14 тамыз күні белгілі журналист Шәріп Құрақбай өмірден озды.Шәріп Құрақбай қазақ баспасөзінде өзіндік үні бар батыр журналистердің бірі болды. Азат ойлы, тек шындықты ту еткен арда азамат 62 жыл өмір сүрді.
Шәріп Құрақбай оппозициялық «Дат» газетінің алғашқы редакторы болып жүріп, еліміздегі тәуелсіз журналистиканың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. «Сөз» газетінің бас редакторы, «Правда Казахстана» газеті тілшісі, бас редактор болып қызмет еткен жылдары қоғамдағы күрделі саяси мәселелерді көтеріп, елімізде азаматтық қоғам құру ісіне аянбай тер төкті. Шаріп Құрақбай 2015 жылдан бастап «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналдарында бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген еді. Осы уақыт аралыңында елдің, жердің тағдырына қатысты өзекті мәселелерге үн қосты. Саяси мәселелерде барынша өз көзқарасын білдіруге тырысатын.
«Шәріп Құрақбай ағамызбен бір жылдай «Жұлдыздар отбасы» журналында еңбек етіп едік. Ақсақал жасына келсе де қунақ қимылды, өте өзекті дүниелерді қаламы қалт жібермеуші еді. Кешегінің адамы ғой, жұмысқа уақытысы келіп, уақытында қайтатын. Сөйлесе қалсаң 90-басындағы алғашқы саяси протесттерді, тәуелсіз журналистиканың қалыптасу кезеңдері туралы қызықты әңгіме айтатын. Атақты ДАТТЫҢ алғашқы редакторы болды. РНПК-ның атынан Күреңбелде депутаттыққа түсіп, қартайғанша саяси өмірден қалыс қалмады. Биыл зейнетке шығып демалам деп еді соңғы рет көргенімде. Топырағы торқа болсын дейміз» деп журналист Қанат Тілеухан көңілін айтты.
«ДАТ»-тың ең алғашқы редакторы, белгілі журналист Шәріп Құрақбай қайтыс болды деген суық хабар келді. Амал жоқ, сұм ажал арамыздан қазақтың мықты бір азаматын алып кетті.Қазақстанда миллиондаған соманың айыбы тағылып, кәсібі үшін сотқа тартылған ең алғашқы журналист Шәкең еді! Марқұмның туған-туыстарына, барша қазақстандық журналистерге, әділ сөздің жанашыр қауымына көңіл айтамын!» деп Ермұрат Бапи көңіл білдірді
«Демократия принциптерін ұстанған нағыз азаматты, Қазақстан тарихының жарқын тұлғасын жоғалттық.Шәріп Құрақбай еліміздегі тәуелсіз журналистика тарихында өз есімін ойып қалдырған бірегей тұлға. Ол аты аңызға айналған оппозициялық «Дат» газетінің алғашқы редакторы, «Сөз» және «Правда Казахстана» газеттерінің бас редакторы. Билік бірінен кейін бірін тәуелсіз басылымдарды жапқаннан кейін ол «Аңыз адам» және «Жұлдыздар отбасы» журналында қызметін жалғастырып, ең бастысы шындықты жазуды жалғастырды.Сөздің шебері әрі өте батыл публицист Шәріп Құрақбай қазақстандық оппозициялық журналистикаға тән бүкіл қиындықтарды, соттарды, тінтулер мен басылымдарын негізсіз жабу істерін бастан өткерді. Нағыз отансүйгіш әрі батыл азамат ретінде ол елдегі жағдайға бей-жай қарай алмайтын. Сондықтан, саясатқа да араласып, қарсылық шараларына да қатысатын. Ал өмірде өте қарапайым, сыпайы, ешқашан биіктер мен артық байлыққа қызықпаған, тек, елінің дамуын көргісі келген азамат еді» деп Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау жүйесінің бюросы көңіл айтты.
Марқұммен қоштасу 15 тамыз күні сағат 10-да Алматыда үйінде өтті. «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналдарының ұжымы аяулы әріптес ағамыз Шәріп Құрақбайдың мезгілсіз қазасына орай қайғырып, оның туыс, таныс, әріптестеріне көңіл айтады.