Бүгін Алматы халқы Қазақ ССР-нің алғашқы премьер-министрі болған Ұзақбай Қарамановпен қоштасты. 80 асқан шағында дүние салған мемлекет қайраткерімен қоштасу салтанаты М. Әуезов атындағы мемлекеттік театрда болды. Бұл туралы juldyz.kz сайты хабарлайды. 

Ұзақбай Қараманұлы Қараманов 1937 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ұялы ауылында дүгиеге келген. 1959 жылы Самара қаласындағы инженерлік құрылыс институтын бітіріп, Шұбарқұдық автобазасында прораб ретінде еңбек жолын бастаған. 1980  жылы Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп министірінің орынбасарлығына тағайындалып, содан кейін де небір лауазымды қызметтерді атқарған. 1989 жылы министрлер кеңесінің төрағасы, 1990 жылы премьер-министр болған еді. Қазақстан тәуелсізідк алған жылдары парламент депутаты, халықаралық Арал теңізін құтқару қорының президенті болды.

Әміржан Қосанов, саясаткер

Мен – Аралданмын. Ұзақбай Қараманов та Аралдан. Бірақ жерлестігімді салып, ешқашан ол кісінің қызмет кабинетіне барып көрмеппін.

Оны айтып жатқан себебім де бар: 90-жылдардың басында жап-жас боп министр орынбасары қызметінде жүргенімде, қит етсе, бәрін трайбализм аулынан бір шығаратын аузы лас адамдар: «Кешегі премьердің жерлесі болған соң, өсіп кеттің бе?» – деп те бетіме айтып салғаны бар еді. Ол кезде билік биігінде жүрген ағамызға жету қайда. Ондай ой да болмапты.Кейін танысып, білістік.90-жылдардың аяғында Мәжіліс депутаттығына бір округтен (Арал, Қазалы және Қармақшы ауданы) түсе жаздағанбыз. Осы мүмкіндік туралы арамызда бір қызық әңгіме де болған (ол менің болашақ кітабымда бар). Кейін, мен Алматы қаласы Медеу ауданынан сайлауға түсіп, ол кісімен ауылымыз жақтағы бір округте тікелей бәсекелес болмадым.

Осыдан екі-үш ай бұрын әріптестердің сұрауы бойынша (журналистер тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьері ретінде сұқбат алғысы келген) ол кісіге хабарластым. Емханада жатыр екен.

Өтінішімді естіп:«Ешкімге де көрінгім, ешкімді де көргім кеп тұрған жоқ», — деп еді күрсініп. Сырқат сол кезде жанына батса керек. Сұқбаттан бас тартты. Мен де: «Кейін, емханадан шыққан соң хабарласармыз, Аға!» деп әңгімені жалғастырмақ ойымды білдіргенмін.

Тамыз айының басында аға хабарласып, ай соңында Алматыда 80-жылдығын өткізетінін айтып, арнайы шақырып еді. «Ресми шараларға үкімет сені шақыра қоймас, бірақ мынау – менің өз дастарханым, кімді шақыратынымды өзім ғана білемін, соған кел!», — деп, нықтап айтты.Өкінішке орай, ауыл жақта мен бармасам бітпейтін шаруалар шығып, тойына қатыса алмадым.Міне, енді ертең ол кісімен қоштасуға барамын. Бір нәрсе анық: біздегідей жылпостар мен жағымпаздар жайлаған жүйеде билік пен былық қатар жүреді. Шен-шекпен киіп жүріп, ластанбау өте қиын. Биліктен кеткен соң небір мықтының арты ашылып жатыр ғой!Талай жыл билік басында жүріп, Үкімет басқарған Ұзақбай Қарамановтың соңынан жаман сөз ермеді. Өзін таза қалпында сақтап қалды. Ел ағасы ретінде атағын да, сақалын да сатпады.

Біздің елде ондай мінез, ондай тірлік — ерлікпен пара-пар! Олай болса, Ұзақбай Қараманов – Ер!Иманды болсын! Алла алдынан жарылқасын!

 

Ермұрат Бапи, «Дат» жобасының жетекшісі

Ұзақбай Қараманов
«ӨЗ ЕРКІМЕН»
премьерліктен қалай кетті

Дәл осындай тақырыппен сараптамалық мақала жазғаным есімде (қараша, 1990 жыл). «СҚ» өз жорналшысының жазғанын баспады. Сылтау — Назарбаевқа көбірек «тиіскенсің». Расында, сол отставкамен шамалас уақытта елге Сингапурдың экс-премьері Ли Куан Ю сапармен келген еді. (Оның да отставкаға кеткеніне көп болмаған). Сол кездесудің қорытындысы бойынша, Н.Назарбаев пен Ли Куан журналистерге брифинг бергенде, біздің президенттің: «Ю мырза, егер келісетін болсаңыз, мен сізді Қазақстанға премьер-министрілік қызметке шақырар едім» — дегені бар. Ол кезде Назарбаев шынымен реформаторлық рөл атқарған, демократияға ден қоюға құштарлығы бар президент еді. Әрине, Ю мырза бұл ұсынысқа қытайлық қулықпен жымиды да қойды. Бұны неге айтып отырмын?
Сол брифингте нән көкеміздің сол жағында Ұзақбай Қараманов отырған. Өзінің премьер-министрінің көзін бақырайтып қойып, қонағына осындай ұсыныс жасауы қаншалықты саяси этикетке жататын жағдай еді? Ұзекең өзінің салмақты сырбаздығына салып, жантайған жағын жымқырып, жөн жымиды да қойды. Бірақ президенттің тактыдан тайған сөзіне жиналғандар іш тарта қалды. Бұл — Қарамановтан құтылудың қамымен айтылған сөз екенін біреу сезді, біреу күлді де қойды.
Менің сол мақаламда президент-премьер текетіресінің осыған ұқсас бірнеше жәйттері жазылған-ды. Өзіме соншалықты ұнаған алғашқы саяси сараптамам болғандықтан, оны архивте қалдырғым келмеді…
Артынша мақаланы сол кездері жаңадан шыға бастаған «Жас қазақ» газетіне бердім. Ұлықбек Есдәулетов (бас редактор) ағам оны шығып бара жатқан нөмірге салды да жіберді. Арқамнан қақты, ұмытпасам, 25 сом қаламақы төледі…
Осылайша мен ҚазССР-дің соңғы премьері Ұзекеңнің отставкасын жазам деп, саяси сараптаманың алғашқы дәмін татқан едім.
Бұл да бір тарих.
Ал енді Ұзақбай аға Қараманов та тарихқа айналды…
Алдынан жарылқасын!

 

Пікір қосу