– Әмина, бұған дейін сені анаңның ғаламторға жариялаған вайндары (бейнетаспа) арқылы танитынбыз. Ал қазір киноларға да түсіп жүрсің. Өзіңе киноға түскен ұнай ма?
– Әрине, ұнайды. Мен жақында «Келинка тоже человек» деген киноға түстім. Бұған дейін «Өгей жүрек» телехикаясында сіңлім Әдия екеуміз кіші-гірім эпизодта ойнағанбыз. Сондай-ақ биыл «Женатики» деген сериалға және әншілермен бірге жаңа жылдық бейнебаянға түстім.
– «Келинка тоже человек» фильміне түскенде қандай қиындықтар болды?
– Ешқандай қиындық болған жоқ. Керісінше маған киноға түскен қатты ұнады. Онда көптеген әртістермен таныстым.
– Әртістерден саған кімдердің ойнағаны ұнады? Кімді үлгі тұтасың?
– Актрисалардан Данагүл Темірсұлтанованы, Әсел Сәдуақасованың ойнағандары ұнады.
– Әртістер сені «біздің болашақ Әмина Өмірзақова» деп айтады екен. Әмина Өмірзақова апаң туралы білесің бе?
– «Келинка тоже человек» фильмінің түсірілімінде әртістердің барлығы мені «Біздің Әмина Өмірзақовамыз» деп еркелететін. Анамның айтуынша, ол кісі көптеген киноларда түрлі рөлдерді сомдаған. Әсіресе, комедиялық жанрда керемет ойнаған деп естимін. Болашақта мен де сол кісі сияқты актриса болғым келеді.

– Меніңше, сен де комедиялық жанрдағы киноларда жақсы ойнайтын сияқтысың.
– Барлығы маған солай айтады (жымиды).
– Анаң инстаграмға үнемі қызықты вайндарды жариялап отырады. Кейде видеоға түсуден жалықпайсың ба?
– Жоқ, жалықпаймын. Мен анама «видеоға түспеймін» деп айтқан емеспін. Керсінше бұл біз үшін өте көңілді әрі қызық.

Арай МАЛҒАЖДАР, Әминаның анасы: ҚЫЗДАРЫМ ТУРАЛЫ КОМЕДИЯ ТҮСІРСЕМ ДЕП АРМАНДАЙМЫН

– Әмина әлеуметтік желі арқылы арқылы танымал болған балалардың бірі. Адамның жүзіне күлкі үйіретін, қызықты вайн түсіру кімнің идеясы?
– Әмина дүниеге келгеннен бастап мен оны видеоға түсіріп жүрдім. Кейін сол видеоларды жоғалтып алмас үшін YouTube каналын ашып, соған салуды әдетке айналдырдым. Оның үстіне Әмина өте қылықты қыз болды. Кішкентай кезінен жануарлардың, ата-әжелердің, солдаттардың жүрістерін келтіріп, үйде бізге «концерт» қойып беретін. Екінші қызымыз Әдия дүниеге келіп, сәл өскеннен кейін екеуінің қызықты іс-әрекеттерін видеоға түсіріп, оның кейбірін инстаграмға салып жүрдім. Парақшамызда оқырмандар көбейіп, жұрттың қызығушылығы арта бастағаннан кейін кәдімгідей қызықты оқиғаларды ойлап тауып, оған арнайы сценарий жазып түсіретін болдым. Видетаспаға түскен Әминаның өзіне де ұнайды. Айтпақшы, видеоға түсіріп болған соң, міндетті түрде оған нәтижесін көрсетемін.

– Сәтсіз шыққан вайнды бірнеше рет қайталап түсіретін кездер бола ма?
– Жоқ, олай жасаған емеспіз. Алғашқы ойындары қалай шықты, солай инстаграмға сала беремін. Оның кейбірін жұрт ұнатады, ал кейбірін жақтырмайды. Елдің барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Кейбіреулер «балалардың әзілдері қызық емес», «қазақша сөйлемейді» немесе «бұл балалардың уақытын босқа өткізу ғой» түрлі пікірлер жазып жатады. Басында өзіміз жайлы айтылып жатқан жағымсыз сөздерді көңіліме алып, ренжитінмін. Кейін ондай пікір білдірген адамдарды блоктап, өшіріп тастайтын болдым. Ал қазір оған назар аудармаймын.
– Жұрт айтқандай расында да көбіне вайнды орыс тілінде түсіресіздер? Неге? Әлде қыздарыңыз қазақ тілін білмей ме?
– Неге? Қазақша да түсірген вайнадрымыз бар. Бірақ сөздің шындығы керек, отбасымызда көбіне орыс тілінде сөйлесеміз. Әрине, қазақ тілінде білеміз, түсінеміз. Бірақ балаларға әзілді орысша жеткізу жеңілірек сияқты болып көрінеді.
– Ал балалардың өздері әлеуметтік желіде отырады ма?
– Жоқ, қыздарым ғаламторға кірмейді. Бастапқыда оларға планшет алып бергенбіз. Бірақ Әдияның көру қабілеті нашарлай бастағаннан кейін, планшет, телефон сияқты дүниелерді оларға ұстатпайтын болдық. Олар парақшасында қанша оқырманы бар екенін, күніне қанша лайк жинайтынын, жұрт өздері туралы қандай пікір жазып жатқанын білмейді және түсінбейді. Тек YouTube каналдары бар екенін біледі.
– Осыдан кейін қыздарыңыздың танымалдылығы артқан шығар?
– Иә, кейде көшеде ел танып, бірге суретке түсіп жатады. Біз оған қарсы емеспіз. Әминаның өзіне де бұл жағдай ұнайды. Әминаның мінезі өте ашық. Бірден елмен тіл табысып кетеді. Күліп, суретке түсуге, елмен әңгімелесуге дайын тұрады.

– Меніңше, қыздарыңыздың танымалдылығы «Еуразия» арнасынан көрсетілетін Андрей Малаховтың «Пусть говорят» бағдарламасынан кейін арта түскен сияқты… Жалпы, бұл бағдарламаға қатысамыз деп ойламаған шығарсыздар?
– Дұрыс айтасыз, біз үшін күтпеген жағдай болды. Мұндай танымал бағдарламаға қатысамыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Бұл –ғаламтордың құдіреттілігі шығар. Әминаны танымал еткен бірнеше вайндар бар. Міне, солар арқылы Әмина тек Қазақстанға емес, Ресей халқына да танымал болыпты. Ал «Пусть говорятқа» қатысқаннан кейін қыздарымыздың танымалдылығы тіптен арта түсті. Бір қызығы, бағдарламаға бармас бұрын естелікке суретке түсу үшін алдымен Қызыл алаңға бардық. Сонда бір кісіден «бізді суретке түсіріп жібересіз бе?» деп өтіндік. Ал ол кісі болса: «О, бұл Әмина ғой. Сіздермен суретке түсіп алайыншы», – деп керісінше Әминамен суретке түсіп жатты. Сол кезде әкесі екеуміз қатты таңғалдық. Ал бағдарламаға барғанда А.Малахов бізді кұшақ жая қарсы алды. Өзіңіз де көрген шығарсыз. А.Малахов: «Əминаның əзілдері маған Whats’app арқылы келді. Риза болып, əбден күлдім. Өздеріңізге ұзақ уақыт іздеу салдық», − деп айтты. Осы бағдарламаға қатыстыру үшін біздің жол шығындарымызға дейін өздері төледі. Сөйтіп, балаларымызбен бірге Мәскеуді көріп, қыдырып қайттық.

– «Келинка тоже человек» фильміне қалай шақырту алды?
– Актриса Әсел Сәдуақасова біздің бір қызықты видеомызды өзінің парақшасында бөлісті. Содан кейін мен оған хабарласып: «Бірге вайн түсірсек қалай қарайсың?» – деп ұсыныс жасадым. Ол: «Қазір «Замуж в 30» деген кино шығайын деп жатыр. Сол туралы вайн түсірейік», – деп бірден келісті. Сәті түсіп, бірге вайн түсірдік. Сол кезде Әсел қыздардың актерлік қабілеттерінің бар екенін байқаса керек, кейін «Келинка тоже человек» фильміне кастингке шақырды. Біз кастингке қатысқан алғашқы үміткер екенбіз. Біз барғаннан кейін «Болды, басқа кастинг жасамаймыз. Әминаны рөлге бекітеміз», – деді. Сөйтіп, «Клинка тоже человек» фильмінде Әмина әртістермен басынан аяғына дейін бірге жүріп, өз рөлін жақсы алып шықты. Комедия жанры болғаннан кейін шығар, түсірілім жұмыстары өте көңілді әрі жеңіл өтті. Мен де арасында түсірілім алаңына барып тұрдым. Сонда әртістердің біреусі Әминанын еркелетіп көтеріп жатса, біреусі тамақ беріп жататын. Және режиссерлер де, актерлерде Әминаға бір ескерту айтқан емес. Соған қарағанда Әминаның ойыны көңілдерінен шыққан сияқты. Әсел Сәдуақасова: «Қызыңыз өте талантты. Түсірілім алаңында өзін үлкен актрисалар сияқты ұстады. Жұмыс барысында бала болып бір еркелеп, жылап немесе қиқар мінезін көрсеткен жоқ», – деп мақтады. Осы фильмнің операторы Макс Задорнский де Әминаның талантын ескеріп, жаңа жылдық бейнебаянға түсуге шақырды. Сөйтіп, Әмина Қазақстанның эстрада жұлдыздарымен бірге жаңа жылдық бейнебаянға түсті.

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жыл, №7 (241) санынан қысқартылып алынды)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу