Бүгін еліміздің батыс өңірінің тұрғындары Амал мерекесін тойлауды бастап кетті. Бұл мейрамның халық арасында бірнеше атауы бар. Оны кейде «Көрісу», «Қауышу» күні деп те атайды. Қалай десек те, мереке қыстан аман-есен шыққан жұрттың бір-бірін түгендеп, алыс-жақынымен көрісетін күні. Наурыздың 14-і елімізде ресми мейрам болмаса да, батыстағы әр қазақ оны асыға күтеді. Сонымен, Амал мерекесін ел-жұрт қалай атап өтеді?
1918 жылы Ресей Батыс Еуропа күнтізбесіне ауысқан сәттен бастап, ескіше 1 наурызда тойланатын «Көрісу» 14 наурызға дөп келген.
Амал мерекесінің рәсімдері
14 наурыз күні таң қылау бере бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қариясы бар үй ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады.
Бұл күні қазақтар бір-бірімен төс қағыстырып, қауышады. Өкпе-реніштер кешіріліп, татуласады. Адамдар мереке күні қараңғы түскенше барлық туған-туыс, достарын аралап, мейлінше көп үйдің есігін ашуы тиіс. Амалдың бірінші амалы — көрісу. Қазақ халқы «көрісу» рәсімі арқылы бір біріне «Жыл құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деп тілейді. Жастар үлкендерге сәлем бере барады. Сәлем бере отырып, бата сұрайды. Мереке күні ешкім ешкімге ренжімегені абзал. Адамдар үй ішін жуып, тазалап қояды. Бұл күні адамдар жаңа немесе таза киім киіп шығады. Әр үйде бауырсақ, жеті шелпек пісіріліп, дастархан жайылады. Оған арнайы ешкімді де шақырмайды, дастархан күні бойы жиылмауы керек.
Отпантаудың басында от жағу
Ол жақта осы жаңару мейрамын теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан Отпантауда атап өтуді әдетке айналдырған. Амал мерекесі қарсаңында, яғни, наурыздың 13-нен 14-не қараған түні ежелгі дәстүр бойынша Отпантауда «Бірлік оты» жағылады. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, жаугершілік заманда Маңғыстау түбегін мекендеген қазақтар Отпанның басында от жағу арқылы жаудың келгенін хабарлаған. Оны «Ұран оты» деп атаған. Отпан тау басындағы Амал мейрамын ұйымдастыруды өткен жылы Ер Қосай (Түркіменадай) руының азаматтары абыроймен атқарды. Ал биыл бұл игі істі Тәзіке руынан тараған ұрпақ мойнына алған еді. Осылайша 13 наурыз күні сағат 20:00 шамасында Отпан Тауда от жағылды. Сөйтіп Қаратаудың ең биік шоқысында биыл бейбітшілік пен бірліктің отын Тәзіке ата ұрпақтары маздатты.
Бұл мейрам туралы еліміздің Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан өзге аймақтар көп біле бермейді. Айта кету керек, соңғы кездері осы күнді Наурыз мейрамы ретінде тойлау керектігі жайлы мәселе қозғалып жүр.