«Ringo» тобының солисті, сазгер Батыр Байназаров отандық «Көзайым» телехикаясына түсіп, өзін жаңа актерлік қырынан танытты. Бұл туралы brod.kz жазады, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы.
Басты рөлді сомдаған әнші телекөрермендердің көңілінен шығып үлгерді. Батыр кинодағы кейіпкері мен түсірілім жұмыстары және алғашқы актерлік тәжірибесі жайында «Бродвей» кинопорталына айтып берді.
«Басында мен хикаяның композиторы ретінде бекітілген едім. Алайда, картина продюсері Салтанат Қалиевамен кездесу барысында маған кастингке қатысып көру туралы ұсыныс түсті. Бала кезімнен актерлік салаға қызығушылығым болғандықтан, тәуекелге бел байлап кастингке қатыстым. Осылайша, екі апта өткен соң, мені қайтадан кездесуге шақырды. Бұл жолы хикаяның режиссерімен кездесіп, нәтижесінде бейнесынама жаздық. Осыдан кейін, мені Еркебұлан рөліне арнайы бекітті»,- деп сырымен бөлісті Батыр Байназаров.
Көпсериялы «Көзайым» фильміндегі оқиғалар желісі біздің бүгінгі күнімізден сыр шертеді. Басты кейіпкердің бірі Еркебұлан – дәулетті отбасында өскен, «жоқ» деген сөзді естіп көрмеген жігіт. Сондықтан, сүйкімді Көзайым оның ұсынысынан бас тартқан кезде, қалайда өшін алмақ болады. Уақыт өте келе өшпенділік басқа сезімге ұласып, басты кейіпкерге қиын таңдау жасауға тура келеді.
«Кейіпкерім екеуіміздің арамызда ортақ нәрселер мүлдем аз. Біріншіден, сценарий бойынша Еркебұлан менен 10 жасқа кіші. Екіншіден, ол дәулетті отбасында туып-өскен, ақшасын оңды-солды шашатын жігіт. Ал мен қарапайым отбасында тәрбиелендім. Мінезіне қатысты айтар болсам, кейіпкерім әр хикая барысында жаңа қырынан танылып отырады. Түсірілім жұмыстары жеңіл өтті. Камера алдында жұмыс істеп үйренгенмін, бірақ мәтін жағынан біраз қиындықтар туындады. Өмірде күнделікті көп қолдана бермейтін сөздерді қарапайым тәсілмен жеткізу оңай болмады. Дегенмен, режиссерлардың кеңестерінің арқасында және түсірілім тобының қолдауымен өзіме жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындап шықтым деп ойлаймын»,- деп сөзін аяқтады актер.
Айта кетейік, «Көзайым» телехикаясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша «Bas dala group» шығармашылық бірлестігімен түсірілген.