- «Назар аудар» ұжымы жаңа бағдарламамен ел-елді аралап жүр екен. Бұл бағдарламаның басқа театр қойылымдарынан ерекшелігі неде сонда?
- Осыдан бір ай бұрын, командамызбен концерт қою туралы жоспарлаған едік. Бізге бірқатар ұжымдар «Алматы облысын, ОҚО-ны аралап, концерт қояйық» деп ұсыныс жасады. Бастапқыда концертті тек бір қалада ғана қоямыз деп ойлағанбыз. Қазір енді бірнеше облысты аралайтын болып шештік. Біздің бағдарламамыздың ерекшелігі – халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу. Көрермен билет алып алып, сонан кейін бір орында тыпыр етпей отыра бермейді, олар да біздің қойылымдарға белсенді қатысатын болады. Бұл тұрғыда бағытымыз ресейлік «Уральские пельмени», «Однажды в России» сияқты, соған келіңкірейді. Олар да квншылар болғаннан кейін бізге солардың ізімен жүрген ыңғайлы көрінді.
- «Назар аудар» – Жайдарман ойындары арқылы танылған команда. Әзіл әлемінде жүргендеріңізге біраз жыл болып қалды. Жеке театр ашу ойларыңызда бар ма?
- Алла нәсіп етсе, театр ашу туралы жоспарлап жүрміз. Гастрольден кейін осыған мықтап кірісейін деп отырмыз. Әзірге бұл туралы ештеңе демей-ақ тұрайын. Театр ашылған кезде барлық ақпаратты жариялайтын боламыз.
- Сіз командалық ойыннан бөлек, Еуразия арнасында көрсетіліп жүрген «Q-елі» телехикаясында ойнап жүрсіз. Бұл образыңыз көңіліңізден шықты ма?
- Әрине, біткен іске сыншы көп, біраз қателіктер жіберіп алдым. Бірақ, бұл телехикаяға халықтың ықыласы жақсы. Жобамыз Ютуб желісінде де көп қаралым жинап жүр. Айта кетсем, менің айдарымның сценарийін жасаған «Назар аудардағы» жігіттер еді. Өзіміздің жігіттер болғандықтан, жұмыс істеу анағұрлым оңай болды.
- Телехикаядағы кейіпкеріңіз – жаңадан отбасы құрған, әйелімен әзіл-қалжыңы жарасқан азамат. Өмірде де осындай отағасысыз ба?
- «Назар аударда» жүргенде үнемі әйелдің рөлін ойнайтынмын. Бұл жолы еркектің рөлін бергенде «Құдайға шүкір» деп қуанып қалдым. Бұл менің аңсап жеткен еркектің рөлі емес пе (күлді)?! Үйде реті келсе қалжыңдап жүремін. Әйелім де «Сенің қалжыңдарыңды жақсы көремін» деп мақтап қояды.
- Жалпы, сізді көпшілік әйел адамның рөлінде көріп, соған көзін үйретіп, көңілдерін де сендіріп алған. Өткен жолы батырдың кейпінде тұрған суретіңізге «Батырды қайтесің, қатынды ойнап жүре берсей…» деген пікірлерді көп жазыпты. Осындай пікірлерді оқып, көңіліңіз түспей ме?
- Жоқ, халық айта береді ғой. Мен олардың сөздерін де қалжыңға баладым.
- Ананың, қызды, жалпы əйел затының рөлін көп ойнайсыз. Осындай рөлдерде ойнағанда кімнің образын еске түсіресіз?
- Сахнада өзімнің анамның образын сомдаймын. Анамның сөйлеу мәнері – батысша. Негізінен, батыс облыстарындағы кез келген үйде мен ойнайтын рөлдердегі апайлар бар. Алайда мен үшін ең бастысы – образды ашу емес. Қанша жерден мықты болсаң да, сценарий дұрыс болмаса, бәрі көк тиын. Халық образға қызығып отыра бермейді. Біз образымызды әзілмен әрлеп, күлкілі персонажға айналдыруымыз керек.
- Қазір «Жайдарман» мен КТА ойындарын жиі салыстырады. Өзіңіз қай жобаға басымдық бересіз?
- Екі жобаны салыстыруға болмайды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. «Жайдарманда» бұрыннан қалыптасқан жүйе бар, реттілік бар. Бәріміз де ең бірінші осы «Жайдарман» арқылы танылдық қой. Айтыскерлерді «Жүрсіннің жүйріктері» деп атаса, біз де «Есеннің жүйріктері болдық» бір кезде. Жайдарманнан кеткеннен кейін біз КТА ойындарына қатыса бастадық. КТА-ның ерекшелігі: ойыншының Тұрсынбек Қабатовтың жанында әзіл айтуы,ә ншінің Мейрамбек Беспаевпен дуэт айтуымен пара-пар. Ол кісінің сенің әзіліңе көзқарасы, баға беруі – үлкен жетістік. Қазір Тұрсынбек Қабатов – әзіл әлемінің алпауытына айналған адам. КТА ойындарының тағы бір ерекшелігі – қаржысы да қомақты. Концерттік бағдарламасы да, ұйымдастырылуы да өте сапалы.
- Қазіргі актерлер : «КВН-нан шыққандар нағыз актер бола алмайды» деп жиі сын айтады…
- Жалпы, жайдарманшылар арасында жарытып актер бола алмай жатқандар да бар шығар. Алайда, бір команданың ішінде кем дегенде бір талантты адам болатынын жоққа шығармау керек. Кеше өткен фестивальге қарасақ, 531 команда тіркеліпті. Қазақстанда жалпы 600 әзіл командасы бар. Осы командалардың ішінде бірде-бір талант жоқ дегенге келіспеймін. Екіншіден, бәрі еңбекке байланысты, еңбектенсек, өзіміздің актер болуға лайық екенімізді көрсете білеміз деп ойлаймын. КВН – өнердің биігіне шығаратын баспалдақ.Үлкен сахнада жүрген «Нысана»-ның жігіттері, Тұрсынбек, Қанат ағаларымыз барлығы осы КВН-нен бастаған. Қазір мені бірнеше телехикаяға шақыратын болды. Мақтанғаным емес, біраз жыл актер болып жүргендерден анағұрлым жақсы ойнай аламын.
- Әңгімеңізді жеке өміріңізге бұрсақ. Өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
- Орал қаласының Чапаев ауылында дүниеге келдім. Анам мен екі інім бар. Олар қазір ауылда тұрып жатыр. Ал мен қазір Алматы қаласында тұрамын. Алланың қалауымен келіншегім Айнамкөзбен некелестім. Қазір екі баланың əкесімін. Балаларымызға жақсы тəрбие беру үшін анасы екеуміз барынша тырысып жүрміз. Ер бала кішкентай кезінен əкесінен не көрсе, соны қайталайды ғой. Сол үшін жаман істерден аулақ болып, балаларыма үлгі болуға осы бастан тырысудамын. Келіншегім Айнамкөз Атырау қаласының тумасы. Руы — Адай. Бард-ақын Табылды Досымовтың қызы. Екеуміз бір оқу орнында оқып, жеті жыл таныстықтан кейін үйлендік.
- Жарыңызды көп көзіне көрсете бермейді екенсіз…
- Біріншіден, менің әйелім намаз оқиды. Екіншіден, мен неге әйелімді көрсетуім керек? Еркек әйелін қызғану керек деп ойлаймын. «Менің әйелім осындай» деп халыққа көрсеткім келмейді. Әйелім ортақ суреттерімізді шығармайтыныма еш қарсылығы жоқ. Екеуміз де дін жолындағы адамбыз. Мен ешқашан әйелімнің бар екенін жасырған емеспін. Реті келгенде концерттерге, кештерге жаныма ертіп алып шығамын. Осындай сұхбаттарда әйелім, бала-шағам бар деп айтамын.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)