10 мамыр күні Үндістанның Нью-Дели қаласында күрестен Азия чемпионаты басталған болатын. Ал бүгін, чемпионаттың соңғы күнінде ел қоржыны тағы бір алтын, бір күміс, екі қоламен толықты. Бұл туралы juldyz.kz хабарлайды.
Сайыстың алғашқы күнінде-ақ Ерұлан Ысқақов қола, Дамир Күзембаев пен Алмат Кебісбаев күміс, Мақсат Ережепов алтын медальға ие болған.
Бүгін 70 кг дейінгі салмақта қазақстандық Ақжүрек Таңатаров Өзбекстаннан келген Ихтиёра Наврузовтан басым түсті. Ақтық кезеңде қарсыласынан басып түсіп, қазақстандық спортшы – Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, Азамат Дәулетбеков күміс, Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков қола жүлде жеңіп алды.
Ақжүрек Достықұлы Таңатаров – 1986 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген спортшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.