп сұрағанымда, «өйткені сіз өзіңіз де сүйкімдісіз, жанкүйерлеріңізде сүйкімді. Сүйкімді болып жүре берейік» деді. Маған ұнады да, келесі күні «Сүйкімділер» деген фан-клуб шықты.Image result for Сануржан Сулейменов
  • Жанкүйерлеріңізбен кездесу ұйымдастырып тұрасыз ба?
  • Туған күнімнің алдында кездесу ұйымдастырдым. Жанкүйерлеріммен танысып, сөйлестім. Олар маған сыйлақ жасады. Шыныменде, олардыі сүйкімді екеніне көзім жетті. Маған қолдау көрсеткендерін сезгенімде, менің тұла бойым энергияға толды. Сондықтан, мен сүйкімділеріме рахмет айтамын.
  • Сүйкімділеріңіз бар екен, ал сүйіктіңіз бар ма?
  • Ұнайтын қыздар көп. Бірақ, сүйіктім жоқ. Қазіргі уақытта менің сүйіктім – жұмысым. Және бар уақытымды осы жұмысыма арнаудамын. Ал, сіз сұрап тұрған сүйікті бойынша өз уақытымен болады деп ойлаймын. Ешқайда асықпаймын.

Cұхбаттасқан Наргиза Аршидин

  (Сұхбаттың  толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу