Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Ж. Мамайдың ісіне қатысты о бастан айтып келе жатқан бір ғана сөзім бар. Бұл істің ешқандай қисыны, заңдық негізі жоқ. Менің ойымша М. Әблязовтың ісі қирап қалғаннан кейін биліктің жандай шаптары жоқ жерден ілік тауып, билікті сынап жүрген азаматтардың арасынан біреуін қамап, соны жұрттың көзінше жазалап есеп жинаудың, кек алудың түрі. Сот отырысында айтылған барлық сөздерді тыңдап зерделесек, айыптау түгілі қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екенінен көзіңіз жетеді. Себебі бәрі дәйексіз құр сөзге құрылған.  М.Әблязовтың өзі Жанболатты танымайтындығын,  ешқашан ақша бермегендігін айтты. Жанболатқа жағылып жатқан жаладағы қисық қисынға салатын болсақ, Жарымбетовтен ақша алған барлық туған-туыстары мен таныстары да қылмыскер болып шығады ғой. Жақында президенттің «АҚШ-қа сапары» деген әңгіме шықты. Егер шын мәнінде Еуропа сияқты елдермен тереземіз тең сөлесеміз десек, біздің биліктің ақымақтық жасауға хақысы жоқ. Керісінше, «саяси тұтқын» деген азаматтарды босатулары тиіс. Мүмкіндігінше демократиялық алаңды ашып, баспасөз бостандығын дамытып, біз де есі түзу әлемнің бір бөлігіне айналғымыз, есі дұрыс мемлекеттермен араласқымыз,  солардың қатарында болғымыз келеді деген сигналдарды билік бере беру керек. Сонда бұл Путин, Ким Чен Ир сияқты әңгүдік емес, елінің болашағын ойлаған басшы екен деген пікір қалыптасады. Сондықтан да біздің елдегі сот істері жекелеген прокурорлардың, министрдің, лауазымды тұлғалардың мәселесін шешуге арналмауы керек. Сондықтан да билік қоғам назарындағы Жанболат Мамайдың ісі сияқты процестерге бей-жай қарамауы қажет.

Қазір мемлекеттік айыптаушы 4 жыл бас бостандығын шектеуді сұрап отыр. Бұл – абсурд.  Жанболатты босатып, айыптардың барлығы  алынып тасталу  керек.  Сонда халықта аз да болса билікке деген сенім оты пайда болады деп ойлаймын.

 

Пікір қосу