Астанада «Хабар» агенттігінің құрамындағы жаңа «Ел Арна» телеарнасының тұсаукесеріне қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жаңа арнаға үлкен үміт артылып отырғанын айтып, телеарналар жыларман, қайғылы түрік фильмдерімен көрермендерді жалықтырғанын мәлімдеді, — деп juldyz.kz порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап жазады.
«Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Қазақстанның телеарналарында ылғи бір баянсыз махаббат, тұрлаусыз өмір кешкен, жыларман, қайғылы түріктің фильмдерін көрсетумен жалықтырды. Бітпейтін бір сондай фильмдерге тап болдық. Халқымыз, әсіресе, ауылдағы халық сусап отыр. Қалада әйтеуір кинотеатрлар бар, ал ауылда олар жоқ», — дейді Жолдасбеков.
Мырзатай Жолдасбеков қазақты қазақтан басқа ешкім жарылқамайтынын алға тартты.
«Несін жасырамыз, қазаққа қызмет ететін уақыт болды ғой. Өзгенің маңдайынан сипап, өзгені жетектеп, өзін жарқылқамай қалған халықпыз. Қазақты қазақтан басқа ешкім жарылқамайды. Сондықтан қазақтың маңдайынан сипап, арқасынан қағатын уақыт келді», — деді қоғам қайраткері.
Мырзатай Жолдасбеков тұтас фильмге арқау болатын қазақта біртуар тұлғалар көп екенін атап өтті.
«Біздің тарихымызда небір тұлғалар бар. Даналарымыз туралы фильмдер түсірілсе деймін. Күлтегін батыр, бер жағында Бұқар жырау, кешегі халықты отырғызып, тұрғызған үш би туралы түсіруге болады… Мұқағали туралы да фильм түсірілсе жақсы болады», — деді ол.