Белгілі актер, әзілкеш Ерболат Төлеген Ақтөбе маңындағы Шалқардағы моланың қасында концерттік кеш ұйымдастырған әншілерді сынап, ренішін білдірді.
“Құрметті жерлестер, той құтты болсын! Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүбірлі той болып жатыр дейді, тойларыңыз тойға ұлассын, әкімшіліктегі ағалар. Мен туып өскен өңірде “шұғыла Шалқарым” деген атпен республикалық жерлестер форумы болып жатыр екен. Бірақ осы Шалқардан шыққан нағыз жерлестер – Лидия Кәденова, Байеділ Наурызов, Жанар Айжанова, Есен Елеукен, Бауыржан Ордин, Асxат Тарғын, Жаңабай Өтегенов секілді өнер азаматтарын шақырмаған екен. Осы кешке келген өнер иелерінің Шалқардан екенін бірінші рет естідім.
Жерлестер форумы деген аты болмаса, бірде-бір жерлесті көріп тұрғаным жоқ. Ол аздай, гала концерт Шалқарда бейіттің қасында өтіп жатыр дейді. Бұл не сұмдық? Әкімшілік пен ұйымдастырушылар тарапы қайда қарап отыр? Мен мұны неге айтып отырмын, естуімше тұрғындар наразылық танытуда. Сол жерде туылып, өсіп-өнген мен де (қазір Алматыда тұрсам да) қарсымын. Себебі сол қорымда менің атам, әжем және әкем жатыр. Шалқар үшін тер төккен қаншама ата-бабаларымыз жерленген. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы болсын. Дегенмен, өлгендердің басына барып концерт қойған өрескел қате. Алла сақтасын. Басқа жерлер бар ғой концерт қоятын. Мысалы бұрынғы номері 39 ші қазіргі 5ші мектепке қарама қарсы стадионға жасаса болады ғой.Бұған көп ақылдың қажеті де жоқ, кішкене сананы қосса болғаны”, – деді актер.