Тамыз айының 21 мен 26 аралығында Францияның астанасы Парижде күрес түрлерінен әлем біріншілігі өтті. Грек-рим балуандары Демеу Жадраев пен Мейрамбек Айнағұлов күміс жүлдегер атанды. Ал еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров қола медаль иеленді. Біз әлемнің вице-чемпионы атанған Демеу Жадраевпен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
Демеу, жеңісің құтты болсын! Денсаулық қалай? Әлем біріншілігінен кейін қалай демалып жатсың?
Рақмет! Бәрі жақсы. Құдайға шүкір ешқандай жарақат алаңдатпайды.Демалыс керемет өтуде.
Қателеспесем, әлем чемпионатының күміс медалі ірі жеңісің. Алтын алуға не жетпеді? Финалға шыққанда қолда күміс бар деп босаңсып кеткен жоқсың ба?
Иә, алған жүлделерімнің ішіндегі шоқтығы биігі осы жүлде. Мен үшін бұл біріншілік үшінші ӘЧ. Алдыңғы екі әлем чемптонатында жүлдеге іліге алмадым.Жеңіпазға сай шыдамдылық,сабырлылық,тактикалық қателік алтын алуға жеткізбеді. Ондай ой ойламауға тырыстым.Ол оңай болмады.Финалға шыққаныма қатты қуандым.Дене қыздыру бәрі ойдағыдай болды. Алайда белдесу барысында асығыстыққа бой алдырып алдым деп ойлаймын.
Алдағы жоспар қандай? Олимпиадалық салмаққа өту жағын ойлайсың ба? Мысалы 75 келіге өтуді.
Қазір сәл тынығып, қалыпққа қайта түсу керек.Содан кейін құрама бапкерлері берген демалыс біткеннен кейін, жаттығу жұыстарын қайта бастаймыз.Иә, ол жайында үнемі ой үстіндемін. Оң жамбасқа келетін 71 келі. Олимпиадаға баруды кез-келген спортшы армандайды ғой. Олимпиадалық салмаққа өтуді қалаймын. Ол үшін салмақты түсіру керек, я болмаса қосу қажет болады. Оны уақыты келгенде жеке бапкерім Боранбек Қоңыратовпен ақылдасамын.
Демеу, енді оқырманға отбасың, туған жерің мен өскен ортаң туралы айтып берсең.
1989 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда бір қыз, төрт ұл тәрбиелендік. Өскен ортам қазақы дәстүрді ұстанған. Ауылым ауызбіршілігі жарасқан, меймандос ел. Халқы өте керемет.
Күрес залына қалай бардың? Алғашқы бапкерің жайлы айтып берсең.
Алғаш рет бастауыш сыныпта күресе астадым. Шамамен 10 жасымда. Алғашқы бапкерім Жұмахан Тұргамбеков. Сол ағайдан күрес әліппесін үйрендім.Басында үйдің ауласында қол босап қалса кіші әкем Дәулетхан үнемі күрестіретін. Содан кейін, күреске мені беру керек деген әңгімені үйдегілерден естіп жүрдім.Сол әңгіменің аяғы күрес залынан бірақ шығарды. Және мен олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың ауылдасымын. Ағамыздың жеңістері маған мотивация берді. 2008 жылғы олимпиада ойындарын теледидар алдында отырып көрдік. Нұрбақыт ағамыз жеңіске жеткенде қатты қуандық. Ол кісі маған үнемі ақыл-кеңестерін айтып жүреді. Жастайымнан даңқты балуандарымыз Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымызды үлгі тұттым. Мектеп қабырғасында жүргенімде сол ағалардың газет-журналға шыққан суреттерін қиып алып жинайтынмын. Папкіме, күнделіктеріме жабыстырып мен де сол батыр ағаларымдай көк туымызды жоғары көтергім келді.
Неге күресті таңдадың? Қазақ балаларының велоспорт, жүзу, волейбол,баскетбол, футбол т.б спорт түрлеріне қызықпайтын сияқты.
Күрес өнері халқымыздың қанына сіңген спорт түрі. Сондықтан да көптеген қазақтың қара домалақ балалары сияқты менде күресті таңдадым.Ата-аналар көп жағдайда балаларым мықты болсын деп жекпе-жек спорт түлеріне беріп жатады. Ауылдық жерлерде сіз айтқан спорт түрлерінен үйірмелер некен саяқ. Сол себептен ауылдарға осы спорт үйірмелерін ашу керек.
Спортта қойған мақсаттарыңыздың бары белгілі. Ал өмірде қандай мұраттарға жетуді ойлайсыз?
Азат мемлекетімнің, қазақ елімнің дамуына өзімнің теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді.
Қазіргі қоғамда сені не алаңдатады?
Ұлттық валютамыз теңгенің құнсыздануы. Доллардың көтеріліп, азық-түліктің қымбаттауы, жастардың жұмыссыздығы. Сосын ресми кеңселердегі бітпейтін қағазбастылық.
Әңгімеңе рахмет. Жеңістерің көп бола берсін!
Сұхбаттасқан Қ. Тілеухан