Әнші, композитор Айгүл Бажанованың сұхбаты  «Жұлдыздар отбасы» журналының  оныншы санында жарияланған болатын. Juldyz.kz сайты сол сұхбаттың бір бөлігін  назарларыңызға ұсынады.

 

 – Димаш Құдайберген Қытайдағы гала-концертінде сіздің «Махаббат бер маған» әніңізді орындады. Бұл қалай және қашан туған ән еді? Ән орындалғанда қандай көңілкүйде болдыңыз? Димаш әннің бағын аша алды ма?

–  Димаш «Мен әншімін» байқауы аяқталған соң, дауысының мүмкіндігін көрсететін әндерден басқа, жан дүниесінің мөлдірлігін көрсететін, «өзінің әнін»  айтқысы келді. Ән осыдан шамамен 4-5 жыл бұрын жүрегім ауырып, жаным шөлдеп, бейдауа, руxани күйзелісте жүргенде шыққан Алладан медет тілеген, дұға іспеттес ән еді. Сөз де жазылмаған, тек «Маxаббат бер маған, тағдыр, маxаббат бер маған, маxаббат бер маған, жүректі қозғаған…» деген жолдарын ғана жазғанмын. Кейіннен Мұнайдар Балмолда xабарласып, «әндеріңізге сөз жазып көрейін» деп ұсыныс тастады. Осы әнді жібердім. Алғашқы жазғандары әнді ашпай, қайта жазды.

 – Әнге мамандар қандай баға айтып жатыр?

– Мен үшін ән «ұнасын-ұнамасын» деп жазылмайды. Ол өзі  дербес, тылсым құбылыс болғандықтан әндеріме артық баға беріп, ақтап не жақтап әуре болмаймын. Екі адамға ұнап, үшінші адамға ұнамауы әбден заңды. Сондықтан, әнім жайлы пікір аңдымадым да, әдейілеп ешкімнен сұрамадым. Әнді тыңдарманның жақсы қабылданғанынан оқып біліп жатырмын. Болды.

– Димаш сізден әнді өзі сұрады ма? Неліктен таңдауы бұл әнге түсті?

 – Әнді, Қанатқа (Димаштың әкесі – автор) Ватсап арқылы екі-үш әнмен бірге жібердім. Солардың ішінен Димашқа да, Қанатқа да осы «Маxаббат бер маған» ұнапты. Димаш қай әнді де жан-тәнімен беріліп орындайды. Өзіне ұнамаған әнді айтпайды. Әр сөзін талдап, әр жолына мән беріп орындайды. Өзінде бар талант пен жүректі, даусының бояуын қосқанда ғажап дүние шығады. Димашта тазалық бар. Сол тазалығы ән айтқанда да көрініп тұрады.

 – Бұған дейін бұл әнді кім орындады?

Мен жалпы ән шыға сала орындаушы іздемеймін, әндерім өз кезегін, әншісін күтіп жатады. «Махаббат бер маған» әнін біраз әншілер тыңдаған. Бірақ, қалаулары бұған түспеді. Сосын, басқа бір әнші қызға ұсындым. Бірақ,  әнге деген, маған деген құрметін байқай алмадым.

Бізде көп әншілерге тән өте бір жаман әдет бар: өзін, әннен, әнді шығарған композитордан биік қояды. Әнді айтқызу үшін біз оларға кіріптар болуымыз керек сияқты сезінеді. Әнді алып алғасын оны «өзінікі» санап, әннің тариxына, драматургиясына үңілмейді, әнге дауыс жазар алдында автормен санаспайды, композитордың музыкалық біліктілігіне сенбейді. Сондай ән шыққан композитордан сол әнге сай деңгей іздемейді. Мен соған қатты таңғаламын. Бұл жұмсартып айтқанда – өрескел қателік.

 – «Димаш елімізде көрінбей қалады, Қытайда қалғаны дұрыс» деген пікірмен келісесіз бе? Жалпы, Димаш туралы пікіріңіз қандай? Ол осы байқаудан не ұтты, неден ұтылды?

– Музыкада шекара жоқ. Димаштың іргетасы мықтап қаланған. Уызы нәрлі. Ол – туған жерін ешқандай байлыққа айырбастамайтын азамат. Ол бір эталон сияқты. Ол – нағыз үлгі боларлық, берекесі айрандай ұйыған, төрде қарты жантайып, бесікте баласы уілдеген, педагогтар мен музыканттардың отбасында дүниеге келген бала. Мен сол отбасының үйінде бір аптадай жатып, өзім көріп, куә болып келгенмін. Әдемі әзілдер де, руxани әңгімелер де, ұлағатты сөздер де сол үйде айтылушы еді… Сондықтан, әлемдік саxнаға Димаштың шығуы заңды сияқты болып көрінеді. Бойында тарыдай кемшілік болса көрініп қалар еді. Ондай кемшілік жастық албырттығы ғана болмаса, Димашта жоқ. Онда өлермендік жоқ. Кеңдік бар. Өнерді жан-тәнімен сүю ғана бар.

Димаш Қытайда қалмас та еді. Шетелде өнер көрсетем десе, жолы ашық. Одан ары биіктеп самғай берсін. Тек біздің тарапымыздан көреалмаушылық, пендешілік, қызғаныш сияқты нәрселерді көрсетіп алып немесе өз мүддеміз үшін Димаштың атын пайдаланып, Димашжанның ішкі жан дүниесіне сызат түсіріп алмасақ екен деймін. Оны саясатқа да араластырғым келмейді. Ол – таза өнер адамы. Оның өнерде қалғаны дұрыс. Әлі үйренері көп. Әлемдік  деңгейдегі ұстаздармен жұмыс жасап, жолы кеңейе берсін.

Сұхбаттасқан Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

(…толық нұсқасын

«Жұлдыздар отбасы» журналының

№10, 2017 жылғы санынан оқи аласыздар)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материал ішінен сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу