Қуат «Найман» ХАМИТОВ, Аралас жекпе-жектен «Bushido FC 47» Халықаралық турнирінің екі дүркін чемпионы, жеңіл салмақта (70 келі) әлем чемпионы
– Ережесіз жекпе-жек деген ерекше спортқа аңсарыңыз қалай ауып жүр? Қанша дегенмен «ережесіз» ғой, қаймығу болмады ма?
– Балалық шағымнан бастап осы спортқа аңсарым ауды. Бастапқыда грек-рим күресіне қатты қызықтым. Ақыры қызығушылық әуестікке ұласып, спорттың осы бір түрімен айналыса бастадым. Әуелі күрестің бұл түрінен бағым жанып, жолым ашылды. Қарап отырсам, он жыл бойы бозкілемде белдесіппін. Аудан мен облысты артқа тастап, бірнеше мәрте республикалық чемпионатқа да қатыстым. Ел біріншілігінде жүлдегер атанған сәтім де аз болған жоқ. Бірте-бірте тәжірибем толысып, құрлықаралық жарыстарда белдесе бастадым. Шетелдерге сапарым сәтті болып, бірнеше рет ТМД елдері қатынасқан халықаралық додада топ жардым. Бұл, әрине, мен үшін үлкен қуаныш, мотивация болды. Күрестен қалайда Азия мен Әлемді бағындырамын, олимпиадаға жол саламын деп мақсат та қойған болатынмын. Бірақ, көңіліме ауыр тиген бір жағдай, мақсатымнан бас тартуға мәжбүрледі. Әдетте грек-рим күресінен небір жетістіктерге жеткен, өзіміз өнеріне тамсанып өскен ағаларымыз, талай мықты чемпиондар астында көлігі, басында баспанасы жоқ ескерусіз қалып қояды. Бұл жағдай біздің көз алдымызда болып жатқандықтан, маған үлкен ой салды. «Күреспен айналысуын айналысармын, бірақ ертеңім қалай болар екен?» деген ой маза бермеді. Ақыры, ойлана келе 2010 жылы күресті доғарып, ережесіз жекпе-жекке ауыстым. Спорттың бұл түрі – үлкен жауапкершілік, тынымсыз жаттығумен қатар, қайыспас қара нар мінезді де қажет етеді. Сол күннен бастап мен алдыма тек жекпе-жекке шығып қана қоймай, нағыз шоу жасай білуім керек деген мақсат қойдым. Жанкүйерлерімді жерге қаратпай, барынша қаны қызу төбелес көрсетуге бел буып кірістім. Көкейімде тек ғана жеңістерге жету және спорттың осы түрін жаңа бір белеске көтеру керек деген ой жалындап тұрды. Менің бұл спортқа деген махаббатымды арттырып, намысымды жаныған басты нәрсе – ертеңгі күні спорт деген ауыр жолға түсіп, ел абыройы үшін тер төккен жастар ағаларымыз сияқты далада қалмасын, лайықты бағасын алсын деген ой.
– Ережесіз жекпе-жекке ауысқаннан кейін өз компанияңыз немесе қандай да бір қолдаушыңыз болды ма?
– Жекпе-жекке ауысқаннан бергі уақытта жеке жаттықтырушым болған емес, тек өзім дайындалдым. Сондай-ақ, үкімет тарапынан да еш көмек көрген жоқпын. Мүмкін, бұл біздің ел үшін жас спорт түрі болғандықтан, әлі ешкімнің назары түспей жатқан шығар. 2010 жылдан бері талай қиыншылықтарды, түрлі сынақтарды бастан өткердім. Бірқатар клубтармен де бірге жұмыс істеп көргенмін. Алайда, сәтті ынтымақтастық болып, жұмыс жүріп кете қоймады. Жалпы алғанда, жаттықтырушысыз, үкіметтің көмегінсіз өз қара күшіңмен әлемдік деңгейдегі спортшыға айналу қиынның қиыны. Бірақ, мұншама қиындықтың бәріне сынып кетпей, қайтпай, еңсеңімізді төмен салмай күресіп келеміз. Өмірде де, сегіз бұрышта да. Аллаға шүкір деп айтайын, қазіргі таңда еліміздің көк туын әлемдік ареналарда, жарыстарда лайықты желбірете алып жүрмін. Мен кеудесі биік, еңсесі жоғары азамат ретінде ешкімнің алдында басымды имеймін. Әрине, бәрі оңай болып жатқан жоқ, бірақ, мен бұл қиындықты еңсере аламын. Егер мен беріліп, қиындыққа шыдас бермесем, басқалар да солай істейді. Және өзгелердің менің жолыммен жүріп, менен үлгі алатын күні де туады.
– 2016 жылы Қытайдың Шанхай қаласында WBK тұжырымы бойынша украиналық Андрей Митрофановты ММА турнирінде жеңіп, әлем чемпионы атандыңыз. Бұл жеңіс сізге қандай тың мүмкіндіктер сыйлады?
– Иә, Қытайда мен 70 және 77, яғни, екі салмақ категориясы бойынша жеңімпаз атандым. Осы маңызды жеңістерге жету арқылы Қытайдағы үздік спортшы деген атағымды сақтап қалдым. Жалпы, жер бетінде ережесіз жекпе-жек түрі бойынша көптеген ұйымдар бар. Бірақ, ішіндегі ең тартысты әрі ең танымалы, бұл – UFC и Беллатор. Ал ТМД шеңберінде Fight nights пен М-1 ұйымдары үздік болып саналады. Бұл ұйымдардың ТМД-да танымал болуы да кездейсоқ емес. Өйткені, осы сатыдан өткен көптеген балуандар UFC-те кәсіби мансап жолдарын жалғастырып жүр. Қытайда бұрындары мен өнер көрсеткен RUFF үздік еді. Ол арқылы да көптеген мықтылар UFC титулдарына таласып жүр. Айтпақшы, оның арасында қандасымыз, Қытайдағы қазақ жігіті Жұмабек те бар. Еуропада мұндай ұйымдар, әрине, өте көп. Солардың ішінде Gage warriors бен BAMMA-ны бөле-жара айтуға болады. Егер сен чемпион болсаң және осы ұйымдардың аясында жекпе-жекке шығып жүрсең, онда сөзсіз жоғары деңгейлі спортшы саналасың. Қытайдағы жеңіс маған үлкен үміт сыйлады. Енді бар күшімді қазір Ресейдегі шайқасқа дайындап жатырмын.
– Ресейдегі жекпе-жек әлемдік деңгейге шығуыңызға мүмкіндік бере ме сонда?
– Иә, солай десе де болады. Жекпе-жек жақын арада Ресей жерінде өткізіледі. FIGHT NIGHTS тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуді жеңіп алып, бірнеше мәрте қорғағаннан кейін, жылдың аяғында UFC-ге шығуды көздеп отырмын. Егер, бәрі мен ойлағандай сәтті жүзеге асып жатса, онда биылғы жыл мен үшін табысты болар еді.Ал ең басты мақсатты мен өзіме одан да биік тұрғыда қойғым келеді. Мәселен, жастарға арнап әр ауылда бір-бір спорт мектептерін ашсам деймін.
Шәкірт тәрбиелеу-мен үшін бақыт
– Демек, бір күндері үлкен спорттан кеткеннен кейін уақытыңызды түбегейлі шәкірт тәрбиелеу ісіне жұмсауыңыз әбден мүмкін ғой…
– Шәкірт тәрбиелеу – әрине, менің жоспарымда бар. Егер де бір қазақ баласын дұрыс жолға салып, оны жетістіктерге жетелей алсам, бұл – мен үшін бақыт. 15 жыл бойы спортта қан мен терімді қатар төгіп келемін. Осы уақыт ішінде әлемнің 15-тен астам мемлекетіне жолым түсіп, жарыстарға шықтым, көк туды желбіреттім. Енді осыншама тәжірибемді кейінгі келе жатқан жастармен бөліспесем, бұл күнә болады ғой. Шүкір, әр жекпе-жегімнің алдында маған жанкүйер болып тақымын қысып отыратын, Алладан жеңісімді, аман-саулығымды тілеп дұға етіп отыратын қара орман халқым бар. Сол кісілерге тым құрыса рақметім ретінде нағыз ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарғым келеді. Бұл ой, бұл арман күн сайын менің көкейімде сайрап тұрады.
– Ал сол спорттық мансабыңызды қай уақытта аяқтап қалуыңыз мүмкін?
– Мұны тек бір Алла біледі. Бұл сондай бір қатаң әлем. Сырттан қараған адам түсіне бермейді. Біз сол әлемнің ыстығына күйіп, аязына тоңып, төзіп келеміз. Әр жекпе-жек спортшы үшін соңғы жекпе-жек болуы мүмкін. Бірақ, әлі де 2-3 жылымды спорттық шайқасқа арнаймын деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Абай Аймағамбетов
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналынан оқи аласыздар)