– Қосқанат, Гауһар, өздеріңізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Алдымен оқырмандар өнердегі жұлдызды жұптың өскен өңір, туған мекені туралы білгісі келеді?
Қосқанат Көпжасар: – Мен 1990 жылы 4 мамыр күні Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келдім. Моңғолияда туғаныммен, ол жақты көріп өспедім. Салтанат деген әпкем, Ерқанат деген ағам бар. Әпкем тұрмыста, жеке бизнеспен айналысады. Ал Ерқанат «31 телеарнада» жаңалықтар жүргізеді. Белгілі журналист. Анам үйде. Келіншегім де баламен үйде. Алла қаласа, күзге таман екінші сәбиіміз өмірге келеді деп күтіп отырмыз.
1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы Алматы қаласында өтті. Осыдан кейін шеттегі қазақтардың атажұртына келуіне жол ашылды. Ол кезде әкем Алматыда консерваторияда оқитын. Тәуелсіздік алғаннан соң отбасын бірден атамекенге алып келді. Әрине, туған жерімді қазақы қаймағы бұзылмаған өлке деп естимін. Бұйыртса, барып қайтамыз ба деп жүрміз. 2017 жылы барғымыз келген, алайда сол жылдың басында әкеміз қайтыс болып, жол түспей қалды. Алдағы уақытта Ұлан-Батырға концерттік бағдарламамен де барғымыз келеді. Барлығы уақыттың еншісінде.
Гауһар Сардарбек: – Менің туған мекенім – Қызылорда облысы Қармақшы ауданы. Бірақ қырқымнан шықпай жатып отбасымызбен Шымкент қаласына көшіп кеткенбіз. Сол жақта 9 жыл тұрып, кейін Алматыға қоныстандық. Қазір осы алып шаһарда тұрып жатырмыз. Ата-анам және өзімнен кейін 13 жастағы інім бар.
– Аз уақыттың ішінде сүйкімді жұпқа айналып үлгердіңіздер. Дуэт болып табысуларыңыз қалай жүзеге асты?
– Қосқанат Көпжасар: – Мен «МузАРТ Live» жобасының финалында сүрінген кезімде Ясира Заханқызы деген композитор апайымыз хабарласты. Ол кісі: «Сіздің өнеріңізге тәнті болып жатырмыз, менде дуэтке арналған ән бар еді, соны бір қызбен айтып шықсаңыз», – деп ұсыныс білдірді. Сол кезде бірден ойыма сап етіп Гауһар түсті. Ол кезде бір-бірімізді танымаймыз. Ә дегеннен Гауһардың Инстаграмына жазып, таныса бастадым. Ұсынысқа Гауһар да бірден келісіп, екеуміз ертеңіне кездестік. Бірақ апайымыздың әнін сол күйі шығара алмай кеттік. Әрине, бастапқыда өзіміздің авторлық әндеріміз болмады. Сол себепті, «Арнау» дуэтінің, Жанболат пен Жазираның әндерін орындап жүрдік. Кейде «Жанболат пен Жазираны 2000 долларға, бізді 200 долларға шақыруға болады» деп той ұйымдастырушыларына әзілдейтінбіз. Сөйтіп, өзіміздің авторлық әнімізді жазғымыз келді. Дауысымыз да, көзқарасымыз да үйлесіп тұр, тек кешіктірмей шығармашылықты бастау қажет болды. Біз алғаш әндер орындап, әлеуметтік желілерге соның үзінділерін сала бастаған кезде композиторлар да, ақындар да өздері хабарласа бастады. Ол әрине Алланың берген бағы мен халықтың ықыласы ғой. Әйтпесе қаншама ән жазып, орындап жүрсе де, бірде-бір ақын мен сазгер хабарласпайтын, көптің сұранысына ие бола алмай жүрген әншілер бар. Бұл тұрғыда біздің жолымыз оңай өрілді деп айтуға болады. Жалпы, дуэт бола салу оп-оңай дүние емес. Кей концерттерде танымал әншілер бір-бірімен дуэт құрып жатады, бірақ дауыс ырғақтары келмей тұрғаны байқалады. Аллаға шүкір, бізде ондай қиындықтар болған жоқ. Өйткені менде кішкентайымнан домбырамен ән айтып, халық әндерін әкемнен үйреніп өстім. Гауһар да дәстүрлі әнші. Сондықтан біз бір-бірімізге еркін үйреніп, ән әлеміне аяқ басып кеттік.
Сіздің Гауһармен ән айтқаныңызға, өнерде жұп болып жүргендеріңізге келіншегіңіз қалай қарайды?
– Қосқанат Көпжасар: – Әйелім медресені бітірген. Ақылды, жүрегінде иманы бар, қызғаншақтық пен қызуқандылыққа бой алдырмайтын текті адам. Гауһарға қарындасымдай қараймын. Басқа бір әншілермен ән айтсам қызғанатын шығар, бірақ Гауһармен айтсам қызғанбайды. Бұл тұрғыда мәселенің барлығы әу баста біздің отбасында келісіліп, шешілген. Өнер – менің жұмысым. Ал исламда ер адамның жұмысына әйел адам ешқашан араласпайды. Отбасыма келген кезде өзімді мүлде басқаша ұстаймын. Және оларды әлеуметтік желілерге салып, көптің көзіне көрсетуді қаламаймын.
Бос уақытта не істейсіздер? Хоббиларыңыз қандай?
Қосқанат Көпжасар: – Менің хоббиім – футбол. Өзім КТК арнасының құрамасында ойнаймын. Анам Моңғолияда коньки спортынан және жеңіл атлетикадан ел чемпионатында бірінші орын алған екен. Спортқа деген жақындығым сол кісіден жұққан-ау деп қоямын. Арақ пен темекіге жоламаймын, қолым қалт етсе ойлайтыным да, ойнайтыным да – футбол.
Гауһар Сардарбек: – Менің хоббиім – бос уақытта үнді киноларын көру. Олардың сюжеттеріне, актерлік шеберліктеріне және әндеріне ерекше ғашықпын.
(сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)
Әңгімелескен Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ