- Сұхбатымызды өзіңіздің автопортретіңізден бастағымыз келіп отыр. LUINA кім?
- Бірінші ойыма келгені, «жаман» қыз (күлді). Әділ. Өте жақсы дос және керемет әнші.
- Сіздің есіміңіздің Луиза екенін білеміз. Енді неге LUINA?
- Барлығы менің Луиза екенімді біледі. Бірақ осыдан жеті жыл бұрын экс-продюсерім Жомарт Сүлейменов ұсыныс айтқан соң, екеуміз бірігіп осы есімді таңдадық. Ол кезде мен бренд немесе лэйбел дегендерді түсіне бермейтінмін. Жай ғана есімімнің латынша жазылуындағы (LUIZA) Z әрпін айналдырып, N әрпін жаздық (LUINA). Бар болғаны сол. Маған дейін мұндай есім мүлдем болмаған. Осы жеті жылдың ішінде елімізде жүзден астам Луиналар пайда болған шығар. Мен білсем, қазір тіпті көп. Иншалла, алдағы уақытта бұл менің сахналық атым ғана емес, өзімнің шын мәнісіндегі, заңды есіміме айналады. Сондықтан қазіргі күні бүкіл құжаттарымды Луизадан Луинаға ауыстыру үстіндемін.
- Жаңа өз сөзіңізде Жомарт Сүлейменовті экс-продюсерім дедіңіз. Не себепті?
- Бұл сіздер үшін эксклюзив болайын деп тұр. Себебі, әлі ешбір баспасөз менің Жомарт Сүлейменовпен жұмыс істеуді тоқтатқанымды білмейді. Ең бірінші болып «Жұлдыздар отбасына» айтып отырмын. Негізі, продюсерім екеуміздің келісімшартымыз бір жыл бұрын біткен. Екеуміз тек продюсер мен жоба ретінде ғана емес, жарасымды жұп ретінде де жеті жыл бірге тұрдық. Келісімшарт аяқталғаннан кейін бір жыл бірге жұмыс істеген едік. Ол уақытымыз біткеннен кейін, екеуміздің де жолымыз ешқандай ұрыс-керіссіз, жай ғана екіге айырылды.
Қазіргі директорым – Аслан Тілеубаев. Мен үшін өте сенімді адам, бұрыннан аралас-құралас болып келе жатқан досым. Енді менің барлық шығармашылығыма жауап беретін осы кісі.
- Қанша әніңіз бар? Біз тек бірнеше әндеріңізді ғана естідік…
- Ұзын-саны 30-дан асады. Бірақ көбісін концерттерде орындамаймын. Мен көп жерлерде «Қалайша», «Одна» деген әндерімді ғана айтамын. Қазақша, орысша, тіпті ағылшынша өзімнің авторлық әндерімнен екі альбом шығаруға болады.
- Сізді қолдайтындар кімдер?
- Мені барлығы қолдайды. Туыстарым, шоу-бизнесте жүрген әріптес-құрбыларым мен достарым.
- Шоу-бизнесте достық та, басқа да болмайды дегенді естіп едім?
- Оның барлығы – бос сөз.
- Тележүргізуші ретінде сізді көп сынай ма?
- Осы уақытқа дейін өзіме келіп «дұрыс жүргізбейсің» деп ешкім айтқан емес. Қазір өзімнің «Ревью» бағдарламасының мінсіз жүргізушісі екеніме көзім жетті.
- Ал әнші ретінде ше?
- Тіпті әлемдік әнші Бейонсиді де сынайды ғой (күлді). Жалпы, егер дұрыс айтылған сын болса, әрине, дұрыс қабылдаймын. Ал «түрің онша емес», «аяғың қисық…» деген сияқты пікірлерді жазатындарды түсінбеймін.
- Ұлтыңыз қазақ қой?
- Иә, қазақпын.
- Орыстілділердің қазақша сөйлегені тартымды көрінеді. Қазақ тілін толық меңгеріп, таза қазақша сөйлегіңіз келмей ме?
- Әрине, сөйлегім келеді. Бірақ орысша оқып өскен қыз болғандықтан, қазақ тілінде ойымды толық жеткізе алмаймын. Себебі, мен тіпті орысша ойланамын.
- Қандай арманыңыз бар?
- Мені елдің жақсы көргенін, мойындағанын қалаймын. Иә, 100 пайыз қазақтілді әнші емеспін. Ерке Есмахан тек қана қазақ тілінде ән айтады. Біреу орысша айту керек қой енді (күлді). Әнші ретіндегі арманым – ел аузынан әндері түспейтін әнші болу.
- Сұхбатыңызға рақмет, Луина!
Әңгімелескен Гүлім РЫСҚҰЛ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар» отбасы журналынан оқи аласыздар)