– Шияра, жаңа ҰБТ жүйесі енгізілгелі бері екі жыл уақыт өтті. Осы уақыт аралығында максималды 140 балды биыл тұңғыш рет сен иеленіп отырсың, құттықтаймыз! ҰБТ нәтижесін естігенде қандай сезімде болдың?

– ҰБТ аяқталғаннан кейін мешітке барып намаз оқып шықтым. Бір кезде ұстазым хабарласып «Шияра, сен 140 балл алдың!» деп айтты. Басында сенген жоқпын, қалжыңдап жатыр деп ойладым. Ұстазымның сөзінен кейін көзімнен еріксіз жас шықты. Өз құлағыма өзім сене алмай тұрдым. Тіпті бұл жаңалықты естігенде есеңгіреп, талып қалдым. Жанымдағылар менің есімді жиуыма көмектесті.Менің көп уақыттан бергі еңбегім ақталды. Ұстаздарымның, ата-анамның үмітін ақтағаныма қуаныштымын.

– Бұл жаңалықты ата-анаң естігенде қалай қуанды?

– Мен мешітте анаммен бірге болатынмын. Ол кісі менің телефон қоңырауынан кейін жылап жібергенімді көріп межелі балды жинай алмады деп топшыласа керек. «Қызым, бәрі дұрыс па?» деп қорқып кетті. Негізі мен география пәнін таңдағандықтан, бұл пәннің мамандықтарына кем дегенде 135 балл жинап қана грантқа түсуге болатын. Өзім қарапайым отбасыда өскен қызбын. Әкем мен анамның университет ақысын төлеуге шамасы жетпейтінін білдім. Ата-анам менің жоғарғы нәтижеге қол жеткізгенімді көріп қатты қуанды.

– ҰБТ-ға кірер кезде өзіңе сенімді болдың ба, әлде бойыңды қорқыныш, қобалжу биледі ме?

– Бізді мектепке таңғы 5-те шақырды.Содан кейін имам батасын беріп шығарып салды. Әрине, тестілеуге кірерде аздап қобалжыдым. Қанша жерден тыңғылықты дайындалсақ та, осы білімнің бәрін 3 сағатта пайдама асыра аламын ба деп уайымдадым. Жанымдағы сыныптастарым автобуста емін-еркін отырса, мен басқалардан оқщаулау, көңілсіз отырдым. География пәнін таңдағандар үшін грантқа түсу қиын. «Жоғары балл алу қолымнан келер ме кен?» деген сұрақ ойымнан кетпеді. Ал мен барынша грантқа түскім келеді. Ата-анама мойнына ауыр жүк салғым келген жоқ…

– Ата-анаң немен айналысады?

– Әкем де анам да мұғалім. Анам ­- араб тілі және қазақ тілінен мұғалім болған. Әкем — араб тілінен сабақ берген. Кейіннен араб тіліне деген сұраныстың жоқтығынан, екеуі сауда-саттықпен айналысып кетті.

– ҰБТ сұрақтарына барлығы 3,5 сағат уақыт беріледі. Өзің сұрақтарға қанша уақытта жауап бердің?

– Мен ең соңғы минутқа дейін тапжылмай сотырдым. Сол сыныпта ең соңғылардың бірі болып шықтым. Жанымдағы түлектер тез-тез белгілеп шығып кетіп жатты. Мен «Бұларға тест оңай болған ба?» деп түсінбей қалдым. Математика формулалар арқылы шығатын болғандықтан, көп уақытым кетті. Ал география пәнін 10 минутта бітірдім. География пәнінен өте тыңғылықты дайындалып, оқулықтырды оқып шыққам.Содан болар, бұл пән маған қиынға соқпады. Ал тарих пәні сәл қиындау болды. Өйткені, келген сұрақтар біз тапсырып жүрген байқау тесттерден 50 пайыз өзгеше еді.

– Қай сұрақтарға жауап береде екұдай күйде болдың? Қай жауабыңа күмәндандың?

– Шыны керек, бұрын тестке дайындалған кезімде сұрақтың жауабын білмей жатсам, сұрақ пен нұсқаларды бір-бірімен байланыстыратын едім. Ал осы жолы мен тарих пәнінен екі сұрақтан күмәнді болдым. Тіпті сұрақ пен жауапты бір-бірімен байланыстыра алмадым. Біріншісі «1845 жылы болған оқиға» болса екіншісінде «Хандарды ретімен қой» деген талап болатын. Мен көп ойланып, дұрыс жауап бердім.

– Жалпы сенің аудиторияңда телефон, шпаргалка пайдаланғандар болды ма?

– Жан-жағыма қарауға мұршам болмады.Сол себепті басқалар туралы ештеңе айта алмаймын. Біздің аудиторияда екі бақылаушы мұғалім болды. Олар соңына дейін бізді қатаң қадағалады. Өзім ешқандай шпаргалка, телефонның көмегіне жүгінбедім. Тығылып шпаргалканы қолдануға, телефон пайдалануға икемім жоқ (күлді). Қолдана алмайтындықтан, мен ол дүниелерді алып кірген жоқпын.

– Өзің ҰБТ-ға қанша уақыт дайындалдың?

– 10 -сыныптан бастап ҰБТ-ға дайындалдым. Одан бөлек «Арай» білім беру орталығында тәлім алып жүрдім. ҰБТ-ға аз уақыт қалған кезден бастап, күнде таңғы төртте тұрып дайындалатынмын. Көбінесе математика пәніне дайындалдым.

 

Болашақ түлектерге «Ешқашан жалқауланбаңыздар» деп айтқым келеді

– Өзің алтын белгі иегері болмасаң да, алтын белгілерді шаң қаптырып кетіпсің.

– Мен 10 сыныпқа дейін алтын белгіге үміткер болдым. 10 сыныпта ҰБТ-да болатын бес пәнді қатты ден қойып оқимын деп, физика, ағылшын сабағым сәл ақсап қалды. Бұл өз кінәм. Дегенмен мектепті үздік атестатпен бітірдім. Сол уақытта ҰБТ-да болатын пәндерге көп дайындалғаныма өкінбеймін. Есесіне жоғары нәтиже көрсеттім.

– Өзің мектептегі байқау тестілерінен қанша балл алып жүрдің?

– Жылдың басы 97 баллмен басталды. Әрі қарай әр байқау тестіне бес балдан қосылып отырды. ҰБТ-ға екі ай қалғанда 130 балл көлемінде нәтижеге қол жеткіздім. Ең соңғы байқау тестінен 136 балл алдым. Менің мақсатым 140 балл алу еді. Бұл мақсатыма біріңғай тестілеу кезінде қол жеткіздім.

– ҰБТ-ға дайындалу әдісіңмен бөлісші? Әр пәнге қалай дайындалдың?

– Оқу сауаттылығы пәнінен әдеби шығармаларды көп оқығанымның арқасында аса қиналмадым. Көп кітап оқитын адам грамматика, тыныс белгіден қате жібермейді. Математикалық сауаттылықтан логикалық сұрақтар көп болады. Бірінші сыныптан бастап логикалық есептерді жақсы көріп шығаратынмын. Мен бұл пәнге дайындық кезінде уақытқа есеп шығаруды, уақытты тиімді пайданалуды үйрендім. «Мына есепті 30 секундта шығарамын» деп өзіме мақсат қоятынмын. Ал, Қазақстан тарихы пәнінен мектеп оқулықтарын оқыған дұрыс. Одан бөлек тест кітаптарын пайдаландым. Аптасына бір-екі рет мектебімізде болатын байқау тесттерді алып қателерін пысықтадым.География пәнінен де мектеп оқулықтарымен дайындалдым. Одан бөлек картаға көбірек көңіл бөлгенімнің пайдасы тиді.

Картинки по запросу шиара кудайбергенов

– Өзің ҰБТ-ға дайындалып жүрген түлектерге қандай кеңес бересің? Дайындықта ең бірінші неге назар аудару керек?

– Ең бастысы өзіңе мақсат қою керек. Және де, «сол мақсатқа жетемін» деген сенімділік болу қажет. Тек мектепоқулықтарымен шектелмей, басқа да тест кітапшаларымен дайындалу артық болмайды. Болашақ түлектерге «Ешқашан жалқауланбаңыздар» деп айтқым келеді.

– Енді қандай оқу орнына түспексің?

– Бастапқыда Н.Назарбаев универстиетіне түскім келді. Бірақ ол оқу орнының қабылдау уақыты ерте басталды екен. Белгілі бір себептермен мен бұл оқу орнына түсуге үлгере алмай қалдым. Әрине, ішімде «әттеген, ай» бар, бірақ бұйырғаны болар. Қазір Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университет пен Алматыдағы Сулейман Демірел Университетіне таңдауым түсіп отыр. Осы екі университеттің біріне тапсырамын.

– Алматы қаласының әкімімен кездесіпсің.

– Тест нәтижесі шыққан күннің ертесі Бауыржан Байбек мырзамен кездестім. Әкімнің қабылдауында болу мен үшін үлкен құрмет, абырой. Бауыржан мырза  мені жылы қарсы алды. Маған ноутбук пен кітабын сыйға тартты. Одан бөлек Ұлттық Біріңғай тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов соңғы үлгідегі айфон телефонын сыйлады.

– Өз отбасың жайлы толығырақ айтып берсең.

– Мен Тараз қаласының тумасымын. Әкемнің жұмыс бабы бойынша Алматыға көшіп келдік. Үйде екі баламыз, менен кіші інім бар.

– Ата-анаң қандай қолдау білдірді?

– Мен жетінші сыныпқа келген кезде Қазақ-түрік лицейіне тест тапсырып, екі балл жетпей түсе алмағанмын. Кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне де тапсырып көргенмін. Одан да соңғы турда құлап қалдым. Сол кезде «Неге мен осындай еліміздегі мықты мектептерге түсе алмадым?» деп қынжылдым. Менің жолымның болмағанын көріп ата-анамның да көңілі түсті. Дегенмен олар әрқашан маған сенетін. Анам менің сабағыма көп көңіл бөлді. Кейін «Мен бұл мектептердің түлектерінен де асып түсетін боламын» деп өзімді алға жетеледім. Менің бүгінгі жетістігім ата-анамның сенімі мен тілегінің арқасы.

 

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу