ҚР Президентінің Архиві Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия тарапында әскери тұтқында болғандарға төленетін өтемақыны алу үшін қазақстандық 17 ардагердің құжатын ресімдеді. Қазіргі уақытта 11 ардагер өтемақыларын алған болса, 6 адамның құжаты ГФР-дің қарауында, деді «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына жауап берген ҚР Президенті Архивінің директоры, профессор Борис Жапаров.
Борис Жапаровтың айтуынша, 2015 жылы мамыр айында Германия Федеративтік Республикасы бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға 2500 еуро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешімін қабылдаған. Құжаттарды қабылдау биыл қыркүйек айында аяқталады. «Өтемақы 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 8 мамырына дейін тұтқында болған бұрынғы кеңестік әскери қызметкерлерге беріледі. Бекітілген сауалнама-өтінішті толтырып, 2017 жылдың 17 қыркүйегіне дейін жіберу қажет. Сауалнамадағы ақпаратты Германияның органдары тексергеннен кейін және берілген мәліметтер дұрыс болған жағдайда, көзі тірі бұрынғы әскери тұтқынға, яғни ҚР азаматына 2500 евро көлемінде өтемақы төленеді. 2016 жылы ҚР Президентінің Архиві бұрын әскери тұтқында болған 17 қазақстандықтың өтемақы алуына құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетті. Аталған жұмыс Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік, Шымкент өңірлік мемлекеттік архивтерімен бірлесе отырып жүргізілді. Қазіргі уақытта 2016-2017 жж. 11 ардагер (Астана қаласының, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары) өтемақы алды», — деді Б.Жапаров. ҚР Президенті Архиві қызметкерлерінің айтуынша, құжаттарды жинап, Германияға жолдау өзге облыстардың құзырлы мекемелері арқылы да жасалған. Ал Президент Архиві арқылы өткізілген құжаттардың барлық саны — 17. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2015 жылы «Екінші дүниежүзілік соғысындағы қазақстандық әскери тұтқындар: әдебиеттер, деректер, мәліметтер базасы» ғылыми-зерттеу жобасын іске қосқан болатын. Осы жобаның аясында www.tutkyn.kz веб-сайты іске қосылды, онда қазақстандық әскери тұтқындардың тізімі бар онлайн республикалық ақпараттық базасы орналастырылды. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихшы ғалымдармен кездесулер өткізіліп, тақырып бойынша архивті құжаттар, мақалалар мен естеліктер жинақталып жатыр. Екі жыл ішінде 35 509 мың қазақстандық әскери тұтқынның есімі ақпараттық базаға енгізілді. «Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Ақпараттық-аналитикалық орталығының арнайы мемлекеттік архивінің № 10 «Бұрынғы әскери тұтқындарға сүзгілік және трофейлік материалдар» қорынан 5274 фамилия алынды. Бұл жоба қоғамда үлкен қызығушылық тудырды, із-түзсіз жоғалған жауынгерлердің туысқандары оларды әлі де іздеуде. Жоба жұмысы туралы БАҚ кеңінен жария етілді, республикалық телеарналар бұл тақырыпқа орай телебағдармалар мен сұхбаттар, жаңалықтар көрсетті. Соның негізінде жоба туралы біліп, халық Архивке тұтқында болған немесе хабарсыз кеткен туысқандары туралы сұрау салуларын жібере бастады. 2015-2017 жылдар аралығында 91 өтінім түсті», — деді ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров.
Алмас Мұқашұлы www.inform.kz