• Dinaya, көпшілік сізді Ademi ретінде жақсы танитын еді. Сахналық атыңызды неліктен өзгерттіңіз?
  • Иə, сахналық атымды «Dinaya» деп өзгерттім. «Ademi» есімі маған жақын бола алмады. Туған кезде қойылатын есіміңнің маңызы зор екенін түсіндім. Өзімнің есімімнен ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын. Дина – өте əдемі есім. Бұл бір жанайқайы секілді, «Дина я» – «Мен Динамын» деп менмұндалап тұрғандай. Ал сахналық кейіпім, образым сол қалпында қалды. Сырт келбетімде ешқандай үлкен өзгерістер жоқ жəне де менің жасымда бұл мүмкін де емес. Өткен жыл мен үшін өте қиын болды. Шығармашылық жағынан күйзеліске ұшырап, тоқырадым десем де болады. Бұл, əрине, денсаулығымның нашарлауына да ықпал етті. Сол себепті, жылдың соңында сахналық есімімді ауыстыруым керек екенін түсіндім.
  • Көпшілік сіздің денсаулығыңызға байланысты қиындықтар болғанын біледі. Кейбіреулер сізді тіпті аяғынан тұра алмайды деп те айтып жүрді. Қазіргі таңда жағдайыңыз қалай?
  • Иə, денсаулығым сыр беріп, аяғымның жүру қозғалысы нашарлады. Дәрігерлер маған нақты диагноз қойып бере алмады. Бүгінде бәрі өз қалпына келді. Аяғыма жаттығулар жасап, өзімді күтіп жүрмін. Биік өкшелі туфли кимеуге тырысамын. Бұрын əдемі болу үшін ауырғаны мен ыңғайсыздық тудырғанына қарамастан, биік өкшелі аяқ киім киіп жүруші едім. Денсаулығың болмаса, әдеміліктің түк пайдасы жоқ екен. Мен денсаулыққа үлкен мəн беру керек екенін түсіндім.Image result for Диная
  • Сіздің репертуарыңызда көбінесе лирикалық əндер орын алған. Бұл немен байланысты?
  • Лирика – мəңгілік өмір сүретін классика. Атын әлем мойындаған нағыз музыканттарға қараңыздаршы: Стив Уандер, Мэрайя Кэри, Уитни Хьюстон, олар – сапалы, терең мағынасы бар əндерді орындайтын əншілер. Бұл әншілер өмірден озса да, əндері мəңгілікке қалады. Менің репертуарымда ырғақты əндер де бар. Бұл əндерді мен үшін Ринат Гайсин жазды жəне мен оларға бейнебаян түсіріп те үлгердім. Жақында «Далеко», «Ұмытпаймын» атты əндеріме бейнебаяндар жарық көреді.
  • Бір кездері сіз итальяндық азаматпен, содан соң түрікпен отбасы құрады дегенді құлағымыз шалған еді…
  • Мұның бәрі – өтірік. Мен ешкіммен отбасы құрамын деп ешкімге айтқан емеспін. Ал маған ұсыныс жасаған Түркия азаматы емес, түрік компаниясы болатын. Олар маған зергерлік бұйымдар топтамасына байланысты келісімшарт құруға ұсыныс жасады. Шындық осы.
  • Қазіргі кезде сіздің продюсеріңіз Ринат Гайсин. Əлеуметтік желілерден бірге түскен суреттеріңізді көрген соң, тыңдармандардың көпшілігі араларыңызда махаббат сезімі бар деп ойлайды. Бұл туралы не айтасыз?
  • Қазір неге адамдарды тек қана осы сұрақ қызықтырады екен? Неге шығармашылығым туралы сұрамайды? Бұл – расында да, рухани құлдырау. Мен ешкімнің тоқалы да, көңілдесі де емеспін. Ондайға бармаймын, және осылай жасап өзімді ешуақытта төмендетпеймін. Мен өзімді бақытты болуға лайықты əйелмін деп санаймын. Ринат Гайсиннің де, менің де өз жоспарларымыз, мақсаттарымыз бар. Ол менің армандарымды, ойларымды ескере отырып, əрекет етеді. Мен мұны ерекше бағалаймын. Өмірімде «сүйемін, сенсіз өмір сүре алмаймын» деген сөздерді көп естідім. Бірақ сөзіне емес, ісіне қараймын. Адамның маған қалай қарайтынына зер саламын. Махаббат туралы жар салуға болмайды. Бұл ретте көпшілік бірдеңені ойлап тапқанды жақсы көреді. Тоқал емеспін, көңілдес емеспін, бірақ, əзірге, ешкімнің де әйелі емеспін деп мəлімдеме жасаймын.Image result for Диная
  • Елімізге қарағанда сіз Ресейде өте танымалсыз, әнші достарыңыз да көп. Сол жақтың продюсерлерінен ұсыныстар түсіп жүрген жоқ па?
  • Білесіз бе, олар шынымен мен туралы өте жақсы пікірде. Алайда мен ешқашан олардан ұсыныс күтпеймін. Продюсерлер қарапайым қыздардан, «бомба-жұлдыз» жасағысы келеді. Əдетте, олар қыздарға не киіп, не жеу керек екеніне дейін айтып, өздерінің қатаң шарттарын ұсынады. Мен мұндайды жақтыра бермеймін. Көптеген продюсерлер маған «Əттең, сені 10 жыл бұрын кездестіргенде ғой, жұлдызға айналдыратын едік. Сен дайын əртіссің» деп айтады. Сондықтан менің оларға деген ешқандай өкпем жоқ. Керісінше, мен туралы жағымды пікір білдіретіндеріне қуанамын.
  • Мəскеуді ұнататыныңызды жиі айтып жүресіз. Ол жаққа көшу ойыңызда жоқ па?
  • Екі елде өмір сүруге үйреніп те кеттім. Өз елімді қатты сыйлаймын, жақсы көремін. Мен əр күннен рахат аламын,себебі өмір өте қысқа. Біз əрдайым өткен шақ туралы айтып, болашақты ойлап, бүгінгі күнді ұмытып кетеміз. Бүгінгі күнмен өмір сүру керек, бүгінді сүю керек.
  • Қазақ халқына өзіңізді мойындата алдым деп ойлайсыз ба?
  • Халықтың мойындауы деген не? Бізде той əнін айтсаң, немесе өзіңді шетелде танытсаң ғана мойындаласың. Бұл əрдайым менің ашуымды келтіреді. Мысалы, Анатолий Цой Қазақстанда барлық байқауларға қатысты, бірақ оған: «Сен қазақ емессің» деп айқайлады. Ал Анатолий Ресейде «Mband» тобында өнер көрсете бастағанда, біздікілер оны жақсы көре бастады. Димаш туралы да айтарым сол. Ол дəл солай Қазақстанда да əн шырқап жүрді, оны тек музыканы бағалайтын адамдар ғана байқады. Қытайда жетістікке жеткеннен кейін, қазақ халқы, тіпті бүкіл əлем де оны мойындады. Мен үшін Димаш – нағыз талант. Мен музыканттардың тарапынан өз бағамды алдым, олар мені мойындайды. Егер маған Еркеш Шакеев, Ринат Гайсин, Байғали Серкебаев, Игорь Крутойлар «сен əн айта алмайсың» десе, маған бұл ауыр тиетін еді. Ал музыкадан ешқандай хабары жоқ адамдар маған ескертулер жасаса, неліктен мен жаман əнші болып есептелуім керек? Сен барлығына бірдей ұнай алмайсың. Менің өз тыңдармандарым бар. Олар 15 жасар жас қыздар емес. Олар Отанға, сəбиге, сүйіктіңе, ата-анаңа деген махаббаттың не екенін білетін адамдар. Жалпы жоғарыда қойған сұрағыңызға жауап беру өте қиын. Десек те, әркімнің өз пікірі бар…
  • Сіздің алғашқы некеңіз сәтсіз болды. Бұрынғы күйеуіңізбен қарым-қатынасыңыз қандай?
  • Жақсы қарым-қатынастамыз. Арада баламыз бар болғандықтан, бір-бірімізді сыйлаймыз. Біз жиі кездесіп тұрамыз деп айта алмаймын. Әркімнің өз өмірі бар.
  • Сіздің кішкентай ұлыңыз бар. Гастрольдік сапарлармен жүріп, ұлыңызға қалай уақыт бөлесіз?
  • Əрине, балама уақыт бөлу қиын. Гастрольдерге кеткен кезде, ұлымның тарапынан белгілі бір өкпе-реніштер болады. Қазір, əрине, қатты қиын емес, себебі ұлым 10 жасқа келді. Бұрынғыдай еркелетпеймін, түсіндіруге тырысамын. Мен 10 күн бойы ауырып, жұмысқа бармай жүрген кезде балам барлығын түсінді. Жұмыс жасамасам, еңбек етпесем, күн көре алмайтынымызды білді. Мен оған өмірде барлығы болуы мүмкін, дайын болуымыз керек, «ақша бүгін бар, ертең жоқ» деп түсіндіріп қойғанмын. Мен оны қатты еркелетпеймін, себебі өзім де табиғатымнан нəзік адам емеспін.Image result for Диная
  • Бір сұхбаттарыңызда: «бұрынғы күйеуімнің алдында өзімді мінсіз әйел етіп көрсетіп едім» деп айттыңыз. Жалпы өмірде бетперделерді жиі тағасыз ба?
  • Бұл менің алғашқы жəне соңғы қателігім еді. Бұл ісімнің дұрыс емес екеніне қазір әбден көзім жетті. Бастысы, кінәңді уақытылы көре білуің жəне болашақта оны қайталамауың керек. Бетперде тағып жүретін адамдарды ұнатпаймын, бұл – айналаңды ғана емес, өзіңді де алдау. Сол себептен қазіргі таңда ажырасулар өте көп. Көбінесе қыздар жігіттерге ұнау үшін өздерін мінсіз адам ретінде көрсетеді. Ер адамдар оларға сеніп, отбасы құруға асығады, ал соңына келгенде, қателескенін түсінеді. Себебі бірге өмір сүре бастағанда, сен ешкімді алдай алмайсың. Мысалы, менің бұрынғы күйеуім: «Сахнаға қайтадан ораласың ба?» деп сұраған кездерде, «жоқ» деп жауап беретін едім. Ол  менің əртіс болғанымды қаламайтынын айтушы еді. Бірақ, Құдайдың қалауымен, жүрегім музыка деп соққасын, сахнаға қайтып оралдым.

                                                                      Сұхбаттасқан Тоғжаным Сүндетова

         (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

Пікір қосу