Кастингте мені біраз қинады
– Ерзат Рамазанов – көпшілік үшін жаңа есім. Өзің туралы айтып берші.
– Отбасымда анам мен әпкем бар. Киелі Тарбағатай тауының баурайында, Сабаз өзенінің бойында, Қарабұта деген ауылда туып-өстім. Сонда мектеп бітірдім.
– Оқушы Ерзат қандай болды?
– Сабақты жақсы оқыдым, сыныптың старостасы, мектептің президенті де болдым. оның үстіне мұғалімнің баласы болған соң тыныш жүрдім «күлді). Оқушы кезінен әнші болуды армандаған көп баланың мен де бірімін. Өнерде жүрген біршама аға-әпкелеріміз сияқты 2013 жылы арман қуып Алматыға келдім де, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына тапсырдым. Онда Ислам Нұртазин ұстазымыздың шәкірті атану бақыты бұйырыпты. Биыл «Мамандандырылған мюзикл актері» деген «қағаз» алдым.
– Мектеп қабырғасындағы алғашқы махаббатың есіңде ме?
– Әрине есімде. Бірінші сыныпта өзімнен үш жас үлкен қызды керемет жақсы көрдім. Айтсам сенбессіз, бірақ сол «махаббатым» сегізінші сыныпқа дейін жалғасты. Қазір не деген сезім деп өзім де таң қаламын. Оның есімін ұмытпаймын, бірақ жариялағым да келмейді. Олай істесем жүрегімнен қаншама жыл кетпей жүрген ару «өзінше» болып қалуы мүмкін. (күлді) осыдан кейін ғашық болсам бүкіл болмысыммен ғашық болатын адам екеніме көзім жетті. Ал әзірге жүрегімді ешбір ару жаулап ала алған жоқ: мен де іздемедім, Ол да алдымнан шықпады.
– Сен сүйген ару қандай болуы керек сонда?
– Өзім де білмеймін. Мен қазір сізге тізбектеп айтып шыққаныммен, өмірде сипаттағанымнан мүлдем қарама-қайшы бойжеткенге ғашық болып қалуым мүмкін ғой. Бәрі бір Алланың қалауымен болады деп есептеймін.
– Жарайды, әңгімемізді басқа арнаға бұрайық. Өзің «Алашұлы» тобына қалай келдің?
– Топқа жаяу келдім (күліп). Қалжың ғой, әрине. Өзім көңілді жүретін адаммын. Негізі Әзекеңнің (Әзімбек Байлин – «Алашұлы» тобының әншісі. автор.) өзі хабарласып «Алашұлы» тобына кастинг жариялап жатырмыз. Қатысып көрсең қалай болады? Сенің типажың келетін сияқты» деді. Шынында, бағымды сынап көргім келді. Қатысайын, болмаса ешкім менің шапанымды шешіп алмас деген оймен іріктеуге бардым. Алғашқы кезеңі электронды түрде болды: өзіңнің видеоңды, әндеріңді жіберуің керек. Екінші күні «Алашұлы» тобының мүшелері Әзімбек Байлин мен Мақсат Рахмет ағалар өздері қабылдады. Көзбе-көз әңгімелесіп, алдарында қойылған талап пен сынақтан өтуің керек. Сол кезде мені біраз қинады. Қателеспесем, 7-8 ән айттым, би де биледім, сальто жасап, айналып, бар өнерімді көрсеттім. Сондайақ ағаларымыз да қатысушыларға көмектесіп, демеп отырды. Олардың алдында өзімізді еркін сезіндік. Қатысушыларға «қандай өнерің бар, айта ғой» деген соң, ән айттық. Сол кезде өздерін де бізге қосылып ән шырқап жатты. Себебі, олар әу бастан қатысушыларға «Сынау үшін емес, өзімізге серік болатын үшінші адам іздеп жатырмыз» деген болатын. сөйтіп «үшінші адам» болу маған бұйырып топқа келдім.
Ұшқынмен достық-әріптестік қарым-қатынас сақталды
– «Алашұлы» тобының әншілері университет қабырғасынан бірге келе жатқан жігіттер еді… Саған «Топқа орта жолда қосылдың» деп көп сын айтыла ма? Өзіңді Ұшқын Жамалбекпен қаншалықты жиі салыстырады?
– Кез келген топтың құрамы ауысқан кезде тыңдарман тарапынан ондай салыстырулар болады. Шынымды айтсам, мен іштей өзімді түрлі пікірлерді қабылдауға дайындап қойғанмын. Бірақ, жеке өзіме келіп «Ұшқын былай айтушы еді, сен оны дұрыс айтпадың» деп ешкім айтқан емес. 27 мамыр күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өзіміздің алғашқы қайырымдылық кешімізді өткіздік. Сонда Ұшқын бауырымыз да қолдауға келді. Ол қазір өзінің «Үгәй» атты орталығын ашып, үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Біз бір-біріміз үшін әрдайым тілекшіміз. Жалпы топ құрамы ешбір ренішсіз ауысты. Сол себепті Ұшқынмен достық та, әріптестік те қарым-қатынас сақталды. Ал Ұшқын екеумізді салыстыратындар бар шығар. Қалай болса да, барлығы дұрыс болса екен деймін.
– Ұшқын топтан кеткеннен кейін топ репертуары мен стилі өзгергендей әсер қалдырады. Оған сенің ықпалың болды ма?
– Негізі, топ құрылған кезінен бастап өзіндік стилі болды және жай стиль емес, таза қазақы нақыштағы этно-стиль. Мен топқа керемет өзгерістер ала келдім деп алмаймын. Кейінгі шыққан екі әніміздің стилистикасы жаңа бағытта болғандықтан, сондай әсер қалдыратын шығар. Бірақ бұл мен келген соң болған өзгеріс емес, «Алашұлы» тобының этнобағытты заман ағымына сай бейімдеп, үздіксіз жұмыс істеп жатқандығын білдіреді.
– Жалпы, тыңдармандар мен көрермендер сені қалай қабылдап жатыр?
–Менің алдыма келіп «Сен жаман екенсің» деп ешкім айтқан жоқ. Бірақ алғаш сахнаға шыққан кезде «Мынау қай бала?» деп үлкен кісілердің күбірлесіп жатқанын еститінмін. Қазір әлеуметтік желіде жылы лебіздер мен тілек білдірушілер көп. Соған қарағанда жаман пікір қалыптасып жатқан жоқ сияқты.
– «Алашұлы» тобының мүшесі болғаннан кейін өзіңе қандай да бір өзгеріс сезілді ме?
– Топқа кіргелі бері шайға шақырушылар көбейіп кетті (күліп)… бұдан бөлек те өзгерістер болды. Мен «Астана мюзикл» театрының актері едім, қазақ өнерінде өзіндік орны бар, халық сүйіп тыңдайтын этно-топтың мүшесі боламын деген ойымда да болмапты. Іріктеуден өткеннен кейін бір күндік кестем бірден өзгерді. Мұнда концерт, гостроль, дайындық уақыттары нақты белгіленіп қойған. Оның үстіне сахнадағы образдарымызды білесіздер: ән де айтамыз, би де билейміз. Сахнадағы 3 минуттық өнерімізді көрсету үшін күні-түні студияда дайындаламыз. Сондықтан да өмірімде өзгерістен бұрын, өсу болды деуге болатын сияқты.
Сұқбаттасқан Гүлім Рысқұл
Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2017 жыл, №16 (250) санынан қысқартылып алынды)
Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!