«Аралас» құрамасының ойыншысы, Жайдарманның жарық жұлдызы, үздік ойыншы Ғалым Махамбет өзінің алдағы жоспарлары туралы juldyz.kz порталына айтып берді.
— Өзіңіз және отбасыңыз жайында айтып берсеңіз?
— Мен Қызылорда обылысы, Арал ауданының жігітімін. Руым — Кіші жүз Әлім ұлы. Үйдің үлкенімін. Менен кейін үш інім бар. Қазіргі уақытта ата-анам Аралда тұрып жатыр. Отбасым қарапайым. Үйде ешкімнің өнерге қатысы жоқ. Үйленгенмін. Келіншегімнің есімі — Әсия. Екі ұлым бар. Есімдері Расул және Дарын. Бұйырса, тағы бір перзент күтіп отырмыз.
— Әзіл әлеміне қалай келдіңіз?
— Әзіл ойнауды сол мектеп уақытынан бастадық. Мектепте КВН ойнап жүріп, Жайдарманға келдік. Одан кейін көңілді тапқырлар алаңында өнер көрсеттік. Барлығын сол «Аралас» құрамасымен бастадық. Қазірде жұмыстар атқарып жатырмыз.
— Балаларыңыздың өнер әлемінде жүргенін қалайсыз ба?
— Әрине, балаларымның өнерде болғанын қалаймын.Бірақ , Алланың жазғаны болады. Егер шынымен бойында таланты болып, икемі келіп тұрса, өнердің шыңына шықса деймін.
— «Хелло, ауыл», «Қуырдақ», «Q — елі» сияқты тағы қандай үлкен көлемді түсірілімдерде жүрсіз?
— Қазіргі таңда балам Расулмен бірге «Балапан» арнасында «Күлдір-бүлдір» деген үлкен түсірілімде жүрмін. Негізі түрлі-түрлі жобалар бар ойластырылып жатқан. Бірақ, олардың қайсысы жүзеге асып, қайсысы қалатыны белгісіз. Сондықтан, нақты айта алмаймын. Әзірге, нақтысы «Балапан» арнасында жарық көретін «Күлдір бүлдір» бағдарламасы.
— «Күлдір бүлдір» кімнің идеясымен түсірілуде?
— «Күлдір бүлдір» бағдарламасының идеясын ұсынушылар «Балапан» арнасының қызметкерлері. Олар бізді бірге жұмыс жасауға шақырды. Біз әрине, келістік. Жалпы, «Күлдір бүлдір» әкесі мен баласының арасындағы қызықтардың жиынтығы он минуттық сериал болып түсірілуде. Бұрын-соңды болмаған бағдарлама көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамыз. Көремен бағасын бере жатар. Бастапқы бөлімдерін түсіру оңайға соққан жоқ. Расулға экран, камера алдында жұмыс жасау қиын болып жатыр. Мәтіндегі сөзден бөлек өз сөзін айтып қалатын сәттері болады. Дегенмен, қазір үйреніп келе жатыр.
— Инстаграммдағы Rasul_show-ға видео түсіретін кезде алдын ала балаңызды дайындайсыз ба?
— Rasul_show-ға видео түсірген кезде мен Расулды ешқашан дайындаған емеспін. Өзі күлдіргісі келіп, ашылып отырады. Сол кезде телефонымнан видеоны қосып түсіріп аламын. Соның ішінен қызықты сәттерді салып отырамын. Балама ешқандай әзілдерді үйретпеймін. Өзінің айтқысы келген нәрселерін айтады. Осы нәрсе қазір «Күлдір-бүлдірде» қиын болып тұр.
— Осы күнге дейін қандай марапаттарға ие болдыңыз?
— Мен ие болған марапаттар… (ойланып). Жайдарманда төрт рет «Үздік ойыншы» атандым. Осы күндері жаңадан басталып жатқан Көңілді тапқырлар алаңының «Үздік актері» болдым.
— Өнер саласында білім алғансыз ба?
— Негізі мен мектепті ғана толық бітіргенмін (күліп). Өнер саласында білім алған жоқпын. Жайдарманды мектеп деп жатады. Менің білім алған жерім жайдарман,көңілді тапқырлар алаңы. Осы жерлерде жүріп, біршама тәжірбие жинадым. Авторлық, яғни сценарист осы бойынша арнайы курс оқып алдым. Бірақ, алған білім бойынша жұмыс жасамадым. Маған актерлық жұмыстармен айналысқан ұнайды.
— Қазіргі жайдарманда жүрген қай команданы үздік деп білесіз?
— Жайдарманда мықты командалар көп. Мысалы, Ақтөбенің Фемидасы, Атыраудың Сағыз құрамасы, Жетісайдан Сырдария және Гранд, Элемент, Арқалықтың қыздары. Жалпы, жаман емес. Маған көп командалардың өнері ұнайды. Оларға жанкүйер боламын. Барлығы алдағы уақытта биіктен көрінеді деп сенемін.
— Осындай үлкен сахнада , телеарналарда жүрсіз. Алдымен кімге алғыс айтасыз?
— Алғысым бірінші Аллаға. Содан кейін,себепшілер әрине командам Араласқа және жетекшіміз Төребекке, қаншама қолдаушыларымызға, тілекшілерге,командада бұрын ойнаған бауырларыма ризамын,алғысымды білдіремін.Сонымен қоса, Есен ағаға, Жайдарманның ұжымына, Тұрсынбек Қабатовқа көп рахметімді айтамын. Алла разы болсын!
— Жайдарманшылар отбасыларын қалай асырайды?
— Осы сұрақ әрбір жайдарманшының отбасынан күнделікті естіп жүрген әңгімесі. Жайдарманда ақша төленбейтіні рас. Бірақ, жайдарманшылар, яғни әзілкештер тапқыр адамдар. Олар қалай болса да жұмыс тауып жасайды. Қазіргі таңда әзілкештерге жұмыс тіптен көп. Түрлі кештерді жүргізу,той басқару. Бүгінде актер немесе автор, телевизиялық жобалармен айналысатындар, вайн түсіріп тіршілік етіп жүргендер жетерлік. Жалпы, ақша табамын деген адамға жұмыс табылады.
— Rasula_show немесе өзіңіз жарнамаға түсесіз бе? Жалпы, балаңыздан вайнер шығаруды ойлайсыз ба?
— Расулды вайнер қылып шығарамын деп ойлаған жоқпын, ойламаймын да. Rasul_show деген жай Расулдың альбомы ретінде суреттерін,қызықты сәттерін салып отырамын деп ашылған парақша. Жәй ғана парақша, арнайы мақсаты жоқ. Адам жинау,лайк жинау, жарнама жасау деген тіптен ойда жоқ.
— Өнердегі басты мақсатыңыз қандай?
— Шынымды айтсам, өнерге белгілі бір мақсат қойып келген жоқпын. Бәріде өз сәтімен болып жатыр. Барынша халыққа жаңалықтарды әзілмен жеткізу. Бар мақсатым сол.
Сұхбаттасқан Мейірім Бақытбекқызы