Қазақстанда тұратын балаларымен бірге болу үшін Сайрагүл Сауытбай шекараны заңсыз кесіп өткен. Қазіргі таңда Сайрагүлді Қазақстандағы түрмеде отыр. Ол хат арқылы өзінің жанайқайын білдіргені туралы Stan.kz хабарлады.
«Биыл сәуірдің ортасында (шамамен 15-17-леріне) Қазақстанға өткен Сайрагүлді мамырдың 22-сі кешке 21.00-21.30-дар кезінде шекара қызметкерлері үйінде отырған жерінен ұстап әкеткен. Алғашында Жаркенттің уақытша тергеу изоляторында отырды. 31 мамыр күні Талдықорғанның уақытша тергеу изоляторына ауыстырды. Жаркенттен бері қарай жақындағанының өзі біз үшін қуаныш болды», – деп жазды журналист.
Өз кезегінде түрмеден хат жолдаған Сайрагүл Сауытбайдың сөзінше, қазіргі уақытта оны Қытайға аударып жіберу мүмкіншілігі басым болып тұр. Түрмеде мүмкіндік өте шектеулі, дейді ол.
«Менің заңсыз шекарадан өткендігім баршаңызға аян. Менің бұл əрекетім – тек отбасыммен бірге болу үшін. Шын мəнінде маған жаны ашып тұрған адам жоқ мұнда. Əр тергеу амалдары аяқтап, енді сотқа жіберіледі дейді.
Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайы баршаңызға белгілі. Менің басты мақсатым – отбасыммен бірге болып, атажұртымда бейбіт өмір сүру екенін білесіздер. Бірақ қазіргі жағдайдан қарағанда мені Қытайға қайта беріп жіберудің мүмкіншілігі басым болып тұр. Түрмеде мүмкіндік өте шектеулі. Мен жəне менің ісім үлкен бақылауда, əр қимылым терең зерттелуде. Менің орыс тілін білмейтінім жəне жергілікті заңды білмейтінімді əбден пайдалануда. Артымнан іздеп келетін тағы жоқ. Өзімді ең керексіз, ең жаман тастанды зат секілді сезініп отырмын. Кімнен, қайдан көмек сұрарымды білмеймін. Түрмеден жіберілетін хаттардың дəл орнына баруына күмəнім бар жəне менің арыздарымды белгіленген жерге жеткізу турасында арнайы бұйрық берілгендей. Сондағы мақсат менің өзімді өшіру. Əрине мен көптің бірімін. Менің бір үмітім сіздерде», – дейді Сайрагүл Сауытбай.
Қандасымыздың айтуынша, ол түрмеде әбден қыспаққа алынған көрінеді.
«Егер балаларым болмаса мені бұл өмірде ештеңе ұстап тұрған жоқ. Шектеудің не екенін , қыспаққа алынғанының қандай екенін əбден көріп жатырмын. Ол күйінішті сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес.
Елім, жерім, балаларым деп келгенде мұндай қатыгездікке тап боламын деп мүлдем ойлаған емеспін. Менің жан айқайымды еститін адам болса, қолұшын созуларыңызды сұраймын! Ал болмаған жағдайда соқыр, мылқау күйде өміріммен хош айтысудан басқа амалым қалған жоқ. Бостандықта жүрген адамдар азаматтық ала-алмай түсіп жүргенде түрмеде отырып, менің қысқа қолыма азаматтық қайдан тимекші?! Тек бір Алладан үмітімді үзбей келемін» – деп жазған әйел.
Сондай-ақ, Сайрагүл Сауытбай Талдықорған қаласында сөзімді жеткізетін бір адам болса дейді. Ал осы хаты көпшілікке жеткен кезде, бар мəселені дұрыс жағынан түсініп, өзіне қолдау көрсетіледі деп сенетінін айтты.
Ал бұл іспен айналысып жүрген қорғаушы Арман Құспан қазіргі уақытта тергеу амалдарының аяқталғанын айтты. Ендігі істі прокурор, сот қарайды екен.
«Сайрагүлдің жағдайы, денсаулығы жақсы. Тілектес боп отырған халыққа тегіс дұғай-дұғай сәлем айтты, алғысын жеткізді… Сайрагүл Қытайға қайтарылады деген күдік сейілді деп ойлаймын. Саяси баспана беру мәселесі, азаматтық беру мәселесі өзекті болып қала береді… Әрі қарай сот шешімін күтеміз», – дейді Абзал Құспан.