Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, оппозиция лидері болған Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Саясаткердің мемлекеттік қызметте һәм оппозицияда жүрген жылдары елге сіңірген еңбегі көпке мәлім. 2006 жылы А. Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі  – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев қастандықпен өлтірілді. Сот барысында ҰҚК-нің арнайы тобы офицерлерінің қатысуымен қылмыс жасалғаны анықталды. Алайда белгілі саясаткер өлімінің құпиясы толық ашылмады деген пікірлер әлі де айтылып келеді. 2016 жылы республикалық «АҢЫЗ АДАМ» журналының саны Алаштың Алтынбектей азаматына арналған еді. Сонда  саясаттанушы Берік Әбдіғалидың А. Сәрсенбайұлы жайлы берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Бұл нөмір редакциямызда сатылатынын ескертеміз. Редакция мекен-жайы: Алматы қаласы, Қонаев көшесі,1 үй, 201 бөлме. Тел: 390-03-84

 

– Алтынбек Сәрсенбайұлы тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші болып 30 жасында министр орынтағына отырды. Қазақ қоғамы, оның ішінде зиялы қауым жаңа министрдің жастығын ғана емес, оның жұмыс істеу тәсілін, адамдармен қарым-қатынасын ризашылықпен айтып жүрді. Бұл кісі қандай қасиеттерімен, ерекшеліктерімен зиялы қауымға жақты? Өйткені, әдетте бізде министрге, әкімге шенеунік деп қарайды емес пе?

– Есіңізде болса, ол кезде билік басында көбіне партия мен комсомолдың мектебінен өткен немесе ірі өндіріс ошақтарын басқарған адамдар болушы еді ғой. Олардың жұмыс істеу тәсілі, адамдармен қарым-қатынасы сол өздері мектебінен өткен партиялық стильде болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президент Нұрсұлтан ­Назарбаев билікке бір топ жаңа буын жас­тарды алып келді. Солардың ішіндегі алғашқысы Алтынбек Сәрсенбайұлы болды. Алғаш қызметке тағайындалар кезде Президентпен әңгімелесуден өткен соң, кабинеттен шығып бара жатқанында Нұрсұлтан Әбішұлы оны тоқтатып: «Алтынбек, сен біріншісің. Байқа, егер сен жұмысты алып кетсең, басқаларға да жол ашылады», – дегенін айтқан еді. Шынында да, Алтекең жұмысты алып кетті. Одан соң билікке күш-қуаты мол жігерлі жас жігіттер келді. Алтекең бастаған кейінгі толқын өмірбаянының қалыптасуы, дүниетанымы жағынан мүлдем жаңа топ болатын. Тәуелсіздікті енді алып жатқан сол бір аласапыран кезеңде идеологиялық тұрғыдан жаңа мемлекеттік саясат қалыптастыруда Алтекеңнің үлкен еңбек сіңіргені айдан анық. Билікке ең жас министр болып келген ол осы саланы тоғыз жылдай басқарып, ең тәжірибелі, сақа саясаткерлердің біріне айналды.

– Бұрын бұл салада тәжірибесі жоқ жас жігітке министрлік тізгінін алып кету де оңай болмаған шығар?

– Әрине, мемлекеттің енді қалыптасып жатқан кезеңі болғандықтан атқарылатын шаруалар да бастан асатын, жауапкершілік салмағы да өте ауыр еді. Бірақ бұл кісіде алдын ала ойлай білу, сезімталдық қасиеті, жағдайды талдай білу қабілеті жоғары болатын. Ал әкімшілік, аппараттық жүйенің ішкі қыры мен сырын сол жүйенің ішінде жүріп үйренгенін, бұл тұрғыда әсіресе сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаевтың көп көмек көрсеткенін өзі айтып отыратын.

Әлгінде «көпшілікке, зиялы қауымға несімен жақты?» деп сұрақ қойған едіңіз. Бұл кісінің адамдарды басқаруы, өнер, шығармашылық адамдарымен қарым-қатынасы әлгі айтқан партия, комсомол жүйесінен келген адамдарға қарағанда басқашалау болатын. Өзі де партиялық-номенклатуралық басшылардың басқару тәсілін, адамдармен қарым-қатынасын жақтырмай, сынға алып отыратын. Ол, сонымен бірге, жаңаша ойлай алатын, қабілетті жігіттерді билікке тартуға тырысты.

– Атап айтқанда, қандай азаматтарды?

– Алтекең билікке алып келген біраз азаматтар бар. Мысалы, белгілі саясаткер Марат Тәжиннің билікке келуіне ықпал еткен – Алтынбек Сәрсенбайұлы.  Кейін ол кісі қоғамның дамуына белсене араласып, үлкен саяси тұлғаға айналды.

– Сіз де Алтынбек Сәрсенбайұлының шәкірті емессіз бе? Ол кісі қандай басшы еді?

– Сырт көзге сұсты болып көрінгенімен, шын мәнінде, өте ашық, ақжарқын адам болатын. Қол астындағы қызметкерлерімен тең дәрежеде сөйлесуге тырысатын, ешқашан қысым жасамайтын, түрлі саяси мәселелерді еркін талқылайтын. Жалпы, бізге адамдармен, оның ішінде зиялы қауыммен қалай сөйлесіп, қалай жұмыс істеу керектігін үйретті.

– Жұмыс барысында қандай мәселелерге мән беруші еді?

– Шамасы келгенінше қазақ жазушыларының кітаптарын мемлекеттік тапсырыс арқылы шығаруға, шығармашылық адамдарын, оның ішінде жастарды қолдауға, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын шектеп, қазақ басылымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалының артуына, мемлекетшіл тұлға ретінде биліктің халыққа жақын болуына күш салды. Бұл кісі тек ақпараттық сала ғана емес, ішкі саясат мәселелерімен де шұғылданып, кейінірек министрлік Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі деп атала бастады. Осы тұста Алтекең басқарып отырған министрлік елдің тұтастығын сақтау,  халықты біріктіру бағытында үлкен жұмыстар атқарды.

1998 жылы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин шетелге кетіп, сол жақта жүріп өзін президенттіктен үміткер ретінде ұсынды. Ол шын мәнінде президенттіктен алғашқы шынайы үміткер болып, күтпеген неше түрлі саяси жүрістер жасап, билікті састырды. Оппозицияшыл саясаткер ретінде билікті, үкіметті аямай соққылап жатты. Біз ол кезде үкіметте жұмыс істейміз. Сол кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы Қажыгелдин туралы: «Қандай қабілетті, талантты адам! Бірақ осы қабілетінің, талантының бәрін елдің пайдасы үшін жұмсағанда қандай жақсы болар еді», – деп айтқаны есімде.

– Алтекең 2003 жылы биліктен оппозицияға кетіп, бірақ 2004 жылы қайтадан министрлік қызметке келген жоқ па? Бұл кісінің билікке қайта келуіне не себеп болды?

– 2004 жылғы Парламент  сайлауы қарсаңында Алтынбек Сәрсенбайұлының өзіне қажет боларын сезді ме, айналасындағылардың қарсы болғанына қарамастан Президент оны шұғыл іздеттіре бастаған.  Ал Алтекеңнің билікке қайтып келу туралы ниеті жоқ болатын. Сондықтан ол Президентпен кездескісі келмей, тіпті, таба алмасын деген оймен біраз уақытқа Нарынқолға кетіп қалған. Бірақ, Президент сонда да іздеттіре берген. Қалай дегенмен, тәрбиелеген ұстазы ғой. Қанша қиналса да ақыры ол кісінің ұсынысын қабыл алыпты. Министр қызметіне қайта тағайындалған соң Астанадан Алматыға келіп баспасөз-мәслихатын өткізді. Баспасөз-мәслихатын өткізердің алдында Айдос Сарым екеумізді шақырып алып, болған жайлардың барлығын айтып берді. Бұл қызметке билік үшін емес, қолдағы мүмкіндіктерін пайдалана отырып демократиялық құндылықтарды дамыту үшін бара жатқандығын айтты.

Билікке екінші рет қайтып келгенінде министрліктің жұмысын жаңаша құру бағытында біраз жұмыстарды бастаған. Тіпті, ол кісі елге Ақпарат министрлігінің керегі жоқ, яғни, сөз бостандығын реттеудің қажеті жоқ деген пікірде болатын. Бірақ оның бұл бас­тамасы биліктен қолдау таппай, ақыры қызметтен кетіп тынды.

Иә, әсіресе өмірінің соңғы жылдарында Алтекең бәрін көріп ысылған, көзқарасы қалыптасып, жан-жақты толысқан үлкен саяси тұлғаға айналған еді. Билік те, оппозиция да оны мойындаған. Бүкіл іс-әрекетімен ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсеткен еді. Әттең, ерте кетіп қалды, әйтпесе халқына берері мол азамат еді ғой.

Сұхбаттасқан Рысбек ҮРКІМБАЙ  «АҢЫЗ АДАМ» №4  2016 жыл

 

Пікір қосу