Шоқан Уәлихан – жас әнші, композитор. М.Әуелбекованың «Бірге жанымыз», «Туған ел»,  К.Жолдыбаеваның «Сен мұңайма»,  КешYOU тобының «Қалай ғана» әндерін жазған. Өзінің жеке репертуарында  «Ұнап қалдың» атты әні тыңдармандардың көңілінен шықты. Желілерде кеңінен танымал болған Шоқан «Қазақстан дауысы», «МұзАРТ live» жобаларында бақ сынаған. Әнші шығармашылығы мен жоспарларын juldyz.kz порталымен бөлісті.

– Шоқан Уәлихан – біздің оқырмандар үшін Жаңа есім. Өзің туралы толығырақ айтып берсең…

– Туған жерім – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы. Әкем Уәлихан – ҚР Мәдениет қайраткері, музыкант, дауылпазшы. Солай бола тұра «өнерге бар» деп еш уақыт айтқан емес. Дегенмен қан жібермейді екен (күліп). Ес білмейтін кезімде гитараны қолым қанап кеткенше тартып, кейін бинтпен орап, жазылғаннан кейін тағы ойнайды екенмін. Содан болу керек тез үйреніп кеттім. Гитарамен бұрыннан доспын. Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіндегі (РЭЦК), ұрмалы аспаптар бөлімін бітірдім.

– Нұржан Керменбаевпен жұмыс істеп жатыр екенсің….

Иә, қазір Нұржан ағаммен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ арамызда ешқандай қағаз жүзінде келісімшарт жоқ. Ондай келісімшартсыз келісіп жұмыс жасаймыз. Маған үнемі қолдау көрсетіп тұрады, музыка жазу жағына келгенде еркіндік береді. Ал жүріс-тұрысыма аздаған шектеу қояды. Оның өзі ағалық қамқорлығынан деуге болады.

 

– Сенің композиторлық еткен әндерің тыңдармандардың көңілінен шығып жүр. Ал өзіңнің ән қоржының неге толықпай жатыр?

Менің орындауымдағы әзірге жалғыз ән – «Ұнап қалдың». Желідегі пікірлерге назар аударсам, тыңдарман жақсы қабылдаған сияқты. «Батырлар» деген жаңа әнімді «Turkvision» сайысына дайындап жатқанмын, неге екені белгісіз, болмайды деген хабар келді. Қазір «Бұл қалай» деген жеке ән жазып жатырмын. Сөзі Бақдаулет Арыстандікі, әні өзімдікі.  Ал «Ұнап қалдың» әнімнің сөзін Серікбол Сұраншиев жазды, бірақ өзім мәтінге түзетулер енгіздім. Кейде солай кірісіп кететін әдетім бар. Себебі, ақындар көбіне мәтінге мән береді, мен оны музыкалық жағынан қараймын: дыбыстарды ашылатындай етіп, айтылу жағына қарай тартамын.

– Қазақ эстрадасында әнші көп. Немен ерекшеленемін деп ойлайсың?

 Өзімді ерекшемін деп айта алмаймын. Дегенмен өз әнімді өзім жазамын, өзім орындаймын, шығыстың иірімдерін жақсы  меңгердім, өзімнің әлемім мен әуенім бар, композитормын, аспаптарда ойнаймын, сосын солақаймын  де-е-п  мақтанып кетсем… (күліп). Бар болғаны осы. Бастысы – өнерім таза, ал тазалығым – ерекшелігім болатын шығар. Қарапайым жүргенді жақсы көремін.

Нұржан ағамның «Жылайды жүрек» әнін мен орындауым керек болған

– Әдетте жаңа эстрадаға қадам басып келетін әншілер түрлі концерттерден қалмайды. Тыңдармандарыңды қалыптастырып келе жатырсың, радиорналардан дауысың көпшілікке таныс, мерекелік концерттерден көрінбейсің. Неге?

Емін-еркін «өзіме ұнайдымен» жүре берсем, продюсермен жұмыс жасаудың да керегі жоқ болар еді. Эстрадаға жаңа қосылып келе жатқандықтан, маған жөн сілтеп, жол сілтеп отыратын адам керек. Екінші жағынан, әр жерге бір сұғанақтанып жүргенді Нұржан ағам түгілі, өзім де қаламаймын. Орнымен жүрген дұрыс қой. Тойларға да шықпаймын. Барлығы өз ретімен болуы керек, Алла абыройдан айырмасын. 

– Көлігіңде өз әндеріңді тыңдайсың ба? Қаншалықты жиі?

Мен өзімді қатты жақсы көремін. Бірақ көлікте достармен я басқалармен кетіп бара жатқанда, ұялы телефоныма қоңырауға өз әнімді қою деген сияқты әрекеттерді мүлдем жасамаймын. Үнемі ізденісте жүрген ұнайды, көптеген шетелдік композиторлардың жаңа альбомдарын басып аламын да, көлікте соларды тыңдаймын. Жаңалықтарды іздеп жүремін. Мен МұзАРТ-ты тыңдап өстім. Әлі күнге солай. Арасында ғана өзімнің әндерімді де тыңдап тұрамын.

– Қызық екен…  

Орайы келгенде айтайын. «Талғамда талас жоқ» деп жатады… Нұржан ағамның «Жылайды жүрек» әнін басында мен орындауым керек болған. «Шоқан, студияға барып сол әнді жазып кет» деп ағамыз талай рет айтып, ескертіп жүрді. Неге екенін білмеймін, көңілім қаламады. «Бұл әнді жазғым келмейді, өзіңіз жаза беріңізші, аға» дегеннен кейін өзі бір түнде жазып тастады. Бәрі дайын болған кезде, аяқасты «04:29» фильміне саундтрек ізделініп жатыпты. «Жылайды жүрек» дәл келе қалды. Өкініш жоқ. Нұржан ағаның орындауында хит болды ғой. Қуаныштымын.

Алматы бәрін өз орнына қояды екен

– Жалпы қандай әнді болмасын тірілтіп жіберетін әншілер бар… Сондай деңгейге жету үшін қандай жұмыстар жасау керек деп ойлайсың?

Әншілік мінезге байланысты. Мысалы, өзім үшін үлгі – Сәкен ағамды алайықшы. Ол кісі ән айтады, ұрысады, айқайлайды, әзілдейді. Бірақ ешқашан ешкімнің көңілін жыққан емес. Сәкен ағама қараймын да, болашақтағы өзімді көргендей боламын. Себебі, өмірімізде ұқсас дүниелер көп екен: оқудан бір шығып, қайта кіргені; оны 3 жыл қатарынан вокалға қабылдамай, ағамыздың ұрмалы аспаптар бөліміне тапсырғаны; түбі қайта әншілікке келгені. Менің өткен өмірімдегі оқиғалар тап осылай өрілген. Вокалға тапсырып жүрген кездері «Мы тебя знаем, поющий пацан» дейтін де түрлі себептермен қабылдамайтын. Сәкен ағамен осындай ұқсастықтарымыздың болуы қуантады. Алла бойыма өнер дарытқан екен, шүкір, соны дамыту жолында әрекет етемін.

– Өнердің биік шыңына шығу үшін тек талантты болу жеткіліксіз сияқты…

Дұрыс айтасыз. Алматыға «қырам-жоям» деп келген көптің бірімін. Келген соң өзім сияқтыларды, өзімнен мықтыларды көрдім. Алматы әр адамды орнына қояды, кейбірін сындырып та тастайды. Өзімнің мүмкіндіктерімді жақсы білемін. Сондықтан тым сенімді жүретінмін. Ол дұрыс емес екен. Қазір жинақталып келе жатырмын. Себебі, сол қасиет түбі тәкаппарлыққа әкеп соқтыратынын ұғындым. Бір ғана мысал үшін айтайын, Қызылордада өте талантты, мықты әнші бар. Бірақ мінезі бар ешкімді мойындамайтын… Тасада отырғаны сол мінезінен болар. 3-4 мыңға тойларға шығады, өзінің аппаратурасы бар. Ең қиыны өзінен 10 есе әлсіз, тіпті музыканың сезбейтін орындаушылар келеді де «Бауырым, аппаратыңның даусын жай қойшы» деген кезде жаның ауырады ғой. Сондай дәрежеге түспеу керек, өз биігіңді табу керек деп шештім. «Көкірегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді» деген сөз бар хадисте. Әнші болғаннан бұрын адам болуға, кішіпейіл болуға ұмтылатын болдым, себебі әнім мен өскен сайын өсерін білемін және үздіксіз жұмыс жасаймын.

Барлық қуанышымның өлшемі бірдей

– Өзіңе ұнамайтын, мүмкін жеңе алмай келе жатқан қасиеттерің бар ма?

Бар. Тіпті көп. Маған түнде отырып ән жазған ұнайды. Сондықтан қазір күн мен түнім ауысқан. Ризық беруші Алла ризығын таң атқанда береді екен. Соның барлығынан айырылып қалып жүрмін. Тез ашуланамын. Бірақ кек сақтамаймын. Шыдамсыздығым тағы бар.

– Ең қиналған және ең қуанған кездеріңді есіңе түсірші?

Былтыр әкемнің жүрегі ауырып, ота жасау керек деп реанимациядан бірақ шықты. Сол кезде қатты қорықтым. Ал қуанған кезім… Көлік алғанымда бір қуанғанмын. Бірақ қарап отырсам, менің барлық қуанышымның өлшемі бірдей екен. Қатты қуана алмайды екенмін.

– Өз дегеніңді қаншалықты жиі жүзеге асырасың?

Аңқау жігітпін. Қыз болсам қиын болар еді (күліп). Кейде бір сынып қалатын сәттерім болады.

– Мысалы?

Бейнебаян түсіретін болдық және ол бір фильмге саундтрек болады деп шешілген. Нұржан аға керек деген адамдармен сөйлесіп берді. 3 күн ұйықтамай соған бел шеше кірісіп, тура мағынасында маңдай терімді аямай шапқыладым. Көп нәрсе білмедім, қатты қиын болды. Таптырмайтын газельдерді тартып, камераларды тауып, тіпті «грузчик» те болып кеттім.     Майда-шүйде болғанымен күш пен уақытыңды сарқатын дүние… Не керек 3 күн, 3 түн дегенде түсіріп біткен дүниеміз дайын болған кезінде Гәккуге апарып өткіздім. Сол күні кешке көрсететін болды. Бірақ түстен кейін хабарласып, клиптің шығуына рұқсат берілмейтіндігін айтты. Сонда еңбегімнің зая кеткенін түсіндім, сағым сынып, тауым шағылып қалғандай күй кештім.

Болашақ жарым Сәкен ағаның жұбайындай болуы керек

– Жас әнші жігіт болғандықтан, тыңдармандарыңның дені – қыздар. Енді сол бикештер үшін қызық сұрақтарға көшейік. Жиі ғашық боласың ба?

Негізі жиі ғашық боламын. Бірақ тез ұмытамын. Дұрыс емес екенін білемін.

– Қыздарды қатты ренжіткен кездерің болды ма?

Жоқ. Ондай болмады. «Тастап кету», «лақтырып кету» деген сөздерді жек көремін, ондай әрекеттерді де құптамаймын. Бәлкім сөзім ұнамай ренжіп қалған болуы мүмкін. Бірақ қарғайтындай іс-әрекеттерге бармаймын. Солай болады да. Мен ғашық болсам, ешкімге зиян жасамаймын.

– Болашақ жарың қандай болуы керек?

Болашақ жарым Сәкен ағамның жұбайы сияқты болуы керек (күліп). Өзі – халықтың ықыласына бөленіп жүрген азамат болса, жұбайы – барша қазақ қыздарына үлгі болатын әйел. Көрдіңіз ғой, «тең-теңімен» деген сөз рас. Жалпы өмірде өзің қалай жүрсең, несібең де соған сәйкес болады. Сондықтан өзім дұрыс жүруге тырысамын. Өзім қанша ұнатып тұрсам да, өнерден қыз іздемейтін шығармын. Әйел адам деген – үйдің сәні мен берекесі… Бірақ әзірге үйлену ойымда жоқ, тек шығармашылықпен айналысқанды жөн санаймын.

– Қандай жоспарларың бар?

Жоғарыда атаған «Батырлар», «Бұл қалай» деген әндерімді шығарып жатсам, Алла қаласа  шағын-альбом жасау ойда бар. Содан кейін, Нұржан ағамызбен дуэт жазамыз деп жоспарлап жүрміз. Оған қоса, өнердегі аға-әпкелерім әндерімді алып жатыр.  Камшат Жолдыбаеваға жақында «Қазақ елі», Мөлдір Әуелбековаға  «Балапаным» және Луинаға «Кімсің» деген ән бердім. Бұлар да жақын арада шығып қалуы мүмкін.

– Риясыз әңгімеңе рахмет! Қоржының жақсы әндерге толсын!

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

 

2 пікір

  1. Шоқан, керемет дауыс иесі. тұла бойы өнерге толы қазақтың ер азаматы. Болашағы жарқын, өнері өрге басатына өз басым сенімдімін, әрі тілекшісімін.! Шоқан, арман-мақсаттарына жет!

Пікір қосу