– Бақыт, «Қайталай беремін атыңды» атты бейнебаяныңызға отбасыңызбен түсіпсіз. Бұл жарыңыз Қайраттың идеясы ма?
– Негізі менің бұдан бөлек үш бейнебаяным бар. Бірақ ол клиптерімнің сапасы онша жақсы болмағандықтан жарнамаламадым. Ал сіз айтып отырған бейнебаянды түсіретін кезде бірнеше клипмейкермен ақылдастық. Сонда барлығы да «бұл клипке жарыңыз да түсу керек», – деді. Ал мен отбасылық жағдайды сахнаға шығару, клипке түсіру дегенді онша қолдамадым. Қайрат та оған келіспеді. Бірақ олар: «Қайрат танымал актер. Сізді көбісі Қайраттың жары ретінде біледі. Сондықтан бейнебаянға жарыңыздың түскені дұрыс», – деді. Содан кейін амал жоқ келістім (жымиды). Және ойда жоқта бейнебаянға кішкентай қыз да түсетін болды. Ол бүлдіршінді жұрттың барлығы біздің қызымыз деп ойлапты. Ал шындығына келгенде ол бізге коттеджін жалға берген кісінің қызы еді.
– 7 сыныптан бастап Атыраудағы өнер академиясында оқыпсыз. Бұл мектепке ауысқаннан кейін өміріңіз тіптен өзгерген шығар?
– Мен 7-сыныпқа дейін Атыраудағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектепте оқыдым. 6-сыныпта оқып жүргенімде «Атырау облысының мәдениет күндері» деген үлкен байқауға қатыстым. Сол байқауда мені байқап қалса керек, Өнер мектебінің директоры мені өз мектептеріне оқуға шақырды. 6-сынып бітіргеннен кейін Өнер мектебіне ауыстым. Және бара салысымен 1-қыркүйекте «Ағажан ләтипа» деген әнді айттым. Сол кезден-ақ Қайрат мені ұнатып қалыпты. Қайрат менен екі сынып жоғары оқыды. Кейін танысып, дос ретінде араласып жүрдік. Ол өте ұшқалақ, көп сөйлейтін, ақ көңіл бала еді. Онысы маған ұнамайтын. Және кілең қыздармен дос болатын. Қыздар оны өте жақсы көретін. Ол маған көпке дейін сезімін білдіріп, хат жазып жүрді. Ал мен екеуміздің мінезіміз екі түрлі болғандықтан ба, оны мүлдем қабылдай алмадым. Кейін ол оқуға Алматыға кетті. Бірақ сонда да маған хат жазуын тоқтатпады. Сөйтіп, ол сегіз жыл маған көңілін білдіріп, келісімімді күтті. Кейін Алматыға оқуға тапсыруға келдім. Сол кезде де қамқорлық танытып, қасымнан табылды. Содан бастап оның жақсы адам екенін түсіндім. Бірақ неге екенін бәрібір оны болашақ жарым ретінде қабылдай алмадым. Осыған ол қатты күйінген болуы керек бір күні ол: «Бақыт, мен сенің қасыңда жүруден шаршадым. Егер расында да менде көңілің болмаса, мен кетейін. Сен маған бір жауабыңды айт», – деді. Сол кезде ғана мен оған бауыр басып қалғанымды түсініп, «жарайды» деп келісімімді бердім. Содан бір жарым жылдай қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Ал қазір оған тұрмысқа шыққаныма еш өкенбеймін және олсыз өмірімді де елестете алмаймын.
– Жарыңыз Қайрат елге белгілі актер. «Әзіл әлемі» театрында үнемі әйелдер туралы, отбасылық мәселелер жөнінде монолог оқиды. Және барлық монологын «Менің әйелім…» деп бастайды. Сіз бұған ренжімейсіз бе?
– Осы сұрақ маған жиі қойылады. Шынын айту керек, оның айтып жүрген монологтарының көбісі менен алынған. Киім туралы болсын, бояну туралы болсын… Өйткені үнемі қасында жүретін әйел мен ғой. Идеяны алады да, ары қарай әр түрлі элементтер қосып, қызық қылуға тырысады. Басында қарсылық бідірмейтінмін. Бірақ кейін студенттерімнің: «Апай, сіз үйде расында да сондайсыз ба?» деген сияқты сұрақтары көбейе бастады. Содан кейін мен де Қайратқа: «Бәлкім, әйелдер туралы монологты кішкене қысқартып, басқа тақырыптар туралы да айтарсың», – деп ескертіп көрдім. Бірақ, әйелдерді сахнада келемеждеу, мазақтау әртістердің әдеті ғой. Әрі мұндай тақырыптарды көрермен де жақсы қабылдайды. Сондықтан оның шығармашылығына көп жағдайда түсіністікпен қараймын.
– Қайраттың оқыған монологтары сізге ұнай ма?
– «Барлығы ұнайды» деп өтірік айта алмаймын. Жалпы, қазір «Әзіл әлемі» театрының концертін көп көрмеймін. Себебі кейбір әзілдері ұнамайды. Оны өздеріне де талай айтқанмын. Концерттеріне қатысқан кезде менен: «Бүгінгі кешіміз қалай өтті?» – деп сұрайды. Сондай да өтірік мақтамай, мәймөңкелемей «бос сөз көп боп кетті, тым мыжып кеттіңдер» деп турасын айтамын.
– Жарыңыз сіздің өнеріңізді қолдай ма?
– Қолдағаннан кейін шығар, осылай ән жаздырып, бейнебаян түсіріп жүргенім (жымиды). Бұл жағынан жарыма ризамын. Қайрат қолынан келгенінің барлығын жасап, өнерімді дәріптеуге көмектесіп жатыр. Кейде «егер Қайрат болмағанда өнерге келмес пе, сахнаға қайта орлмас па едім?» деп ойлаймын. Аллаға шүкір, ол менің өнерімді түсінеді және қолдайды. Мен де қолымнан келгенінше оған қолдау көрсетіп, өнердегі жетістігіне мақтау айтып, аздаған кемшіліктері болса ескертіп отырамын.
Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!
(«Жұлдыздар отбасы» журналының
2017 жыл, №12 (246) санынан қысқартылып алынды)
Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!