Осының алдында Мьянмадағы жантүршігерлік оқиғаны егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Соған байланысты құқыққорғаушы Сергей Дуванов мырзаның пікірін білдік. Оның айтуынша, біздің азаматтардың елдегі әділетсіздіктерге енжар қарап, Мьянмадағы халыққа жандары ашығаны – парадокс.
Сергей Дуванов, құқыққорғаушы:
Әділетсіздікке, жауыздыққа араша болған дұрыс. Оған азаматтық позициясын танытқан адамдарға құрметім зор. Алайда Жаңаөзенде отандастарымызды атқанда неге сол адамдар үнсіз қалды екен? Осы жағын мен түсіне алмадым. Бүгінгі күні барлық елдегі мұсылмандар дін қарындастарына қатысты кез келген мәселені ауыр қабылдайды. Мәскеуде Мьянмадағы жағдайға байланысты митинг өтті. Үкіметтің Бирмадағы қырғынға қатысты ресми позициясын білдіруді талап етті. «Біздің бауырларымызды қолдамасаңдар, тым болмаса бізге жол ашыңыздар. Оларды қорғауға барамыз!» деп ұрандатты. Бірақ та мәселе бұлай шешілмейді ғой. Буддистерді қолдап басқа елден олардың жақтастары келсе, не болады? Соғыс болады. Осы жылдың 17 наурызында Еуроодақ осы мәселені БҰҰ деңгейінде шешпек болған. Мьянмадағы геноцид бүгін басталып тұрған жоқ. Алайда Ресей мен Қытай Мьянма мәселесін шешуді тоқтатып тастады. Соңғы төгілген қан осы екі елдің мойнында. Мьянмадағы қырғын кез келген адамды бейжай қалдырмау керек. Әйтсе де тағы да қайталап айтамын біздің азаматтардың елдегі әділетсіздіктерге енжар қарап, Мьянмадағы халыққа жандары ашығаны парадокс. Бұл елдегі діни ахуалдың шиеленісіп кеткендігінен хабар берсе керек. Бейбітшілікті үндеп, тілектестік танытқан дұрыс. Мұсылмандардың қырылуы дұрыс емес. Бирмада қазір азамат соғысы болып жатыр. Бұның алдында индустарды өлтірген. Ең бастысы, өзге елде болып жатқан осындай майдандарға азаматтарымыз кетіп қалмаса. Өйткені ол жақтағы мұсылмандар арасына террористік ұйымдар кіріп кеткен. Мәселе өте күрделі.
Қымбат Досжан, тележүргізуші:
Стоп ГЕНОЦИД!!! Реджеп Тайып Ердоған мен Рамзан Қадыров қана азаматтық көзқарасын білдіріп, әлем назарын аударуға тырысуда. Ердоған: қажет болса әскер кіргіземіз деді.. Адам құқығы тапталып әйел бала шағаны қырып жатқанда xалықаралық Ұйымдар, БҰҰ-ның бас xатшысы т.б бәрі ҮНСІЗ. НЕГЕ?
Сәкен Майғазив, әнші:
РАББЫМ! Жазықсыз жандарға, шарасыз балаларға, әлсіз аналарға, қауқарсыз қарттарға қорған бола көрші! Әлемде тыныштық болғай! Бейбітшілігімізді бағалай білейік, бауырлар. Сот күнінің иесі АЛЛА — ұлы! Кешеден бері шарасыз шақалақтардың шыңғырғаны құлағымнан, қорғансыз қыршындардың көз жасы ойымнан кетер емес. Айтарға сөзім жоқ. РАББЫМ! Бір өзіңнен пана тілейміз.