Арнамыздың бірінде «Жұлдызды жекпе-жек» атты жобаның екінші мауысымы басталған болатын. Бірінші мауысымның жеңімпазы Қайрат Нұртас атанған болса, екіншісі мауысымның жүйрігі атануға Ғазизхан Шекербеков, Ернар Айдар, Ерке Есмахан сынды әншілер бақ сынауда.
Ғазизхан Шекербековпен жекпе-жекке түскен Ернар Айдарға әнші Жанар Айжанова апамыз бағасын берді.
“Ернардың өзінің шап-шағын даусына арнап айтып жүрген репертуары бар. Кей әншілердің керемет кең диапазонды әндері бар, бірақ репертуардан өмірі жарымайды. Өзіне қандай ән келетінін таңдай алмайды. Не әрі емес, не бері емес, әйтеуір жүреді. Ал Ернар өзіне сай келетін әндерді айтып жүр. Демек Ернардың талғамы мықты. Ернардың сахнаға жай шыға салғанын көрген емеспін. Өзін, халықты сыйлағаны шығар. Өзінің әдемі имиджі бар. Сол қасиетін жақсы көремін”, – деп атап өткен Жанар Айжанова мақтаумен қатар әншіні бір сынап алды.
“Енді өтірік мақтай беруге болмайды. Ернар негізі дайындығың аз сияқты, тойға барып, сен де әбден фонограммаға мініп алған балалардың бірісің. Сондықтан бір қайнауың кем болды. Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен. Бірақ бүгін өзіңнің де көзің жетті, жанды дауыспен ән айта аласың. Фонограммасыз да сен Ернар Айдарсың. Бүгіннен бастап әрі қарай жалғастырсаң, даусың кең диапазонды әндерге жетеді. Сондықтан өзіңді аяма, сонда халық сені төріне шығарудан шаршамайды”, – дейді Жанар Айжанова.