• Жылына бір-екі ғана ән жазумен шектелетін әнші едіңіз. Қазір жаңа жылды тың жобалармен, бейнебаяндармен бастадыңыз. Шығармашылығызда үлкен серпіліс болып жатқандай. Бұл сөзіме келісесіз бе?
  • Бұл сөзіңізге толықтай келісемін. Осы уақытқа дейін шығармашылығымда үзілістер жиі болып жататын. Одан бөлек өткен жылы декреттік демалыста болдым. Сол себепті де жылына бір-екі ән жазып, бірер бейнебаян түсіріп, сонымен тоқталып қалушы едім. Қазіргі таңда, Аллаға шүкір, ұлым өсіп қалды, түбегейлі шығармашылығымды қолға алып, ойымда біраздан бері жүрген тың идеяларымды іске асырып жатырмын. Осы жылы мақсаттарыма қол жеткізуге бел будым.
  • Осыдан екі жыл бұрын «Өнерде жолым жабық» деп сұхбат берген едіңіз. Қазір ондай тосқауылдар жоқ па?
  • Шыны керек, менің шығармашылығыма деген тосқауылдар біраз уақыт болды. Ең әуелі, Алланың қалауымен, екінші халқымның қолдауының арқасында оларға төтеп бере алдым. Мені бар қиындықтан қорғай білген қолдаушы, қорғаушы елім аман болсын! Кезінде менің жолымды жапқысы келгендер қазір маған тосқауыл қоятындай халде емес. Мен де қаншама жылдан бері тәжірибемнің арқасында пісіп, өсіп жетілдім. Аңқаулығымды артқа тастадым. Енді ондай жағдайға жол бермеймін.
  • Жақында жарық көрген әнші Төреғали Төреәлімен айтқан дуэттеріңіз өте сәтті шықты. Дуэт өз көңіліңізден шықты ма?
  • Мен өзіме қатты сынмен қарайтын өнерпазбын. Бұл ән, әрине, жақсы шыққан. Дегенмен, көңілім толмай қалған жерлері де бар. Мерей Махановтың режиссерлік жұмысына еш күмәнім жоқ, бейнебаянды тамаша түсірген. Әннің өзіне келсек, бұл ескі ән болғанымен есті ән. Тарихи ән. Тек сол кішігірім «Мына сөзін былай айтып, мына жерін басқаша ойнау керек пе еді» деген кішкентай «әттеген-айлар» қалып қойды.Картинки по запросу мөлдір əуелбекова мен төреғали төреәлі
  • Дуэт болып айту идеясы қайдан туындады? Бірге ән айтуға бірінші кім ұсыныс білдірді?
  • Ұсыныс Төреғалидің тарапынан болды. Төрештің дүркіретіп жасаған 5 күндік концертіне дайындықта ол маған екі әнді орындауды ұсынған-ды. Кейіннен осы екі әнге бірден екі бейнеклип түсіруді ұсынды. Мен де оның бұл ойын қолдадым.
  • Пікірлер арасында «Мейрамбек пен Сандуғаштың деңгейіне жеткізе алмады» деп сын айтушылар болыпты. Бұған не дейсіз?
  • Мейрамбек ағамыз бен Сандуғаш әпкеміздің деңгейі бөлек. Олар – өте жоғары, әрі кәсіби деңгейлі әншілер. Оларға ұқсап бақсақ та, жаман емес деп ойлаймын. Төреғали екеуміздің мақсатымыз – аға буыннан мықты болу емес, тек осы әнді жаңартып бір естелік ретінде бейнебаян түсіру еді. Мұны халық дұрыс түсінсе екен деймін.Картинки по запросу мөлдір əуелбекова

Әрқайсымыздың төңірегімізде әңгіме өрбитіні де рас

  • Қазір әріптесіңіздің айналасында көптеген әңгіме өріп жүр ғой. Бірге жұмыс істеу барысында Төреғалимен түсініспеушіліктер орын алған жоқ па?
  • Иә, мейлі ол өнер адамы болсын, мейлі қарапайым адам болсын әрқайсымыздың төңірегімізде әңгіме өрбиді. Әңгіме айтылады да уақыт өте тоқтайды. Өз басым қандай жағдай болсын сүрінген адамды табаламай, керісінше, оны түсінуге тырысамын. Мен де, сіз де қателесеміз. Ол – заңдылық. Қателеспеген адам мықты адам емес, қателігін түсініп, тәубесіне келген адам мықты. Ал жұмысқа келетін болсақ, барлығы өз орнымен жақсы өтті. Мұндай келіспеушіліктер тек екі адам бір-бірін түсіне алмаса орын алады. Біз Төреғали екеуміз бір-бірімізді түсіне алдық.
  • Мөлдір, осыған дейін бірнеше фильмдерде бой көрсеттіңіз. Қазір неліктен актрисалық қырыңызды дамытпайсыз?
  • Мен киноға түспегелі 8 жыл өтті. Жалпы, өзімнің актриса болуға аса қатты ынтам жоқ. Сериалдар мен фильмдерге ұсыныстар келіп жатыр. Бірақ мен олардан әлі күнге дейін бас тартып жатырмын. Өйткені ұсынылып жатқан рөлдер көңілімнен шықпайды. Кинодағы рөлді сомдау – үлкен жауапкершілік. Мен өз кейіпкерімді күтетін боламын. Маған басты әрі жақсы рөл ұсынылады, бұйырса! Ұсынылмаса, мүмкін өзім де фильм түсіріп қалармын. Көкейімде идеялар бар, фильмге продюсерлік етуім де мүмкін. Ал әзірге фильмдерге түспеймін.Похожее изображение
  • Жақында «Назар» атты қыздардан құралған топтың тұсауын кестіңіз. Продюсер болу қалай екен? Қиындықтар туып жатқан жоқ па?
  • «Назар» – менің шәкірттерім. Люция Төлешова апайым маған шәкірт тәрбиелеуді аманат етті. Продюсер болу оңай емес, бірақ еңбекпен бірталай биік белестерге жетуге болады.
  • Бұл топтың басқа топтардан айырмашылығы қандай болмақ?
  • Бұл топтың мақсаты – қазақы әуенді заманауи ағымда қайта жаңғырту. Жастарымыздың шетелге еліктеуін азайтып, қазақы болмысқа, қазақы әндерге құлақ түргізу. Бұдан бөлек тобым тек қана жанды дауыста ән айтады.
  • Әңгімемізді отбасыңызға қарай бұрсақ, әлеуметтік желіден әкеңіздің қажылыққа аттанғанын көрдік. Ниеті қабыл болсын! Ол кісі қажылықтан қандай сезіммен оралды?
  • Әмин! Біздің әрқайсымызға қажы атануды нәсіп етсін! Әкем: «Сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп жатыр. Әкем – бес уақыт намазын қаза қылмайтын иманды жан. Алла есіркеп, қажы атанып, еселеніп иманы күшейіп, бақытқа бөленуде. Мен үшін бұл – үлкен жетістік. Құрдастарыма, артымыздан еріп өсіп келе жатқан іні-сіңлілеріме айтарым, ата-ананың ақыретін ойлау өмірлік парызымыз. Сол себепті де, ата-ана, бауырларыңызды шетелдегі демалыстан мың есе сауапты киелі жер – Меккеге қажылыққа аттандырғандарыңыз абзал.Мөлдір Әуелбекова
  • Қазір әншіліктен бөлек әрі продюсерсіз. Кішкентайыңызға уақыт бөлуге үлгеріп жатырсыз ба?
  • Мен қандай уақытта болсын, қандай жұмыс болсын, ең әуелі уақытымды да, көңілімді де ұлыма және отбасыма бөлемін. Ұлыма көңіл бөлмеуіме хақым жоқ. Салтай – менің ұрпағым! Қолқанатым! Ата-анам – жәннәтім! Бауырларым – төрт құбылам! Сол себепті де мен жұмысқа үлгерудемін.
  • Сіз «томпақ» кезіңізде де ішіңіз дөңгеленіп, сахнада ең әдемі әнші болып жүрдіңіз. Көбіне өнерлі қыздарымыз жеке өмірін жалпақ жұрттан жасырып, сахнадан қашқақтаушы еді. Тіл-көзден қорықпадыңыз ба?
  • Жүкті болғанымда да концерттерге көптеген шақыртулар болды. Көбінен қалып қойсам да, көрерменнен алыстамай, кейбіріне қатысуға тырысып бақтым. Тіл-көз бары анық. Тек оқылған сүрелерің мен дұғаң болса, барлығын Жаратушы реттейді.
  • Кішкентайыңыз жасы бірге толмай бейнебаянға да түсіп үлгерді. Түсірілім барысында шатақ шығарған жоқ па екен?
  • Кішкентайым іште жатып-ақ көпшіл болды ғой. Аяғым ауыр кезде күн көрістің қамымен жұмыста, концертте, гастрольде болдым. Ұлым туған соң қырқынан шығарып, тағы жұмысқа кірістік. Сол себепті ұлым да ешкімді жатырқамай, менің кішкентай ғана қолдаушым болып жүр. Сіз айтып отырған бейнебаян ұлыма арнайы жазылған «Балапаным» әніне түсірілді. Өмірімізді әнмен өргеннен кейін, басымыздан өткен жайттарды әнге қосып жатамыз. Аналық мейір-махаббатыммен сәбиіме тапсырыспен ән жаздырған едім. Бұл әнім барша аналардың жүрегіне жол таба білді деп ойлаймын.Похожее изображение
  • Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз? Сізден қандай жаңалық күтеміз?
  • Шығармашылықта жаңа белестерді бағындыруға өзімді қайрап отырмын! Жаңа әндер, жаңа бейнебаян күтіңіздер менен! Жақында тағы бір әншімен дуэтіміз жарық көретін болады.
  • Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

          (Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)

 

Пікір қосу