Маржан Аспандиярова қоғамдық — саяси өмірде маңызды саналған талай сот процесстерінде жұмыс жасаған заңгер. Маржан Аспандиярова қоғамда қызу талқыланып жатқан Шымкент қаласындағы Н. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның ісімен айналысып жатыр. Гүлжан Сәлімбаева міндетінен тыс жұмысқа тартылғанын және қысым көргенін БАҚ-қа айтқан болатын. Тіпті тепкіге түскенінде айтқан. Перезидент Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрған ұстаздың үстіне аталған мектеп басшылығы шағымданып, іс сотта қаралып жатыр. Біз осы орайда істің мән жайын заңгер Маржан Аспандияровадан сұрап білген едік.
Маржан Аспандиярова, заңгер:
Шымкенттегі мұғалім Гүлжан Сәлімбаева басшылықтан жәбір көргенін, мектепте әділетсіздіктің белең алып бара жатқанын көпшілікке жария етті. Мектеп директорларының қарауындағы педагог кадрларды өз міндеттеріне жатпайтын жұмысқа салатыны еш құпия емес. Жоғарыдан жеткен тапсырманы, оның білім , тәрбие беруге қатысы болмаса да, қалайда орындауға мектеп басшысы өзін міндетті санайды. Олай етпесе, мансабынан айырылады. Біздегі жүйе солай. Біз мәселенің мәніне тереңірек үңіліп көрейікші. Мемлекеттің қандай болатындығы мектепке байланысты. Өйткені, мемлекетті басқаратын, оның құрылымдарында қызмет атқаратын, тіпті сол мемлекетте өмір сүретін адамдардың бәрі мектептен түлеп ұшады. Кез-келген адам осы мектепте алғаш әріп таниды, білім алады, тәрбие көреді. Мектеп өркениет көшіне ілескен, сапалы білім, саналы тәрбие дарытатын орта болса, онда одан тәрбиеленіп шыққан түлектер ертеңгі күні мемлекетті, тұтас қоғамды дұрыс жолға салады. Өзінің азаматтық құқығын қорғай алмайтын ынжық, тәуменді, білімсіз, жалтақ, жағымпаз, жемқорлыққа былғанған мұғалімнен оқыған оқушыдан елге жанашыр тұлға шықпайды. Қоғам да одан әрі бүлінеді. Міне, осыны түсінген мұғалімдер құрдымға кетіретін жүйеге, заңсыздыққа, әділетсіздікке ашық қарсылық білдіре бастады. Әрине, олардың мұндай тыныштықты бұзғаны үшін өздерінің қудалауға түскені де себеп болады. Г.Сәлімбаеваның өтініші бойынша оған қол ұшын беруді жөн көрдім. Іске араласуымның негізгі себебін осыдан іздейік.
Рас, мектеп мемлекетке тәуелді. Сондықтанда жоғарыдағы сөзімізге қарсы пікір айтылуы мүмкін: мемлекет қандай болса, мектебі сондай болады деп. Ал қазіргі мемлекетке қандай мектеп керек? Күнделікті өмірден көретініміз мынау: директор әкімдікке, мұғалім директорға тәуелді. Қатардағы немесе басшылық қызметке болмасын кіру үшін пара беріледі. Көп жердегі ақиқат осындай. Мектептің жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына бөлінетін қаржы мардымсыз және ол орта жолда одан әрі ортайып қалады. Соның салдарынан ата-аналардан ақша жинау ашық та жасырын да жүргізіле береді. Қазіргі мемлекет үшін мұғалімдер басыбайлы құл сияқты. Білім туралы заңның 51 – бабы 4- тармағында : « Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» — делінген. Алайда көптеген мектеп басшылары қызмет бабын пайдалана отырып, мұғалімдерді міндеттерінен тыс жұмысқа жегетіні белгілі. Өз кезегінде, мектеп директорлары аудан әкімшіліктеріндегі мырзалардың жұмсаған шаруасына шапқылап жүреді. Бұл жағдай бұрыннан қалыптасқан. Билік мұғалімдердің қолымен сайлауда қылмыс ұйымдастырып, өзіне керек адамдарға дауыс бергізеді. Билік осы тенденцияны сақтап қалуды, мұғалімдердің бас көтеруіне мүмкіндік бермеуді ойлайды. Кеше Айман Сағидуллаева, бүгін Гүлжан Сәлімбаева шықты. Ертең басқалары да бас көтереді. Өйткені мұғалімдердің қадірін ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер, биліктің жоғарыдан төменге дейінгі жүйесі, шолақ белсендіге айналған директорлар кетірді. Қысымға, жемқорлыққа, билеп төстеуге көнбесе, жұмыстан қуылады, күн көріс көзінен айырылады. Сондықтан айтқанымызға көнеді, айдағанымызға жүреді дейтін сенім орныққан. Бір замандарда құлдар көтерілді. Тарихты ұмытты бұлар. Ал саналы, білімді азаматтардың тым ұзақ уақыт өктемдікке, мәжбүрлеуге, ар-намысын таптата беруге шыдауы, қарсылық танытпауы мүмкін бе? Мүмкін емесіне жоғарыдағы мысалдар дәлел. Мұндайда биліктегілер не істемек? Өздеріне лайықтап құрған жүйені сақтап қалу үшін соттар арқылы заңсыздыққа, әділетсіздікке баруы, қарсылық танытқан мұғалімдерді директорлармен бірге жазғыруы тиіс пе? Не істемек керек? Бұл енді саяси шешімді талап етеді. Істі қарайтын судьялар қудалаушыларды жақтап кетсе, қарсылық онымен басылмайды. Қайта өрши түседі. Айман Сағидуллаеваның ісі оңды шешілді. Қоғам оны дұрыс қабылдады. Мектеп те бүлініп кеткен жоқ. Егер мұғалім жергілікті соттан әділет таппаса, ол іс әлі күнге дейін халық назарын өзіне бұрып, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік орындардың тыныштығын кетірер еді. Бәріне тәуелді, бәріне мақұл дейтін, бәріне көнгіш мұғалімдер жаппай бас көтерсе, ертең оларды халық қолдайды, мұғалімдермен қоса көтеріледі. Педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету арқылы ғана осындай келеңсіздіктердің алдын алуға болады.
Гүлжан Сәлімбаеваның ісі жөніңде айту ертерек болар. Алайда, министр Сағадиев мұғалімнің арызын тексеруді сол Онтүстік Қазақстанның білім беру басқармасына тапсырғаны үлкен қателік болды. Заң бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адам мемлекет қорғауында болуы тиіс, ал біздің мұғалім, керісінше, зардап шекккені аз болғандай, енді өзі жауапқа тартылып отыр. Дәлелдемелеріміз жеткілікті, оларды қабылдау- соттың құзырында. Бұл процесс қоғамның назарында, еліміздің тіпті шалғай жатқан ауылдық мектептердің мұғалімдері Гүлжанға қолдау көрсетіп жатыр. Яғни, ұстаздардың азаматтық сезімдері ояна бастады. Бұл – жаңа құбылыс, қоғамдағы жақсы өзгерістерге қарай бір қадам деп ойлаймын.