- Бір жыл – көп уақыт емес. Дегенмен, елдің ықыласына, махаббатына ие болып жүрген жас өнерпаздардың алдыңғы қатарындасыз. Жалпы, шығармашылығыңызға кеңінен тоқталайық. 2017 жыл сіз үшін керемет аяқталды деуге болады. Солай ғой?
- Иә, менің өмір дәптеріме 2017 – берекелі жыл болып жазылады. Көптеген әндерім жарыққа шықты, оның ішінде кең танылып, ел аузынан түспегендері де баршылық. Нәтижесіне өздеріңіз куәсіздер. Еліміздің барлық аймақтарына гастрольдік сапармен жүріп, концерттер өткіздік. Ежелгі Рим ақыны Горацийдің: «Еңбек атаулының ішіндегі ең үлкені – еңбек ерлігі» дегені бар. Біз де сол үлкен еңбектің жолындамыз.
- Кімдермен үздіксіз жұмыс істейсіз (ақындар мен композиторлардан)?
- Ең басынан Жарасхан Төлебаймен бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Ал сөзін көбіне ақын Нұржан Өмірбайға жаздырамыз… Осы азаматтармен бір терінің пұшпағын илеп жүрміз. Болашақта алдымызда не күтіп тұрғанын болжай алмаймыз ғой. Егер жақсы ұсыныстар түсіп жатса, құба құп. Сөзі мен сазы үйлескен әндерді шығару үшін жан-жақты қарастырып, ізденуге тырысамыз. Нақты қатып қалған қағида жоқ. Себебі, өнер деген нақтылық емес, өнер – шексіздік.
- «Жанымды, табиғатымды сезінеді» дейтін ақын-сазгерлер кімдер?
- Менің үлкен сахнаға шыққаныма көп бола қойған жоқ. Сондықтан әзірге жаныма жақын сазгер-ақындар санаулы. Менің ең «әттеген-ай» дейтін жерім осы. Неге бала күннен бастап өнерге бір қадам болса да жақын жұмыс істемедім деп ойға батамын. Қазір де кеш емес, білемін. Сонда да ерте бастасам, осы уақытқа дейін бірнеше ақын, сазгермен бірігіп жұмыс атқарар ма едім?! Кім білсін?!
- Табиғат демекші, сіздің табиғатыңыз, болмысыңыз қандай?
- «Жамандар өзін жақсымын деп айғайлайды. Жақсылар өзін жақсымын деп айта алмайды» демекші, өзімді өзім мақтап, кереметпін деп айтудан аулақпын. Менің сөзіме, істеген ісіме қарай болмысымды көруге болады. Десек те, ананың ақ сүтімен имандылық бойына дарып, қазақылықты сіңіре білген қазақтың қарапайым қара домалақ баласымын деп ойлаймын. Дарақылыққа жол берген емеспін, қазақылықты жаным сүйеді.
- Әлі ешкім бетінен қақпаған кішкентай балада керемет эмоция, сойқан шабыт, айналасына деген үлкен еркелік болады. Қуандықтың сахнадағы тәжірибесін ескерсек, ол да әлі жап-жас. Бірақ салмақтылық басым. Мұны немен түсіндіруге болады?
- Салмақтылық басым екені рас. Имандылық – қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекетіңді белгілі бір қалыпқа түсіріп, ішкі жан дүниеңді рухани реттеп отыратын күш. Сол имандылық менің қадір-қасиетімді, бойымдағы адамшылығымды, ізгілік, кісілігімді қалай ұстау керек екендігін көрсетіп, жол сілтеп отыратын сыңайлы. Мүмкін, ерте есейгендік… Мүмкін, өзім баяу, лирикалық әндерді көп орындағандықтан шығар. Ал сахнада өзімді ұстауым, халық алдына еркін шығуым – бұл шығармашылық емес, өмірлік тәжірибемнен шығар. Себебі, шығармашылық тәжірибемді жетілдіру үшін маған әлі көп жұмыс істеу керек.
- Танымалдылықты алғаш қай кезде сезіндіңіз?
- (Күлді). Мен әлі сезінген жоқпын. Себебі алдыма қойған мақсатымның 10 пайызы ғана жүзеге асты. Мен шығар шың, алар асу алда. Арман-мақсаттарым әлі көп. Жазушы Ғабиден Мұстафин айтқандай, «Арман деген көп белес, біріне шықсаң бірі бар».
- Қоржыныңызда қанша ән бар?
- 50-ге жуық.
- Бұл аз ба, көп пе?
- Аз. Бізге әлі демалуға болмайды.
- Бір сайтқа берген сұхбатыңызда аптасына екі рет кітапханаға барамын деген екенсіз. Тыңдармандарыңызға кеңес беретін, әр қазақ оқуға тиісті деген 3 кітап ұсыныңыз.
- Көлікте болсын, ұшақта болсын, қолым қалт еткенде қолға алатын сенімді серігім – кітап.Ал кеңес беретін, әр қазақ оқып шығуға міндетті деп ұсынатын үш кітаптың алғашқысы – ол, әрине, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Абай атамыздың ғақлияларының да құндылығы күннен күнге артпаса, төмендеген емес. Екіншісі – Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері. Тарихты біліп қана қоймай, өміріңді, өзіңді түзеуге арналған, тәлім-тәрбиеге жетелейтін, имандылық, парасаттылық, адамшылық, өмірімізді өзгерту туралы жазылған өте пайдалы кітап. Үшіншісі – «Бес ғасыр жырлайды». Асан қайғыша айтсақ, «ой түбінде жатқан таза, мінсіз асыл сөздерді» осы кітаптан табуға болады.
- Дана халқымыз қанша биікке шықсаң да, «қарапайым жігіт көзімен қыз таңда» дейді. Сұрақтың төркінін түсініп отырған шығарсыз, отбасын құру ойыңызда бар ма? Жарыңызға қандай талаптар қоясыз?
- Әзірге отбасын құру ойымда жоқ. Себебі, сүйгенімді әлі кездестірмедім. Ал болашақ жарыма келетін болсақ, талап жоғары (күлді). Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле деген даналардың сөзі бар. Сондықтан жар таңдау кезінде қазақтың сұлу, ақылы көркіне сай, парасатты, инабатты, ибалы, иманды қызы болса деп қоямын. Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек шығар. Қазақ қызы деген пәктік пен тұнып тұрған сұлулықтың белгісі деп түсінемін. Мен жарыма талап қоямын немесе былай болу керек деп айта алмаймын. Себебі, біз таңдағанмен, жүрек қалауы бөлек болуы мүмкін. Оған қоса адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болатынын ұмытпағанымыз да дұрыс шығар. Маңдайға жазғанын көреміз. Тағдырымыз – Алланың құпиясы. Сондықтан мен қазір мынандай шарт қоямын, мынандай қызға үйленемін деп алдын ала айта алмаймын. Әрине, имандылығына, парасаттылығына қараймын.
- Жақсы туған жігітке бүкіл ел таласады емес пе?! Дегенмен, сізді Қуандық Рахым еткен туған топырақ туралы білгіміз келеді.
- Қарағанды облысы Сәтбаев деген кеншілер қаласында тудым. Жалпы, мені туған, кем болмай, кең болуға тәрбиелеген – Арқаның топырағы, Арқаның даласы, Арқаның адамдары. Ауылым – Үш жүздің басын қосқан, мені жігерлендіретін, күш-қуат беретін киелі мекен – Ұлытау.
- Мейірімге, махаббатқа қанып өскен бала, өскенде айналасына да соны көрсетеді. Сол махаббатың киелі мекені – отбасыңыз қандай?
- Біз төрт ағайындымыз. Өнерде жүрген Думан інім екеуміз ғана. Ол да «Х-Фактор», «МұзАРТ-life» жобаларының финалисі. Өнерде жүрген аға буын бауырымды жақсы таниды. Екеумізді өнерге баулыған анамыз. Әкем жақтан да, анам жақтан да бір табан өнерге жақындары болған. Мейірімге ғана емес, өнерге де қанып өстік деуге болады. Сол үшін де, басқа мамандық таңдау дегенді ойға алған емеспін.
- Қызықты оқиғаңызбен бөлісіп кетсеңіз.
- Әнсапарлатып бір ауылдағы кезекті концертімізді бергелі жатырмыз. 300 адамдық мәдениет үйіндеміз. Содан маған продюсерім мен көмекшілерім қасыма келіп, қайта-қайта: «Билет өтпепті. Залда 10 адам ғана отыр» деп айта берді. Қобалжып, көңіл-күйім түсіп кеткен. Менің жай-күйіме қарап жатқан ешкім жоқ, «Адам жиналмады» деп қайталай берген ғой. Содан «Енді 10 адамға концерт бер» деді. Мен «Ал БисмилләҺ» деп сахнаға шықсам, зал көрерменге лық толы. Ай, балаша қуанғаным-ай. Мені солай алдаған болатын.Әңгімелескен Гүлім Рысқұл