Ұлт.кз

Саясаттанушы Айдос Сарым «Ұлт» порталына берген сұхбатында латын әліпбиіне көші туралы көлемді сұхбат берген. Juldyz.kz сайты А.Сарымның ақын, ҚР Қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жайлы айтқанын назарларыңызға ұсынады.

Тарихи шешім қабылданар тұста халық зиялы қауым өкілдерінің ой-пікіріне арқа сүйейді. Алайда жаңа бастаманы бұра тартып, көңілді әрі-сәрі күйге салып қоятындар да бар. Жақында ғана белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың латын әліпбиіне көшу мәселесіне қарсы шыққан бір сұхбатын көзім шалып қалды. Сүлейменовтің осынша шала бүлінуінен қандай да бір саяси астар іздеуге бола ма?

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

Шын мәнінде осы екі айдың ішінде бұл [Олжас Сүлейменов – ред.] ағамыз оншақты сұхбат беріп тастады. Бұл, шынын айтайық, аянышты жағдай. Ядролық қару технологияларында «Өлімнің алақаны» деген ұғым бар. Яғни, екі мемлекет бір-бірін ядролық қарумен бомабалап жатқан кезде, ұтылып жатқан ел осы «Өлім алақанын» іске қосады. Оның мақсаты – өзі жойылып кетсе де, барлық ядролық потенциалымен жауды да өзімен бірге ала кету. Олжекеңнің латынға қарсы шабуы – жас буынды тұншықтырып, кеңірдегінен ұстап, болашақ ұрпаққа қарсы қолданылып жатқан «Өлім алақаны». Өзі құрдымға кетіп бара жатса да, жаңа ғана еркіндік алып, енді ғана тарихи руханиятымен танысып, жаңа рухпен тыныстап жатқан ұрпақты өзімен бірге алып кетуге тырысқандай әсер қалдырады. Олжас Сүлейменовтың әрбір сұхбатын өз басым осындай отарлық «Өлім алақаны» технологиясымен салыстырамын.

Мынаны баса айту қажет: Олжас Сүлейменов – өте-мөте трагедиялы тұлға. Бұндай типаждар патша заманында да, совет заманында болған. Бірақ оның дәуірі мен дәулеті өтіп кетті. Қалай өтіп кеткенін өзі де байқай алмады. Біресе мәңгіп жүрді, біресе ләйліп жүрді, талай жыл шетелде елші болып жүрді. Осы арада елінің, қоғамының қалай өзгеріп, қалай дамып кеткенін өзі де түсініп, сезініп, ұқпай қалған болар деп санаймын. Сонысымен қоймай, өзіне жат, өзін жақсы көрмейтін, сыйлай бермейтін қазақ жастарын, жаңа қазақ ұрпағын, Тәуелсіздік ұрпағын қайтадан өзіне әбден жатық, түсінікті «орыс-қазақ», «орыс-түркі», «еуразиялық» кеңістікте қалдырғысы келеді. Орыстілді аудитория «Олжас! Алжас Амарович!» деп арқасынан қағып, көсем қылған сайын есіріп, адуындап бара жатқнадай. Ең өкініштісі, орыстілді билігіміздің өзі де осыған көп сеп болады. Классик ақын, қайраткер деп қолтығына су бүркиді. Семіздікті қой ғана көтереді, онда да қойдың қарасы деген қазағым қандай көреген халық екен деп қайран қаламын кейде! Осы ағамыздан көсем қылғанды қойып, әрбір айтқанын пайғамбардың хадисіне теңестіргенді қою қажет. Айтқысы келсе айта берсін, бірақ оған да тиісті бағасын беріп отыру керек.

Ақын деп жүргеніміз бүгінгі Олжас емес, кешегі Олжас. Оның соңғы рет өлең жазғанын көргендер бүгін зейнетке шығып жатыр керек десеңіздер! Қатардағы қоғам қайраткері, онда да Ресейдің сойылын соғып, орыстілді саясатты жүргізіп отырған қайраткер. Мен де, сіз де, оның аузына қақпақ бола алмаймыз, алайда оның әрбір сөзіне үңіліп, ду қол шапалақтап жатудың еш қажеті жоқ.

Мен осы Олжекеңе қатысты бұрын да екі мысал келтіріп едім. Біріншісі. Біз бүгінде түн уақытында далаға шығып, жұлдыздарға қараймыз. Біздің көріп отырғанымыз ықылым заманда өліп кеткен алыс ғаламдардағы жұлдыздардың сәулесі. Бізге жетем дегенше сәуле шашқан әлгі жұлдыздар өліп кеткен. Сүлейменовтікі де сол сияқты. 1960-1970-ші жылдардағы жетістіктері мен өлеңдерін әлі саудалап жүр, қазір кім екенін түсінуден де қалдық. Ақын ба? Өлең жазсын. Себебі ақынның ұлт алдындағы бір ғана миссиясы бар: ол – ұлт рухын көтеретін, адам этикасы мен эстетикасын жаңартатын жақсы, сапалы өлең жазу. Ғалым ба? Онда ғылыми негіздерге сүйеніп айтсын. Себебі Олжастың көптеген жазбаларын өз басым ғылым емес, саяси-филологиялық публицистикаға жатқызамын. Әрбір елде ондай «ғалымдардың» саны көп, дорбасы жүз теңгеден сатылып жатады. Анатолий Фоменко, Лев Гумилев, Александр Дугин сияқты еуразияшылдардың бірі ғана. Қайталап айтамын, бұлар ғалым емес, Ресей империясының диірменіне су тасып (саналы-санасыз) жүрген саяси идеологтар. Бұлардың бірі де қазақтың жайын ойлап, күйін күйттеп жүрген жоқ. Қазақты тек Ресеймен бірге, Ресейдің қол астындағы халық ретінде ғана көретін өткелең уақыттың базардан қайтқан персонаждары.

Екіншісі былай. Мысалы, бір адам көшеде келе жатып, екінші қабатта үйдің отқа оранып, ішінде балалардың тұншығып жатқанын көріп қалды делік. Бірден, ойланбастан терезеге секіріп мініп, өрттен үш баланы алып қалды делік. Оны жұрт марапаттайды, құрметтейді, «батырсың» деп мақтап, көкірегіне салпыншақ тағады. Артынан, бір-екі жыл өткен соң әлгі батырымыз ішіп алып, басқа көшедегі кәмелетке толмаған баланы зорлап кетсін делік. Сонда жаңағыны не деуіміз керек? Батыр ма, әлде педофил ме? Қайсысы басымырақ? Батырлығы ма, әлде педофилдігі ме? Сол сияқты, Олжас Сүлейменовке әке-шешеміздің кезінде құлай сүйген, махабатқа толы көздерімен емес, ұлттық мүдде мен ұлттық миссияға адалдығы тұрғысынан қарайтын кез келді. Әрине, жаңа замандағы позиция тұрғысынан.

Әңгімелескен Айбол Исламғалиев

Пікір қосу