- Ең бірінші туындайтын сұрақ, неге Гүлхан мен Дәулет дуэті белсенді емес?
- Көптеген бағдарламаларға барғанда, осы сұраққа «не көз тиді, не сөз тиді» деп қалжындайтынбыз. Енді, шындықты айтсақ деп отырмыз. Соңғы жылдары екеуміздің де денсаулық мәселеміз дұрыс болмады. Сондықтан кішкене шығармашылықта үзіліс жасауға тура келді. Себебі, бізге денсаулық маңыздырақ. Емделуге біраз уақытымызды арнадық. Әрине, бұл мүлдем шығармашылық жұмыстан кеттік деген сөз емес. Тек бағдарламаларға баруды, бейнебаян түсіруді кейінге қалдыра тұруды жөн санадық. Бірақ, шамамыз келгенше шақырған жерлерге барып, әнімізді айтып жүрміз.
- Қазір енді денсаулықтарыңыз жақсы ма?
- Құдайға шүкір! Қазіргі таңда денсаулығымыз жақсы. Бұйырса, шығармашылық жұмысымызды қолға алмақшымыз.
- Иә, жақында «Жорға тай» халық әніне бейнебаян түсіріпсіздер. Неге бұл әнді таңдадыңыздар ?
- Бейнебаян көрерменнің көңілінен шығуы, ең бірінші, әнге байланысты. Басында ән іздеп жүрдік. 2014 жылы көңілді, бейнебаян түсіруге болатын репертуарымыздағы бір әнді таңдадық. Бірақ, ол бейнебаянды, біздің ойымыздағыдай, түсіретін режиссерді таппадық. Себебі, біз бірге жұмыс істегіміз келген режиссердің уақыты болмады. Одан кейін ол әннің өзектілігі кетіп, бейнебаян сол күйі түсірілмеді. Біраз уақыттан кейін, қоржынымыздағы өзіміздің авторлық «Сағыныш демі» атты әнімізге бейнебаян түсіруге бел будық. Сол кезде Дәулет «Жорға тай» әнін ұсынды. Екі әннің арасында тартыс болды. Ойлана келе, эстрадалық әнмен халықты таңғалдыра алмайтындығымызды түсініп, бізді ел ішінде халық әні арқылы таныған соң, «Жорға тай» әніне бейнебаян түсіреміз деп шештік.
- Бейнебаянның сюжетін кім ойластырды?
- Бейнебаянның сюжетін бірге жұмыс істеген режиссер жазған. Негізі, идеямызды бейнебаянда толық жеткізе алмадық. Себебі, уақыт өте тығыз болды. «Жорға тай» бейнебаянын Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда түсіргенбіз. Мұражайда аптасына алты рет жұмыс істеп, бір күн демалады екен. Сол бір күн, дүйсенбі күні ғана бізге түсіруге мүмкіндік берді. Осыған байланысты, бейнебаянның идеясын қысқартуға тура келді.
- Жоғары да айтқандарыңыздай, тыңдармандарыңыз сіздерді халық әнімен таниды. Нақтырақ айтсақ, «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнімен баурап алдыңыздар. Алайда, тек осы бір әнмен ғана тануы өкінішті деп ойламайсыздар ма?
- Көбісі «осы дуэт халық әнінен басқа орындай алмай ма?», «басқа өздерінің әндері жоқ па? » деп жатады. Мойындауымыз керек, осы халық әні арқылы танылдық. Бізді тойларға, концерттік кештерге шақырғанда, халық әнін, әсіресе, «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындауымызды сұрайды. Үлкен кісілеріміз «тағы да жұп болсын» деп те жатады. Біз еш өкінбейміз. Біз тек сұранысқа қарай жұмыс істейміз. Ал, халық әндерінен де бөлек қоржынымызда көптеген әндер бар. Мәселен, биыл өзіміздің алғашқы ән жинағымыз жарыққа шықты. Ән жинағымызда он төрт ән және бір бейнебаянымыз бар. Гүлхан мен Дәулет дуэтінің басқа да әндерін осы альбомымыздан тыңдай аласыздар.
- Тойларға жиі шығып тұрасыздар ма?
- Жоқ. Тойға шығуымызды он баллдық шкаламен есептесек, өзімізге екі деген балл береміз.
- Телевидениеға шығуды сиреттіңіздер. Тойға да көп шықпайды екенсіздер. Сонда табыс көздеріңіз не?
- Біз көбінесе мемлекеттік, ауқымды концерттік кештерде, жабық концерттер де, шетелден келген қонақтардың қабылдауында жиі көрінеміз. Көбінесе осындай кездесулерге жанды дауыста ән айтуға шақыртулар келеді. Осы кештердің арқасында қаражатымызды тауып отырдық.
- Екеуіңіздің өзара бір-біріңізге қойған талаптарыңыз бар ма?
- Біз бір-бірімізге ауызша да, жазбаша да ешқандай талаптар қойған емеспіз. Қазіргі таңда, бір-бірімізге толықтай еркіндік бердік. Егер, Дәулеттен жеке ән орындап беруін сұраса, неге айтпасқа?! Өте талантты әнші. Әрине, жеке-жеке ән орындауымыз дуэт тарқап кетеді деген сөз емес.
- Бір сұхбаттарыңызда «жастарға ұнайтын бағытта ән орындағымыз келеді» деген едіңіздер. Бұл ойларыңыз жүзеге асуда ма?
- Қазір өнерде жаңа бағыттар пайда болып жатыр. Қанша сынағанмен, жастардың даусын өшіріп тастау мүмкін емес. Уақыт өте келе сұраныста сол жаңа бағытқа қарай ауып бара жатыр. Біз де өзіміздің аудиториямызды кеңейткіміз келеді. Бізді тек қырық-елу жастан асқан тыңдармандар емес, жастар да тыңдаса екен деген арманымыз бар. Сол ниетпен бір –екі ән жазғымыз келеді. Бірақ, әлі жазған жоқпыз. Әлі ізденіс үстіндеміз. Және ол бағыттағы әндерді « біздің орындаумызда жастар қалай қабылдайды екен » деген қорқыныш сезімі де жоқ емес.
- Қазіргі таңда, шығармашылықтарыңызда не нәрсеге басты назар аударып отырсыздар?
- Қазіргі кезде өзімізді жарнамалау ісін қолға алып отырмыз. Әлеуметтік желіде «daulet_gulhan» деген парақша ашқанбыз. Соңғы жаңалықтарымызды сол парақшаға жариялап отырады. Ал, мен мүлдем әлеуметтік желілерді қолданбайтынмын. Мен оны өзіме керек деп есептемедім. Бірақ, шыны керек, бұл өте қажет дүние екенін түсіндім. Дуэттің ортақ парақшасы белсенді болды деп айта алмаймыз. Себебі, көптеген дуэттер жұп болғандықтан, бір үйде отырып ,ақылдасып, бірге шешуге мүмкіндіктері көп. Ал, бізге ол жағынан қиын болды. Сондықтан, міне виртуалды әлемге мен де келдім. Осыдан екі күн бұрын, өзіме жеке парақша аштым. Және ортақ парақшамызды да бірге алып жүреміз.
- Жұп демекші, сіздердің дуэттеріңі құрылғалы бері жұртты мазалайтын бір сұрақ бар. Дәулет пен Гүлхан жұп па?
- Иә, шынымын де әлі күнге дейін қойылып келе жатқан сұрақ. Жоқ, біз Дәулет екеуміз жұп емеспіз. Жұп болғанда емеспіз.
- Әр бағдарлама да «жұп емеспіз, бір-бірімізді ұстамаймыз» деп айтқандарыңызбен, бір-біріңізден ажырамай жүресіздер. Сонда бұл сөздеріңізге қалай сенеміз? Өз бақтарыңызды өздеріңіз итеріп жатқан жоқсыздар ма?
- Мен Дәулеттікін емес, Дәулет менің бағымды байлап жүрген сияқты (күлді). Мен енді Дәулетке қараған қыздарға бірде-бір рет қабағымды түйген емеспін. Ал, Дәулеттің қабағы, көзқарасы суықтау. Оның көзқарасын көргенде жігіттер қашып кетеді. Мәселен, осыған байланысты бір қызық оқиға болды. Бірде сыйласып жүрген ағамыз, 8 наурыз қарсаңында өзінің емханасында өтетін мерекелік кешке бізді шақырған еді. Дәулеттің жеке шаруалары шығып, келе алмады. Содан жақын танысым болғандықтан, өзім жалғыз бардым. Сенесіз бе? Сол күні қаншама ер азаматтар жаныма келіп, қал-жағдайымды сұрап, мерекеммен құттықтап, тіпті ұялы телефонымның нөмерін сұрап, қасымда айналшықтап жүрді. Сіздің сөзіңіздің жаны бар екенін сол кезде түсіндім. Сонда ғана, біз Дәулет екеуміз қанша «біз доспыз, арамызда ештеңе жоқ» деп айтқанымызбен, әркім өзінің көргісі келгенін көреді екен.
- «Әркім көргісі келгенін көреді» дейсіздер. Бірақ бір-біріңізді әрдайым мақтап, жұртқа «идеал» ретінде бір-біріңізді айтып жүрулеріңіздің өзі соны көрсетіп тұрған жоқ па?
- Солай ма? Біз негізі сізден естіп отырмыз. Олай бір-біріміздің жиі мақтап жүретінімізді байқамаппыз да (күлді). Қазір ойланып отырсақ, айтып отырғаныңыз өтірік емес екен. Бірақ, біз қаншама жылдан бері доспыз. Біз қорықпай бір-бірімізбен сырласа аламыз. Достығымыздың үлкендігі соншалық, бір-біріміздің кемшілігімізді де, жақсылығымызды да қабылдағанбыз. Бір-біріміздің кем тұстарымызды білеміз. Бірақ оны айтып не керегі бар? Айтады ғой, «жақсының жақсылығын айт нұры тассын». Тек жақсылықты айтайық.
- «Бір-біріміздің кемшілігімізді, жақсылығымызды да қабылдадық» деп жатырсыз. Бұл достық сезімі екендігіне сенімдісіздер ме?
- Иә, жүз пайыз сенімдіміз. Көбісі «қыз бен жігіт арасында достық болуы мүмкін емес» деп жатады. Осы пікірді айтатын адамдарға қарап, өмірлерінде нағыз «достық» деген қасиетті сезімді бастан кешірмеген шығар деп те ойлап қаламын. Мүмкін, біз «достық» деген ұғымды кеңінен түсінетін шығармыз.
- Отбасыларыңыз бұл жайлы не дейді? «Бұлай жүргендерің дұрыс емес. Отбасылы болуларың керек қой» деген кездері болды ма?
- Гүлхан: Менің ата-анам Дәулетті өте қатты жақсы көреді. Оған деген көзқарасы өте жақсы. Тіпті, менен де артық жақсы көреді десем өтірік болмас. Ал, отбасылық өмірге келгенде мен үйдің кенже қызымын. Кенжесі болғандықтан шығар, аса көп ол туралы сұрай бермейді. Кейде анам менің тұрмысқа шығып, бақытты болғанымды қалайтынын айтып қалады.
- Дәулет: Иә, біздің отбасымыз да Гүлханды жақсы көреді. Үйге қонақ болып келіп тұрады. Үй ішіміз Гүлханды өз қызындай көреді. Менің де жеке өміріме ата-анам аса қатты араласып кетпейді. Ағам мен інім отбасылы. Мен үйдің ортаншысымын. Білесіз ғой, ортаншы бала әрдайым өз-өзімен, ешкімде шаруасы жоқ болып жүреді. Бәрі өз уақытымен, орнымен болатынына сенеміз.
- Сүйген адамдарыңыз бар ма?
- Екеуміздің де сүйген адамымыз бар.
Әңгімелескен Наргиза Аршидин
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)