• Әңгімеңізді өзіңіздің туған жеріңізден, өскен ортаңыздан бастаған жөн шығар.
    • Шынымен де, мен сіздердің журналдарыңызға бірінші рет сұхбат беріп отырмын. Бұған өте қуаныштымын. Мен өзім Ақтөбе қаласы, Шалқар ауданында, Мөңке би деген ауылда дүниеге келдім. Балалық шағым осы табиғаты тамаша Шалқарда өтті. Сол жерде білім алып, мектеп бітіріп шықтым. Ата-анам үлкен кісілер, қазір екеуі де зейнеткер. Бүгінгі күні әкеміз жасы жетпістен асқан, ауылдың үлкен ақсақалы. Мен алты баланың кенжесі боламын. Ата-анамның мамандықтары өнерге жақын болмаса да, әкем домбыраны шебер орындайтын. Ал менің анам белгілі әнші Жанар Айжанова апамызбен бір ауылдан болады. Анамның ешкімге ұқсамайтын әдемі дауысы бар. Үйде анам алты баланы алдына отырғызып ән айтып беретін. Ата-анамызға қарап өскен біз ән-күйге жақын болып өстік.
    • Сазгерлікке қалай келдіңіз? Ең алғашқы шығарған әніңіз есіңізде ме? Құрал, біздің журналымызға алғаш рет сұхбат беріп отыр екенсіз.
    • Жоғарыда айтып өткенімдей, кішігірім той-томалақтың ортасында жүріп, ән айтып, кейін өзім де ән жазатын болдым. 16-17 жасымда ең алғашқы әндерім жазылды. Бастапқыда оны ешкімге көрсетпедім. Біреу естісе күлкіге қалатындай қатты ұялып, әндерімді жасырып жүрдім. Өнердегі Қайнар Алагөзов, Төреғали Төреәлі,  Аян Сейітов бауырларыммен бала кезден тай-құлындай тебініп бірге өскен достар екенімізден хабардар боларсыздар. Алғашқы әндерімді жазып жүргенде барлығын Төрешке тыңдататынмын. Себебі мен Төрешпен емін-еркін сөйлесетінмін. Біраз уақыттан кейін менің әндерімді Төрештің өзі айта бастады. Менің ең алғашқы жарық көрген әнім «Қызғалдағым» деп аталды. Кезінде бұл әнді Асхат Тарғын орындап жарыққа шығарды. Кейінгі әндерімді Қайнар мен Аян бауырларым бар, солармен бірігіп отырып шығардық.Related image
  • Төреғали, Қайнар, Аян және сізді өнердегі достығы жарасқан азаматтар ретінде білеміз. Сіздердің достықтарыңыз қалай басталды?
  • Біріншіден, бәріміз де бір ауылдан боламыз. Шыны керек, біздің төртеуміздің басымызды құрап жүрген – Қайнар. Мен мектепке оқып жүргенде Қайнар мен Аян айтыс сахнасына шығып, өнер жолын бастады. Біртіндеп олар Жүрсін ағаның айтысына қатысып, республикаға аты шыға бастады. Ол кезде мен жетінші сыныпта оқитынмын. Мен бірінші Қайнарды іздеп, арнайы барып таныстым. Кейін Қайнар мені Аянмен таныстырды. Бәріміз де бірге тойға шығамыз. Төрештің әкесі Төреәлі ағамыз Шалқарға тойға көп келетін. Сол келгенде үнемі Төрешті де жанына ертіп келеді. Төрәлі аға ең бірінші осы Қайнар, Аян содан кейін менімен танысты. Кейін Қайнар себепкер болып, менде Төреғалимен таныстым. Сол кезден бастап бәріміз бірге дос болып келеміз.
  • Сіздің әндеріңіздің көпшілігін әнші Төреғали орындайды. Оның барлығы бүгінгі күні хитке айналды десем, қателеспеймін. Алайда басқа әншілермен дәл солай белсенді жұмыс істемейсіз ғой деймін? Неге тек Төреғалиге ән жазып бересіз?
  • Әнді бұйырған әншіге жазамын. Мен Төреғалиден де бөлек бірнеше әншілермен жұмыс істеймін. Мысалы, Кенжебек Жанәбілов, Еркін Нұржан, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Нұрболат Абдуллин, Гүлнұр Оразымбетова, Ерке Есмаханға бүгінгі күнге дейін бірнеше ән жазып бердім. Томирис дейтін кішкентай қарындасымыздың да репертуарында менің әндерім бар.Олардан басқа да әншіде әндерім баршылық. Сол себепті «Құрал тек Төреғалиге ғана ән жазады екен» деген сөз дұрыс емес. Төреғалидің халыққа танылған көп әнінің сөзін  Қайнар мен Аян, әнін менің жазғаным да рас.Мұны дұрыс жағынан түсіну керек. Шығармашылықта бірізділік деген ұғым бар. Бұл – әншінің бір композитор және бір ақынмен тұрақты жұмыс жасауы. Расында да, бүгін бір ақынмен, ертең екіншісімен жұмыс істейтін болсаң, репертуарыңда жүйелілік деген болмайды. Әр жолы әр композиторға жүгіре берсең де, шығармашылығың ала-құла, қойыртпақ дүниеге айналуы мүмкін. Бірізділіктің бір жақсы жері – әншінің репертуарында не артық, не жетіспейтінін біліп отырасың. Өйткені әндерінің бәрі өз қолыңнан шыққаннан кейін бір тақырыптың бірнеше мәрте қайталанбауына, алуан түрлі бояулардың болуына баса мән бересің.Image result for құрал молжанов
  • Сіз әнін жазған Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан орындаған «Алло» әнінен кейін атыңыз бүкіл елге танылды. Осыдан кейін сіздің әніңіздің де бағасы өсіп кеткен болар? Әлде сол қалыпта қалды ма? Жалпы, бір әніңіздің бағасы қанша?
  • Шындығына келсек, мен ешқашан әнімді белгілі бір бағаға сатқан емеспін. Менің әнімді ешкім сатып алмайды.
  • Сонда әнші ойындағы бағасын бере ме?
  • Кейбір әншілер маған рақметін айтып, қаламақысын береді. Кейбір әншілердің продюсерлері де сазгерлердің қаламақысына шақ сыйақы береді. Алайда мен осынша ақша тұрады деп әнімді ешқашан сатқан емеспін.
  • Досыңыз Төреғали Төреәлі де әнді тегін ала ма?
  • Төреғалиге келгенде бәрі басқаша. Мен Төрешке ешқашан әнімді сатқан емеспін. Екеуіміз, ең біріншіден, бірге өскен доспыз. Қиын сәтте қол ұшын беріп, демеу көрсететін жақынымның бірі осы – Төреш. Мен оған ешқашан әнімді сатпаймын.                                                                     Сұхбаттасқан Айнұры Есенғали

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы » журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу