Тамара АСАР, әнші, ҚР Құрмет орденінің иегері:
Мың адамға татитын бір адамың болса – бақыттысың
Өзімді алдамаймын, өзгені де алдауға тырыспаймын
- Тамара, сөзі мен ісі бір жерден шығып жүрген талантты әншілердің бірісіз. Өміріңіздің қай кезеңінде бар ғұмырыңызға өзіңіз жауапты екендігін түсіндіңіз?
- 6-сынып оқып жүргенде түсіндім. Оған дейін бала болдым, ерке болдым, ауыл мектебінде оқыдым. Ал 6-сыныпта Алматы қаласындағы дарынды балалар мектебіне ауыстым. Интернатта тұра бастағанымда ертеңгі күнім үшін тек өзім ғана жауапты екенімді түсіндім. Оны бала тек ата-анасынан жырақ кеткенде ғана ұғынады деп ойлаймын. Ата-анасы жанында жүрген бала, қорғаны болғандықтан, жауапкершілікті сезінбейді. Мені болашақ өмірге ата-анамнан кейін интернат дайындады. Таңғы жаттығуға шығасың. Мұнтаздай болып жүру де өз мойныңда. Тамағыңды түзу де әдемі отырып ішуің керек. Бұл – ауылдың қызына, сабақтан бөлек, үлкен жауапкершілік.
- Интернатта бірге оқыған замандастарыңыз «Тамара ол кезде өз-өзімен жүретін қара қыз еді» дейді. Шынымен де, оқушы кезіңізде ешкімге үйір болмай саяқ жүрдіңіз бе?
- Сіз байқасаңыз, мен әлі де өз-өзіммен жүретін адаммын. Ол кезде болашақта кім болатыным белгісіз еді. Десек те, ортаға бейім болдым. Қолымда барды жарқ еткізіп көрсеткеннен кейін өздігімнен жұмыс жасағанды қаладым. Күнделікті өмірімді тәркіге салуға қорқамын. Оқушы кезімнен бастап ізденісті жақсы көретінмін, қазір де сол қалпымнан танбадым. Мектепте биші болдым. Керек кезінде жоғары дәрежеде өнерімді көрсеткеніммен кейінгі күнделікті өмірде кеудемді қағуға қорқақтайтынмын. Ал дарынды балалардың ерекшелігі: олардың энергиясы ішіне сыймай сыртқа шығып кете береді. Ал мен ата-анамның тәрбиесінен болар, білген, түйгенімді сыртқа шығаруға асықпайтынмын. Күнде шашыла бергеннен өзінің белгілі бір уақытын күтуді үйрендім. Табиғатым солай шығар?! Қарапайыммын.
- «Кездесулер мен қоштасуларды» әнге қосып жүрсіз, дәл сол сияқты мен сізді көргенде бойымды бір-бірі қарама-қайшы екі сезім биледі: бірі – сұлулығыңызға тәнті болу, екіншісі – қорқыныш. Соған қарағанда, сіздің бойыңызды қарама-қайшы ойлар жиі шырмайтын сияқты. Әлде қателестім бе?
- Қарама-қайшы ойдың болғаны дұрыс. Бір мәселеге байланысты шешімнің ойда бірнеше нұсқасы жүргені жақсы. Бірақ, адам бірінші кезекте өзінің кім екенін ұмытпау керек. Мысалы, мен – әйел адаммын. Бір нәрсе жасар алдында «Мен кіммін?» деп өз-өзімнен сұрап алып, шешімді осы тұрғыдан қарастырамын. Әр қадамымды басарда «Бұл әйелдің ісі ме? Әйел шешетін мәселе ме? Әйелдің орны ма?» деген сұрақтарды негізге аламын. Тіпті, қоғамдық проблемаларға араласу үшін де сол сұрақтарды өзіме қоямын. Қандай мәселе болса да, осы сұрақтарыма жауап берсем, онда сабама түсем, ал егер бұл сұрақтарды қоймасам, «алғалап, уралап» кететіндердің бірі болуым әбден мүмкін. Алайда, менің ішкі потенциялымды табиғат осылай жаратқан. тумысымнан өзіме бір сұрақ қою арқылы өзімді тоқтата аламын.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатыңызда: «Өзім жасап алған қағидалармен өмір сүремін» дедіңіз. Алайда, сол кезден бергі қолыма түскен сұхбаттарыңызды қарап отырсам да қағидаларыңызды айтпапсыз. Сол қағидаларды білуге бола ма?
– Мен оны ешкімге айта алмаймын.
– Неге айтқыңыз келмейді?
- Себебі, білесіз бе, қазақта «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бар. Мен ауырған аурумен неге сіз ауруыңыз керек? Онымен неге басқалар да ауруы тиіс? Менің ұстанатын қағидам сізге пайдасыз болуы мүмкін, себебі, сіз мен жүрген жолмен жүрген жоқсыз, жүруге тиісті емессіз де. Бір құмыраның ішіне екінші үлкендеу құмыраны салу мүмкін бе? Сондықтан, әркімнің өзінің қалпына, табиғатына лайықталған принциптері болса жақсы болар еді. Ең бастысы, ешкімнен жасырмай, жариялай алатын принципім – өзіме деген шыншылдығым. Оны ешқашан жасырған емеспін. Өзімді алдамаймын, өзгені де алдауға тырыспаймын.
– «Шешілмес, бірақ, бір түйін,
Атыңды елің атамай.
Бақытты табу тым қиын,
Жоғалтып алу оп-оңай» (М.Шаханов) – демекші, сіздің атыңызды бұл күнде дүйім ел біледі. Өзіңізді бақыттымын дей аласыз ба?
– Шүкір, бақыттымын. Адам несімен бақытты болады? Адам өз болмысын ашып көрсете алғанда, өзінің ақыл-қабілетін керекке жарата алғанда бақытты болады. Бір адамға ма, екі адамға ма, мың адамға ма – бәрібір, бастысы өзіңнің керек болғаныңды сезіну – бақыт. Жаныңмен, тәніңмен керекке жарау. Менің маңдайыма мың адамға керекке жарау жазылған шығар, Шаханов ағамызға миллион адамға керекке жарау жазылған шығар. Егер сол мың адамға татитын бір адамың болса, онда да бақытты боласың.
- Бір кезде балаларға арнап кітап жазсам деген болатынсыз. Сонда сіз екі бағытта да жазып жүрсіз бе?
- Мен әйел адаммын ғой, әйелдің тоғыз күнде тоқсан түрлі көңіл-күйі болады. Сондықтан, «мен мынандаймын» деп айта алмаймын. Менің анық білетінім – мен әйелмін. Егер мен әйелдіктен алыс кетсем, онда табиғатқа қарсы шыққаным, Құдайға қарсы шыққаным. Әйел болғандықтан көңіл-күйім әр түрлі болады. Бір күні балаша жазамын, бір күні ғұламаша ойланамын, бір күні әдеби әзілмен жазамын. Менде әртүрлі бағыт бар. Бір кездері тіпті философиялық, психологиялық терминдермен ауыр жаздым. Адам ішіндегі дүние сыртқа шығу тетігін іздейді. Менің ішімдегі дүние жазу арқылы шығады. Жазып болған соң басыламын. Ал оны біреуге көрсетіп, мақтануға ыңғайсызданамын. Жазған нәрсемнің барлығы азық болмайды, оның бірі зәр болуы мүмкін. Өйткені, адамнан жақсы да, жаман да шығады. Қазіргі әлеуметтік желідегідей зәрді құса беруге қарсымын. Мен –максималды түрде өзімді тежеуге үйренген адаммын, әлі де үйренуге тырысамын. Мен үшін адамның мықтылығы бір нәрседен ғана байқалады: ол – Құдайдың берген дарынын жан-жаққа шашыратпай, бір арнаға сала білу.
- 2006 жылы сіз алғаш рет шығармашылық кешіңізде концерттің форматын толық өзгерттіңіз: декорация, мюзикл сияқты қойылым, концертті өзіңіздің жүргізуіңіз, монолог оқуыңыз – бұл мен үшін үлкен сенсация. Сонда Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Сахнаға келгеніңізге рақмет! Сізге қарап менмін деген әншілер бой түзетті, ой түзетті. Киім киісі мен сахнаны безендіруі өзгерді» дегенді айтты.
- Мен мұнда Тамара Асардың өзінің сүйікті халқымен тікелей байланысқа шыққанын қаладым. Ол байланысты менің ішкі-сыртқы дүниеммен таныс болғанын көкседім. Себебі, мен соның барлығын сүйікті халқымнан үйрендім.
Ішкі жан дүниемді тыңдауға тырысамын
- Қазіргі таңда тыңдарманының жүрек кілтін табамын деп, жылаңқы ән айтып кеткен жастарымыз жеткілікті. Мұндайға сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Әңгімеңізді түсініп отырмын. Мәселеге ересек адам ретінде үңілетін болсақ, бұл – әлеуметтік-идеологиялық түйткіл. Қазір адамдар әртүрлі бағытта өмір сүріп жатыр. Біреулер секталық діндерге кіріп кетті, біреулер сетевой маркетингтен өзінің бақытын тапты. Енді біреулер әлеуметтік желілердің «жұлдызына» айналды. Қысқаша айтқанда, адамдар өз-өздерін таппай жүрген сияқты. Менің ойымша, рухани байлық жүректе болады, ал жеке бастың тұрмыстық жағдайы етектен төменгі күйбең ғой. Қазір осы мәселе жоғары қарай кетіп бара жатқан сияқты. Бұл – әлеуметтік проблема. Жалпы, көпшілік қауым рухани бағытынан адасты. Біз әлі ізденіп жатырмыз. Тәуелсіздігімізге 25-ақ жыл, ал 25 жастағы жігіт әлі көп нәрсені іздейді. Болашақта біздің қоғам өз бағытын табады деп ойлаймын. Бұйырса, әлі-ақ жоғары білім мен шынайы өнер әуелеп өз биігіне көтеріледі. Ал әндер жөнінде жеке айтатын болсақ, өзін және өз ішіндегі уайымын жырлау қай заманда да болған, бола береді. Мысалы, Кенен атамыздың «Базар-Назар» әні – жеке адам қайғысының қоғамға тараған түрі. Бірақ оның әлі айтылып келе жатқаны әннің сапалылығында. Ал сапалы әндерді сұрыптау үшін көркемдік кеңесі болуы керек. Қазіргі әндер осындай арнайы сүзгіден өтсе, басқаша болар еді.
- Инстаграмда, интернет, журнал, концерттеріңізді қарап отырсам, көйлектеріңіз, Аллаға шүкір, жеткілікті екен. Неше көйлегіңіз бар?
- Көйлектерімді арнайы санамаппын.
- 300-500 бар ма?
- Оны білмейді екенмін. Көйлектерімді жақсы көремін. Ол – менің сырт қорғаныс құралым. Киім тек адамды суықтан қорғамайды. Киім кие білу де үлкен өнер. Мен киім кию стилінде арнайы тәртіптерді сақтауға тырысамын. Кез келген халықтың мәдениетіне үңілсеңіз, ұлттың тілінен кейін әрдайым киімі тұрады. Себебі, киім сол ұлт туралы көп нәрсені білдіреді. Мысалы, адамның көзі 10 000 түрлі жұмбақты шеше алады. Сондықтан, бірінші кезекте тіл білмейтін халық киіміне көңіл аударады. Киім сол ұлттың мәдениетінің деңгейін көрсетеді.
Сұхбаттасқан: Нұржан Бай-Сақ
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)