Жас әнші Димаш Құдайбергенов туралы кітап жарыққа шықты. Бұл туралы juldyz.kz порталы хабарлайды.
Кітап туралы филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті, белгілі ақын Оңайгүл Тұржан әлеуметтік парақшасында жария етті.
«Музыка туралы тек музыкатанушылар жазсын» деген Ереже бар болса, мен ол Ережеден кешірім сұраймын. Димаш жандүниеміздегі жансыз дүниелерімізді қозғап жіберді. Біз Димашты тыңдай жүріп, ән тыңдаудың жаңа орбитасына көтерілдік. Өз имиджіміз жайлы жақ ашпаған кезеңдерімізде қанша нәрсе жоғалттық өзі? Димаштың имиджі жайлы жазбау мүмкін болмай қалды. Біз тіпті көрермен туралы бір ауыз әңгіме айтпаппыз. Басқа халықтың көрермені көрермен сияқты да, біздің қазақтың көрермені солардың көрерменіне қол соғушы сияқты. Ендігі жерде олай болмайды. Залда отырған мына Сіз де, сол залдан шығып бара жатқан Ол да – өнерге қанат бітірген құдыреттер. Димаштың өнеріне қол соққан қол шапалағымыздың үні күллі әлемді жалт қаратқандай. Біз тіпті Димаш арқылы өзімізді басқаша тани бастадық. Ал Димаш өз шеберлігін қалай шыңдады? Бойдағы талантты сындырып алмай, шеберлік шыңына көтерілуге бола ма? Өзіңді жаңа деңгейге қалай алып шығуға болады? Менің «Димаш» атты эссе-кітабым осы және басқа да мәселелерді қозғады. Ой қосып, пікір бөліскен Димаштың ата-анасы Қанат пен Светланаға зор алғысымды айтамын. Оқимын десеңіз – мархаббат. Таяу күндері «Меломан», «Flip.kz» кітап сауда желісі арқылы сауда орындарына түседі. Мұндай желіде дүкені жоқ қала, ауылдағы оқырмандарым фейсбук, инстаграм желілері арқылы өзіме жекеге хабарласса болады, көмекші қыздарым сатуды ұйымдастырып жатыр», — деп жазды ол.
Айта кетейік, Димаш Қытайдың «I am sınger» жобасынан үлкен жеңіспен елге оралған еді. Мамыр айында әнші Францияда өтетін Канн фестивалінде құрметті қонақ ретінде ән шырқайды деп күтілуде.